БАЙДУВАЛИЕВТІҢ БАЙБАЛАМЫНАН КЕЙІН ШЫНДЫҚ «ШЫМКЕНТШЕЛЕУДІҢ» ШЫҢЫРАУЫНА ҚҰЛАП КЕТПЕЙ МЕ?

Жуырда Шымкенттегі клиникалық балалар ауруханасының зертханасында қызмет істейтін дәрігер-лаборант пен фельдшер-лаборант есіткен жанның аза бойы тік тұратын сұмдық туралы мәлімдеме жасады. Жеп отырған нанына адалдық танытып, мұндағы сорақылыққа төзгісіздік көрсеткен екі ақ халатты абзал жанның «жанайғайына» немқұрайдылықпен «шымкентшелеуді» көрсеткен Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының «солқылдақтығынан» дер кезінде анықталуға тиісті мәселе қазір түрлі тексерулердің созбалаңына салынатын сияқты.

Өткір мәселені қайсарлықпен көтерген екі медқызметкер «шымкентшелеудің» қыр-сырына қанық болғандықтарынан шығар, көтерген мәселенің барысын дыбыс жазбаларына түсіріп, бейнебаянға жазып алған.

Өз мәлімдемесінде дәрігер-лаборант Р.Т: «Қаланың барлық емханасы келісімшартқа отырады. Олар бізге анализ жасап беру үшін ақша аударады, мүгедек балалар, жүкті әйелдер, ересектер мен балалардан барлық анализ келеді. Бірақ, оны өтірік қабылдап алған болады да, кеткесін оны қоқысқа тастайды. Қорытындысына келгенде, жалған ақпаратты Юнусходжаева Нигора қолдан жазып беріп отырған. Тексеру ешқашан болған емес, анализ істелінбеген», -дейді. Осы мәселе көтерілгенде қаланың денсаулық саласының тізгінін ұстап отырған А.Байдувалиевтің зертханада қызмет істейтін екі мемқызметкеріне қатысты «былық болып жатса, аурухана басшылығына немесе басқармаға келіп айтса болады ғой» дегенін оның басшы-азамат ретіндегі өкпе-назынан гөрі, өздерінің «сүттен – ақ, судан – таза» болып шығуға жанталасуы деп түсіну керек сияқты. Оның «Сондықтан мәселені ушықтыру арқылы біреуге қара күйе жағу керек болған шығар» деп айтқанын естігенде сенер-сенбесімізді білмедік. Осы басшының айтатын сөзі ме? Ол өзінің қай жерге келіп, қандай басшылыққа отырғанын сезіне ме, өзі? Біздің көшедегі «еркетотайларымыздың» өзі «қара күйе» жағудың дәл осындай анайы да, дөрекі әрекетін ақша берсең де істемейді. Сонда бұл басшы қай жерімен «пал» ашып отыр?

Екі қызметкер де өмірлік іс-тәжірибесі бар, балалы-шағалы, алды-артын ойлай алатындықтан, өздерінің зертханадағы тірлікке келіспейтіндіктерін білдіру үшін препараттың этикеткасын қырып жатқан қызметтес әріптестеріне: – Қырып жапсырасыңдар ма? Қырып, содан сосын қайта жапсырасыңдар жаңадан, иә? Бұлардың бәрінің мерзімі өтіп кеткен. Былтыр да сөйтіп жапсырып едік қой, иә? — деп айтып басшылардың қысымына тап болған жоқ па? Бұл фактіні айғақтайтын бейне және дыбыс жазбаларын көріп отырған «дәу бастық» А.Байдувалиевтың сөзінің сиқы анау болып тұрғанда, миллион тұрғыны бар шаһардағы келеңсіздіктердің тез арада ретке келе қоятындығына сенуге бола ма, өзі?

Халқының амандығына алаңдаушылығын білдіріп, азаматтық ар-намысты ұстанып: «Бұл зертханада инфекцияларды өсіру жолымен баланың қандай антибиотиктерге сезімтал екенін анықтаймыз. Сөйтіп қандай антибиотик әсер ететінін айтып береміз. Мерзімі өтіп кеткен дәрінің күші болмайды, бактериялар жақсы өспейді. Анализ дұрыс берілмейді» деп шырылдап, ал дәрігер-лаборант Р.Т: «Антибиотикті сезгіштік, бактерияның бары-жоғы туралы мәліметтің бәрі өтірік, ойына не келеді, соны жазып отырған. Тексеру ешқашан болған емес, анализ істелінбеген», — деп шындықты шыжғырып айтып жатқанда басқарма басшысы А.Байдувалиевтің пәруайы пәлек болып, «жар астынан жау іздеп» жатқаншы өкінішті-ақ. Оның: «Неғылған құты екенін сұраттым, мен тіркеу нөмірі бойынша тексеріңдер, бізде тіркелген бе, жоқ па дегенінде, біздің адамдар кеше-ақ тексергенде бұл тауарлар біздің реестрде тіркелмегенін анықтаған. Демек, ол құтыларды сырттан әкелген болуы мүмкін. Соған қарап, алдын ала мен бұны әлдекімдердің арандатуы деп ойлап отырмын»,-деп айды аспанға шығарыпты. Біріншіден, адам сенгісіз сұмдықты есітіп отырып, «Неғылған құты екенін сұратудың» орнына сол зертханаға неге өз аяғымен барып, құтыны өз көзімен көрмейді? Бұдан асқан қандай масқаралық жарияға жар болуы керек еді? Реестр журналын өз қолына ұстап отырып, неге өзі тексермейді? Мұндай сұмдықты «Арандату» деп айту ауызға жеңіл болғанымен, миллионнан астам шымкенттіктер үшін «ауыр» тиетіні ескерілмегені ме?

Мұндай болжам сот анықтағаннан кейін ғана айтылмай ма? Мұндай сорақылық фактісін біздің қаланың көшесінде ойнап жүрген балаларға айтсаң, олар да «қумашы» деп тұрады да: «Арандату» басшылардың өз «шкураларын» сақтау үшін ойлап тапқаны ғой. Енді алты ай дегенде «арандатушы» табылмайды, іс қысқарады. Шымкентте жүріп, соны да білмейсіз бе?» -деп өзіңді ұялтуы мүмкін ғой.

Дәл қазір осы факті бойынша қаланың прокуратурасы да, ішкі істер органы да жұмыс істеу үстінде. Ал, қаланың бас дәрігерінің «Егер қолдан ұйымдастырылғаны анықталса, дауды ұйымдастырғандардың барынша қатаң жазалануын талап етемін» деп қоқиланғанынан гөрі, «інге кіре алмай жүріп құйрығына қалбыр байлаған басшы-сымақтардың» мәселелерін екшеп шығу маңызды емес пе, өзі?

Ел Президентінің қоғам тынысына жаңашыл серпін беріп, ашықтық алаңында шындықты қолдап, өзгерістердің батыл жүруіне мүмкіндік беріп жатқанда, шындығы шықса Шымкенттегі сорақылықтың да бүркемеленіп қалуы мүмкін емес деген ойдамыз.

Әділ Мұратбеков.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.