ШЫМКЕНТТІҢ ӘЙЕЛ ЖАМАҒАТЫМЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ

Бүгінде діни радикализм мен терроризмнің алдын алу шаралары күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр. Сонымен қатар дін саласындағы мемлекеттік саясат пен еліміздің зайырлылық қағидаттарын республиканың барлық аумақтарында түсіндіру де өзектілігін жойған жоқ. Осы мақсатта еліміздің үшінші мегаполисі – Шым­кент қаласында 2019 жылдың қазан айының соңында әйел жамағаттармен кездесулер өткізілді.

Қазақ халқы «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деп бекер айтпайды. Әйел кісілердің отбасы институтының дамытудағы орны ерекше. Әйел кісілермен өткізілген іш-шараларға танымал дінтанушылар мен психологтар қатысып, еркін сұхбат құрды. Алматы облысының Дін істері басқармасы «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» КММ  психологы өкілдігінің «Әйел-қыздар» секторлығының жетекшісі Б.Досжанова жазасын өтеп жатқан әйел кісілермен ҚР дін саласындағы құқықтық негіздері жайлы сөз қозғап, кездесу өткізді.

Баршаға аян, Сириядан «Жусан» операциясы нәтижесінде елімізге бірнеше азаматтар оралған еді. Олардың денін әйелдер құрайды. РАТТ мүшелері Шымкент қаласындағы сапары барысында аталмыш операциямен келген әйелдермен арнайы кездесулер өткізді.

Сондай-ақ Шымкент политехникалық колледжі және Шымкент медициналық колледжі студенттері мен оқытушылар құрамымен кездесу ұйымдастырып, оған ҚМДБ Әйелдер-қыздар секторының меңгерушісі, теолог А.Тилегенова және «Қоғамдық процестерді зерттеу және талдау орталығы» ҚҚ атқарушы директоры, дінтанушы Т.Мустафина қатысты. Іс-шараларда аталмыш оқу орындарының кураторларымен, психологтарымен және студенттерімен Қазақстан қоғамының дәстүрлі құндылықтарына құрмет көрсетудің және діни радикализм идеяларының теріс салдарларының алдын алудың маңыздылығы жайлы талқылаулар жүргізілді.

Және Шымкен қаласындағы «Қаттани» және «Ақмешіт» мешіттерінде Қазақстандағы қазіргі діни ахуал мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудағы діндар әйелдердің рөлін талқылау үшін Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті доценті, исламтанушы, PhD доктор Ш.Әділбаеваның қатысуымен әйел жамағаттармен жеке және топтық кездесулер болып өтті. Білікті маман, бірнеше кітаптың авторы Ш.Әділбаева өзінің көпжылдық тәжірибесімен бөлісе отырып, әйелдердің отбасылық, қоғамдық құндылықтарды сақтаудағы рөлін және зайырлы еліміздегі діндарлықтың ерекшеліктерін айтып өтті.

Жалпы халқы тығыз орналасқан оңтүстік тұрғындарының басым бөлігі күнделікті өмірде қазақ тілін қолданатындықтан, іс-шаралар мемлекеттік тілде өткізілді. Қатысушылар РАТТ жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта тағы да пайдалы кездесулер өткізуді ұсынып жатты.

Е.Тәжиев.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.