МАҚТАШЫЛАР СЕМИНАР-КЕҢЕСТЕ БАС ҚОСТЫ

Мақтаарал ауданындағы «Дильшод» шаруа қожалығында мақта терім науқанына байланысты арнайы семинар-кеңес өтті. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов төрағалық еткен жиынға ауылдық округ әкімдері, ғалымдар, жер және ауыл шаруашылығы бойынша басшылар мен мамандар, шаруа қожалық төрағалары қатысты.

Семинардың күн тәртібінде топырақтану саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар және инновациялық технологияларды пайдалану арқылы дайындалған «БиоЭкоГум» препаратының қасиеттері жөнінде мәселелер талқыланды.

Жиынның практикалық бөлімінде семинарға қатысушылар «Дильшод» шаруа қожалығының мақталық алқабын аралады. Қожалықтың жалпы жер көлемі 28,04 гектарды құрайды. Мұнда мамыр айының басында «С-4727» атты ақ алтын сорты егіліп, жерді құнарландыруға арналған «БиоЭкоГум» препаратын қолдану арқылы гектарына 30 центнерден аса өнім алынып жатыр. Бұл тәжірибені басқа да шаруа қожалықтары қолдану керектігін қожалық басшысы атап өтті.

Мұнан соң семинардың теориялық бөлімі басталып, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ө.Мырзамданов күзгі жиын-терім науқанының барысы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, топырақтану саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының бас директроы Абдулла Сапаров, инновациялық әдістерді пайдалану арқылы дайындалған «БиоЭкоГум» препаратының қасиеттері және осы препаратты пайдалану арқылы мақта дақылының өнімділігін арттыру бойынша «Дильшод» шаруа қожалығының басшысы Рахмон Халиков сөз сөйледі. Ауыл шаруашылығы саласының басқа да өзекті мәселелері жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының сарапшысы Тұрсынбай Бердалиев өз ойымен бөлісті.

Айта кетейік, биыл мақтааралдық диқандар 38 мыңнан аса гектар жерге мақта шитін сепкен болатын. Қазіргі таңда мақта терім науқаны жаппай басталып, мақташылар 2 мың тоннадан астам ақ алтынды қамбаға жинап үлгерді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.