Ел перзентi

Саналы ғұмырын халқына қалт­қысыз қызмет етуге арнаған киелі Түркіс­танның төл перзенті Жарылқасын Әзірет­бергеновтың 58 жылды еңбекпен өрнек­тегенінің өзін өнеге дер едік. Педа­гогикалық институтты бітіріп, еңбек жолын өзінің туған ауылында ұстаздық етуден бастаған елжандылығы ерен жастың текті әулетінің тамырынан тараған асыл қасиеті оны қарапайым қалың елімен бірге болуға қалыптастырды. Туған ауылының абыройын асқақтатып, жерлестерінің намысына тиерлік келеңсіздіктерді бол­дыр­маудағы күрескерлігімен осындағы жастар ұйымына жетекшілік етудің сеніміне ие болды. Табиғи болмысынан зерек те, алғыр ойлы, іскерлік қабілетті ерен жастың бастамашылдығы мен атқарылған игі істердің жетістігі аудан көлемінде ғана емес, облыста үлгі-өнеге болып ұсынылатын болды. Қашан да қалың жұртшылықтың ортасынан табылатын да, оны ұршықша иіріп әкетуге қабілетті жас 29 жасында ауданның іргелі шаруашылығының бірі – осы Аман­гелді ұжымдық шаруашылығының партия комитетінің секретары болып сайланады. Ел-жұртына жасаған адал қыз­метінің арқасында абырой биігінен көрінген нағыз мемлекетшіл азамат осы колхоздың председателі болып сай­ланып, туған жерінің өркендеуіне өлшеусіз еңбегін сіңірді. Бұл ұжымдық шаруа­шылықтың ынтымақ пен бірлікке негіз­делінген жетістіктері республикаға танымал болды. Сондықтан болса керек, 1989 жылдың соңына қарай Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда өткен «Бастауыш партия ұйымдарының республикалық кеңесіне» Ж.Әзіретбергенов те шақырылады.
Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасының досы
Осы алқалы жиында сөйлеген Ж.Әзірет­бергенов өзінің қай жерде болмасын, қашан да жылтыратып «дежурный» сөздерді айт­пайтын дағдысына басып, еліміздің қоғамдық тынысына бір өзгерістің келіп тұрғанын дөп бас­қандай көрсетеді. Шалғайдағы ел тынысының барысын көлегейлемей, алдағы келер қиын­дық­тардың жайы туралы орнықты ойларын ащы да болса, ашып айтады. Қазақ елінің іргесі сөгілмейтіндігіне нық сенімін асқақ үнмен айтқан Жақаң ұлы бабаларымыздың ел басына күн туғанда елдің ынтымағы мен бірлігін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай» етіп ұстағаны мына бүгінгі барша қазақстандықтардың өнегесі болып табылатынын түйіндегендей етіп, оған баршамыздың адалдық танытуымыз керектігін де көрсетіп өтті.
Жақаңның сөздерін ыждағаттықпен тыңдап отырған Нұрсұлтан Әбішұлы ел перзентінің үнін есіткендей серпіліспен сауал қойып, көптің көңіліне қонымды жауап алғанына ризашылығын білдіреді. Жақаң осы жиында жаңа құрылған Кеңестің мүшесі болып сайланумен бірге, Кеңестегі «Бастамашыл топтың» жетекшісі болып бекі­тілді. Орталық Комитет бұл топқа арнайы жұмыс кабинетін бөліп беріп, Жақаң 2,5 жылдың жүзін­де осы жерде жұмыс істейді.
Уақыт талабымен нарық қатынасы дендеп, қоғамдық құрылымға енетін өзгерістерге елді дайын­дауда Н.Назарбаевтың басшылығымен қолға алынған ерен істердің қасында Ж.Әзірет­бергенов басқаратын «Бастамашыл топтың» іс-қимыл көрсеткені тарихтың бетінде қалды. Жақаңа Н.Назарбаевпен қаншама рет жеке сұх­бат­тасуына да, жиындарда ой-тұжы­рым­­­дарын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін біл­діруге де тура келді. Кемел ойдың кемеңгері Нұрсұлтан Назарбаев Ж.Әзіретбергеновтың боя­масыз сөйлеп, туралықты тайсалмай айтатын азаматтың болмысына тәнті болып, терең ойлы үлкен парасат иесі екендігін танығандығынан шығар, бертінде «Досым» деген сөзді ілтипатпен айтқаны.
Елімізде 2005 жылғы тамыз айында мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ел тынысын көзбен көріп, құлағымен есітіп, ел-жұртпен байланыстың бір түрі ретінде өткізетін «Телекөпірде» осы жайтты республика жұртшылығының алдында жайып салды. Мемлекет басшысымен өткізіліп жатқан «Теле­көпірдің» байланыс кезегі біздің облысқа келгенде телеэкранға түркістандық ақсақал Жарыл­қасын Әзіретбергенов шықты. Хабар жүр­гізудің тәртібіне орай Жақаң өзін таныстыра бас­тағаны сол еді, Президент Н.Назарбаев арғы жақтан: «Жарылқасын! Сен менің ескі досым едің ғой. Танымай қалды деп тұрсың ба? Әңгімеңді айта бер», — деді жылы жымиып тұрып.
Кейін де ел Президенті Н.Назарбаев киелі Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келіп жүр­генінде «ескі досымен» арқа-жарқа жүздесетін болса, 2005 жылы өткен Президент сайлауынан кейін Жақаң инагурация салтанатына арнайы шақырылып, облыс әкімі Б.Жылқышиевпен бірге салтанатқа қатысып қайтыпты.
“Ауыл” сөзін ресми тіл ретінде тіркеткен де Жақаң
Қазақ халқының дана туған, дара тұлғалы перзенті Нұртас Оңдасыновпен Жақаң бір ауылд­ың тумасы. 1989 жылы фәнилік болған ел арысының аманатымен оның денесі Мәскеуден Шымкентке ұшақпен жеткізіліп, киелі Түркіс­тан­ның түбіндегі қазір Нұртас Оңдасынов ауылы аталатын (Жайылма) жердегі әкесінің қасына жер қойнына тапсырылады. Еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін соңғы сапарға шығарып салудың ғана емес, оның екінші ғұмы­рының баяндылық табуының тауқыметі де Жақаң­ның еншісінде болғанын ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
Ер есімін есте қалдыру үшін өткізілген азалы жиында сөйлеген Жақаң өзінің: «Халқының аяулы ұлы болған Нұртас Дәндібайұлының екінші ғұмыры енді басталады» дегенін баянды ету үшін елеулі іс атқарғанын көкірегі ояу, көзі қарақты көпшіліктің біліп отырғаны баршамызға аян. Қазақтың көр­некті қайраткерінің туылғанына 90 және 100 жыл толуы республикалық деңгейде аталып өтті. Облыс аума­ғында Н.Оңдасынов атында 4 мектеп бар болса, оған Ақтауда тағы бір мектеп қосылды. Еліміз­дің ірі қалаларында Н.Оңдасынов атындағы көше бар болса, жыл сайын оның саны көбеюде.
Қазақ ономастикасында «ауыл» сөзінің ресми тілдегі сөз ретінде тіркелуі тікелей Нұртас Оңда­сыновтан басталды десек қателеспейтін шығар­мыз.
Ж.Әзіретбергенов ел арысының есімін туған ауылына беру үшін құжаттарды «Нұртас Оңда­сынов ауылы» деп дайындап, облыстан респуб­ликалық ономастикалық комиссияға дейін жет­кіз­генде олардың «село» сөзінен құтыла алмай, ел Үкіметінің есігін тоздыруына тура келеді. Сол жерден ғана қазақ сөзінің қадірін біліп, уәжге тұратын басшыны тауып, «село» сөзінен құтылуының арқасында 1991 жылы Үкіметтің «Нұртас Оңдасынов ауылы» атауы берілсін» деген қаулысын шығартады. Табандылықтың тала­бымен қол жеткізілген игі іске орай қазақтың ұлтжанды асқаралы азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің бірде Жақаңды кездестіргенде: «Жақа, сіз Үкіметтің қаулысына «Ауыл» сөзін жаз­дыртып, барша қазақ құтыла алмай қойған «село» сөзінен құтқардыңыз ғой. Ел Үкіметінде өзіңіз шығартқызған қаулыға дейінгі және кейінгі шық­қандарының мәтінін салыстырып көріңізші, тарихқа да тамшыдай үлес қосқаныңызды көре­сіз»,-деп өзінің шынайы ризашылығын білдіріпті.
Саудаға түскен мандат және Жақаң
Түркістан қаласындағы ірі мекеменің басшысы болып істеп келе жатқан С.Т-ның қалалық мәслихаттың депутаты ретінде де өз сайлаушыларымен етене араласып жұмыс жасайтындығы баршаға аян болатын. Десе де, кезекті сайлауға өз округінің үміткері болып қатысқан С.Т-ны сайлаушылары дауыс бердік дегенімен, сайлау комиссиясы хаттамасы өзгеріп шыға келеді. Мұны есіткен сайлау округіндегі тұрғындар наразылық көрсетуге жиналғандарын суретке түсіріп, мәселенің шындығын анықтауды ешқандай тексеру органына емес, қалалық ақсақалдар алқасына тапсыруды сұрап, әкімге талап-тілек хаттарын тапсырады.
Шарасыз күйге түскен қала әкімі Ж.Әзірет­бер­генов ақсақалдан осы мәселені шешіп беруді сұранады. Жақаң: «Шындыққа тұрсаң барамыз. Ескі әуендеріңе салып, ақсақалдарды абырой­сыз ететін болсаң, біздің басымызды қатыр­ма», -дейді қасқайып тұрып. Әкім шындыққа тұра­тынына уәде береді.
Қалалық ақсақалдар алқасының мүшелері түгелге дерлік осы өткір мәселенің шындығын шығару жолында екі күн бойы сайлау округіндегі тұрғындармен тиянақты жұмыс істейді. Көше жиындары өткізіліп, дәйекті дәлелдемелердің жинақ­талғанына құжаттама жасалынып, онда сайлау­да С.Т-ның басым дауыс алғандығы көрсе­тіледі.
Жүргізген жұмыстарының нәтижесін қала әкімі­не жеткізген Ж.Әзіретбергенов: «Шын сай­лан­ған депутаттың мандатын бер, болмаса құқығы тапталған халықпен өзің сөйлесіп ал», — деп шығып кетеді.
Келесі күні жұмыстарында асығып жүріп тех­никалық қателікті жібергендерін мойнына алған комиссия қала әкімінің алдында депутат болып шын сайланған С.Т-ға депутаттық мандатын тап­сыруға мәжбүр болады.
Осы депутат болып сайланған шығыс өңірінің төл тумасын жатсынып, бөлектемей, әр қазақ­тың баласының абыройын қорғап, әділеттің ақ жолынан аттамауды нақты істерімен өнеге көр­сеткен ақсақалдарымыз көбейе бергей.
Асқар таулар аласармайды
Ел жанашырларының үні қашанда өктем шыққан. Олар ел мүддесін жеткізіп, туралықты ту етіп көтеруді кез-келген жерде қасқайып тұрып айта алған. Сол бір ел перзенттерінің соңғы тұяғындай, кейінгі 50 жылда есімі аңызға айналған оңтүстіктің бел баласы Төлепбек Назарбеков болса, ер тұлғалы ұландарымыздың енді бүгін­дегі ізін жалғастырған өңірдің абыз ақсақалы Жақаң болып тұр десек қателеспеген болар едік. Елдің ішкі тыныс-тіршілігін жетік білетін, халқына адалынан қызмет істейтін жігіттерді қиян­нан көзі шалып отыратын ер Төкеңнің сондайлардың аяғын шалуға жаны қас болатын. Соның бір мысалы, Келес мақта совхозының дирек­торлығына өз еңбегімен көтерілген Ө.А. деген жігітті қызметке облыс басшысы жібермей отыр­ғаны құлағына жетеді. Сол жігіт жайлы мән-жайға қаныққан Т.Назарбеков телефонды алып, тікелей облыс әкімі З.Тұрысбековке звондағанында: «Зауытбек, сендерде Сіргелінің жігіттерінен совхоз директоры тағайындалмасын деген «уста­новка» бар ма? Директорлық қызмет саған керек пе? Әлде маңдай терін төккен Келестің диқандарына керек пе, соны ойлауға өресі жететін азамат емес пе едің?»-деп трубканы орнына қоя салады. Төлепбек ағасының алдын көрмеген әлгі жігіт екінші күні совхоз директорлығына бұйрығын алып, жұмысқа кірісіпті.
Қаладағы Қажымұқан стадионы жанында 2000 жылы Наурыз мерекесі ұйымдастырылды. Бір кезде Төкең кірген алты қанат ақ үйге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп, өз нөкерлерімен бірге кірді. Сәлем беріліп, мерекелік құттықтау тілектерінің толастаған бір сәтінде абыз ағамыз Төкең облыс басшысы Б.Сапарбаевқа қарап: «Бердібек, Шымкенттің қатындары да бала туға­нында қалжа жеген. Оңтүстіктің жігіттері республиканың төрт бұрышында қызмет істегенде абыройлылығымен танылған. Сен Ауғанның Кандагарына келген жоқсың. Оңтүстік те сенің шапқылып өскен жерің. Облыс әкімі аппараты басшысын, қаржы-шаруашылық меңгерушісін Қызылордадан ертіп келуге не қажеттілік туды? Олар облыстың төрт бұрышын бес саусағындай білетін, ал ел-жұртын жетік танитын «білгіштер» болғаны ма?
Облыстың тізгіні сенің қолыңа берілді, мына елдің ендігі иесі де сенсің. Ел еңсесін жиған соң, облысқа орталықтан көрсететін қолдау да күрт өсті. Енді елді тығыз топтастара біліп, ел азаматтарына жұмыс істеткізе білу ғана қалды.
Бердібек, сен менің сөзімді Шымкенттің ақсақалдарының кадр саясатына араласқаны ғой деп қабылдама. Қайта шынайы жанашырдан кенде болмаймын деп қуан. Қазақстанның оңтүстігін біз өзіміздің ғана емес, исі қазақтың абыройы, ар-намысы деп білеміз. Ел басқару ісінде ұлы бабаларымыздың «ой ойласаң –кең ойла, кең ойласаң – тең ойла» деген даналығын есіңе салуды артық емес деп ойладым»,-деген еді төгіле сөйлеген ел абызы.
Бүгінде басшылардың алдында ел жағдайын ашып айту қалып барады. «Заманына қарай қасқыр ұлидының» кері ме, бүгінгі ақсақалдарымыздың дені «әкімқараны» көрсе, мақтаудан басқа сөз білмейтін «попугайға» айналды. Әсіресе, әкім­дердің есеп беруін аға буынның ода-жыр оқитын мүшәй­расындай еткеніміз өкінішті-ақ. Соңғы жылдарды облыс әкімі есеп бергенде екі-ақ рет сыни пікір айтылыпты. Оның бірі киелі өңірдің ғұлама перзенті, марқұм профессор Әмір Мұса­құловтың 2017 жылы облыстың идеология саласындағы жұмысқа шынайы жанашырлықпен сындарлы пікір білдіргені болып еді.
Облыс халқының дала төсін еміп, оның ішінде суармалы жердің арқасында бала-шағаларының нәпақасын тауып отырғанын жақсы білетін Жақаңдай ел жанашырын ағын суды пайдаланатын қарапайым диқандарды судан қысып тастауға, каналдарға билігі жүретін «байшыкештердің» және оған көзін жұма қарайтын су шаруашылығы мекемелер басшыларының немқұрайдылығы қатты алаңдататын. Ж.Әзіретбергенов бұл өткір мәселені тиісті жерлерге жеткізіп те көрді. Биліктің мән бермейтіндігіне көзі жеткен соң, Жақаң облыс әкімінің 2018 жылғы есеп беру жиналысында бұл мәселені салмақты да, салиқалы сөз арқауы­на айналдырды. «Дежурный» сөзді «даныш­пан­­дардың» жарапазаны жиналған жұрт­шылықты жалықтыра бастаған кезде сөз сұрап, мінберге көтерілген ел жанашыры Жақаңның жай оғындай жарқылдаған өткір ойлары мен дәйекті дәлелдермен өрілген «Жанайғайы» бар­шаны ұйқысынан оятқандай еткенінің еріксіз куәсі болдық. Алты ай жаз аптап ыстықтың астында күнге қақталса да, дала қосынан кет­пей тырбаңдап, өнім алуға қолым енді жететін болды деген кезде су берілмей, енді бәрінен айырылатын күйге түскен диқанның кейпін Жақаң төгілте айтқанда тебіренбеген тыңдарман бол­­маған шығар.
Бір кездері ел Президенті Н.Назарбаев су қоймалары мен бөгеттерін мем­лекеттің бақы­лауына алып, дала диқандарына ағын суды дұрыс жеткізіп беруді ретке келтіруге нақты тапсырмалар бер­генімен, оны жергілікті атқару­шы орган әлі күнге дейін орындай алмай отырғанын айтып, қайта беталдылықтың орын алуына мақтаралдық «Жылы су» каналын білдей бір ұжымнан бір қалталы байдың заңсыз тартып алға­нына дейін айта келіп, фактілерді онд­ап келтіруге бола­ты­нын ашып сөз етті.
Халық үнін тыңдауға құлықсыздықтан шығар, өңір жұртшылығының жандаусын есіткен облыс­тың экс әкімі Ж.Түймебаевтан бастап бір мем­қыз­мет­кер «былқ» ете қоймайды. Жаздың соңғы айында Түркістан аумағы суға зар болып қалды. Амалсыз Түркістан қалалық мәслихатының 9 депутаты облыстық су шаруашылығы мекемесінің мамандарын алып, Арыс-Түркістан каналына су беретін Бөген қоймасына барып, судың босатылу жүйесіне тексеру жүргізген. Есімдері Астанаға белгілі, мүйізі қарағайдай 3 жоғары лауазымды шендінің пайдалануындағы 3 мың гектар жерге берілген судың да, оған төленбеген суақы­сының із-түзі жоқ болып шығады. Бұл нағыз қылмыстық заң­бұзушылық болатын. Тиісті құжаттар жасалын­ғанымен, бәрі де тым-тырс күйінде қалды. Осы бір арты үлкен шуға айналатын сорақылықтың басы­лып қалуына туған жерінің абыройын сақтауға барын беруге дайын Жақаң араласқан болса керек деген әңгіме еміс-еміс айтылғанымен, соңғы нүктесі қойылмай жүр.
Бірақ, Ж.Әзіретбергеновтың елімізге танымал тұлға Өмірзақ Шөкеевтің облысқа басшы болып келгені жақсылықтың нышаны болды деп жадырай сөйлегенін құлақ естіді. Ол кісінің су қоймалары мен бұғаттарына бақылау жасау мемлекеттің ен­ші­сінде болатындығына, Үкіметтің қаулысы іскер басшы Ө.Шөкеевтің бастамашылдығымен қабыл­­дан­­ғанына шүбә келтірмейтінін нық сенім­мен айтқаны бар.
Ұлт құндылығын бағалау
90 жылдардың соңына қарай ел еңсесі тіктеліп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқын алуымен қатар, батыстың «жабайы демок­ратиясы» да тыныс-тіршілігімізге дендей еніп, руханият әлеміндегі жабайылыққа бетбұрыс өрши түсті. Түркі әлемінің адамзатқа өнеге болған ұлттық құндылықтары ұмыт қалғандай қастерлі салт-дәстүріміз шеттетіле бастағанын да, жұртшылық арасында рухани азғындаудың көрініс бере бастағаны да өзекті өртей түсті. Түбі бір түркі әлеміне көз салғанда, көрші отырған өзбектің өзінде ұлттық құндылықты сақтаудағы рухани тазалығы ойға орала берді.
Ж.Әзіретбергенов бастаған ақсақалдар алқа­сының бір топ мүшелері 2008 жылы Ташкент қала­сына жол тартты. Себебі, 5 миллион тұрғыны бар Ташкент қаласының тыныс-тіршілігін әдептен асыр­май, өрескел көріністердің беталдылыққа кетуіне жол бермей, ел тізгінін ұстап отырған Махалла комитеттерінің жұмысымен жете танысып, жақсылықтың үлгі-өнегесін алу қажет-ақ еді. Түркістандық ақсақалдар Ташкенттің аудан­дары мен Махаллаларын аралағанда, ірі шаһардың тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтаудың реттілігіне еріксіз тәнті болды. Оның бар сыры – қала тіршілігін бақылаудың құзыреті Махалла комитетінің қолында болса, оның өзі республика президенті Ислам Каримовтың қол қойып бекіткен Махалла «Ережесін» әрбір өзбек мүл­тіксіз орындайтындығында еді. Дау-жанжал, қандай бір келеңсіздік болмасын, бәрі Махалланың өзінде шешіледі.
Өзінің көрген-білгенін саралаған түркістандық ақсақалдар Түркістан аумағында алғашқы жұмысты қолға алғанымен, жергілікті билік органы тарапынан қолдау болмаған соң, тиісті дең­гейден көріне қоймады. Арада он жыл өткенде Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланып, енді түркістандықтарға қанат бітіргендей болды.
Елге өнеге – Түркістанда той түнгі 23:00-де аяқталады
Ақсақалдар аудан әкімінің қолдауымен Жүйнек ауылында рухани жаңғыруды іске асырудың нақты жұмысын бастап жіберді. Қарапайым халық ізгі бас­­таманы қызу қолдауға шықты. Бір жылдың ішінде бірнеше ауылдан түрлі органдарға жазылған арызды қайтарып алып, оның 61-ін ауыл­дың өзінде шешіпті.
Ел іші болған соң кездесетін дау-жанжал, арыз-шағымдар, бір ауылда, бір көшеде отырып соттасу сорақылықтары енді ауыл ақсақалдары алқасын айналып өтпейтін болыпты.
Тіпті, жуырда ғана еліміздің бас телеар­насы­ның «Бір сұрақ» бағдарламасының өзінде Түр­кістанда тойдың түнгі сағ. 23:00-де аяқталатындығы бүкіл елімізге үлгі-өнеге ретінде айтылды:
– Ортақ пәтуаға келуден кейін пада шығару, ұсақ малды бақтыру, жылқы ұстауды ретке келтіру, ағын суды тәртіппен тиімді пайдалану, түнге қарай ауылда халық жасақшыларының кезек­шілігін тұрақты ұйымдастыру жүйелі жолға қойыл­ды;
– Бір жігіті үйленсе, 20 жолдасы 30 мың теңгеден жиып, 2 күнге созатын ырду-дырдуы тоқта­тылып, енді 600 мың теңге қалыңдық әкелуге бара жатқан жігіттің қолына берілетін болды;
– Жастардың бұрынғы «свиданкіге» 5-6 «Лиму­зин», 20 шақты «иномарка» жалдауы да ретке кел­тірілді;
– Той-қуаныштар, жерлеу рәсімдерін өткізу­дегі даңғазалық пен ысырапқа жол беру де тоқтатылып, ортақ пәтуаның жүйесімен тірлік істеу бірізділікке түсірілді;
– Кісісі қаза болған қаралы үйде қазан-қазан ет асылып, палау басу өрескелдігі түсіндіріліп, ол үйде 3 күнге дейін тамақ тарату тоқтатылды;
– Жаназадан кейін ру-руға, ата-атаға шапан тарату және құдалықта бірнеше үйдің киіт берудің жорал­ғылары тоқтатылды;
– Маскүнемдікке салынуға, есірткіге тәуел­ділікке жол бермеу жұмысының нәтижесінде бұл жақтың өмір тынысы өзге аймақтардан өзге­шелеу болып келетініне ешкім де шүбә келтіре алмайды.
–Түркістанның үш ауылының дүкендерінде арақ сатылмайды, ал ауылдағы қуаныш іс-шара­лары спирттік ішімдіксіз өткізіледі;
– Ауылдағы отбасылардың тірлігіндегі бірлік пен татулық та ақсақалдардың бақылауына алынып, келіннің ажырасып кетіп қалмауы, қыз­дың байдан қайтып келмеуі, яғни ауыл-елге намыс боларлық сорақылық сол өңірдің ардақты ақсақал­дарының арқасына аяздай бататын деңгейге жеткен.
Бүгінде Түркістан қаласындағы облыстық ақсақалдар алқасы қала әкімдігімен тығыз байла­ныса отырып, заманауи талапқа сай көркейген қаланы жасауға кіріскен. Олар қаланы 8 шағын ауданға бөліп, сол жерлерде көше комитеттерінің жұмыс істеуін өмірге әкеліпті. Қаладағы әрбір отбасы өзінің үйінің тұсындағы көшені көгал­дандырып, көше тұсының тазалығын қатаң сақ­тауға міндеттеліпті.
Қала көшелеріне ақсақалдар алқасының баста­машылдығымен биыл 40 мың түп сәндік ағаш отырғызылып, 100 000 түп гүл еккізіліпті.
Қаладағы көп балалы аналар мен аз қам­тамасыз етілген отбасылар үшін қайырым­дылық дүкенін ашып, киімдер мен азық-түліктер ақса­қалдар алқасы­ның ұсынысымен тегін беріліп тұрады.
Ел игілігі үшін киелі Түркістанда атқарылып жатқан жарқын істердің басында Жақаңдай ел ағасы­ның жүргенін мақтаныш ету керек-ақ шығар, әсте.

Оңғар Тәжиев, бас редактор,
Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы

«Қазақстан жолы» газеті №24(750) 28.06.2019жыл

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.