ИНТЕРНЕТ – АЛАЯҚТЫҚ АСҚЫНЫП ТҰР

Қазір алаяқтық қылмысы өршіп тұр. Әлеуметтік желілермен қатар олар да қоғамға шырмалып, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қауіп төндіруде. Уақыт өте келе оған пайдаланатын әдіс-тәсіл түрі де артты. Алаяқтардың бәрінің ойы бір. Адамдардың ақшасын я болмаса қандай да бір пайда табуға болатын мүліктерін иемденуді көздейді. Бұл қылмыс – соңғы кездері елімізде белең алып, алаңдаушылық туындатып отырған басты мәселелердің бірі. Халықты алдау арқылы оңай олжа табуды көздеген алаяқтар саны  күн санап өспесе, кеміп жатқан жоқ. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасымен осы қылмыс түрінің тамырына балта шабу бақылаушы органның басты мақсатына айналды. Соны болдырмау жолында түрлі іс-шараларды қолға алу міндеттелді.

Алаяқтар әр түрлі айла-тәсілдер ойластырып, оның ішінде «төмендетілген пайызбен немесе тиімді жағдаймен несие алып беремін», «ұялы телефоныңды бере тұршы, қоңырау шалып алайын», «жұмысқа орналастырып беремін», «қосалқы бөлшектерді, ұялы телефондарды және басқа да интернет-саудамен заттар жеткізіп беремін» және «әртүрлі акциялар өтіп жатқандығы» жөнінде СМС-тер жіберумен байланысты. Бұл сенгіш қарапайым халықтың көмегімен пайда тауып қалуды көздеген алаяқтардың тек бірнеше әдіс-тәсілі, түрі мен сызбасы ғана.

Бейтаныс арулар жайлы да айта кетпеске болмас. Алаяқтар әлеуметтік желілердің бірінен жас қыздардың атынан парақша ашып, онда көркі көз қызықтыратын сұлулардың суретін салады. Сол аккаунттан жігіттерге достық ұсыныс жіберіп, әңгімеге тартады. Кісінің көңілін аударатын, қызықты (көбінесе аянышты, немесе отбасылық-тұрмыстық қиындықтарды талқылаған) посттар жазып, қалталы әрі жеңіл жүріске бір бүйрегі бұрып тұрады-ау деген азаматтардың жазбаларына үнемі пікір қалдырып жүреді. Жеке чатта әңгімелесуге қол жеткізгеннен соң арулар әлдебір себептермен «достарынан» ақша сұрай бастайды. Көп тараған себептердің бірі мынау: ғаламтордағы қылықты ару өзі сөйлесіп жүрген досы тұратын қалаға бір шаруалармен бармақ жоспары барын, бірақ, жол жүруге біршама қаражат жетпей тұрғанын айтады. Қаражат «қолын байлаған» аруға мәрттігі ұстап көмектеспек болатындар да көп. Алаяққа керегі де осы. Ал, алданған жомарт таныс та бейтаныс арудың сұраған ақшасын алғаннан соң қалай байланысты үзіп, жаңа «кеңістікті игеруге» кірісіп те кеткенін түсінбей қалады.

Онымен қоса желі арқылы «Сіз қомақты ұтысқа ие болдыңыз» деп, хабарламалар таратып, ол үшін алдымен мына картаға, пәлен соманы жолдауыңыз керек деп аңқау халықтың қалтасын қағатындардың қарасы көп. Соңғы кездері осындай алаяқтардың құрбанына айналып, кімді кінәлі етерін білмей, сан соғып қалып жатқан адамдардың өкініштері көп.  Әлеуметтік желінің әлеуеті артқан заманда өз пайдасын ойлап, қайтсем оңай олжаға кенелем дейтін арам ойлылардың шырмауынан абай болыңыз! Сондықтан, ел аузында ертеден келе жатқан «Сақтансаң – сақтайды!» деген тәмсіл әлеуметтік желіні де айналып өтпейтінін есте сақтаңыз!

М.Тағай.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.