ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ИЕСІ

Өңірімізде ел алғысына бөленген, мақтан тұтар тұлғалар аз емес. Солардың бірі 80 жасқа толып отырған Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, педагог, облысымыздың ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер – Жамалбек Сыдықұлы.

Ж.Сыдықұлы 1939 жылы  Қазығұрт ауданында Сыдық пен Рысайымның отбасында он үшінші перзент болып, дүниеге келді. Ата-анасы демеу болсын, жамау болсын, аман жүрсін деген ниетпен азан шақы­рып Жамалбек деп есім берген. Соғыс басталар шақта Қаратөбе ауыл кеңесіне қарасты Сталин атындағы ұжымшарға көшіп келеді. Жамалбек сол жердегі бастауыш мектепті, одан кейін «Жұлдыз» ұжымшарындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Шымкенттегі Қ.Сыпатаев атындағы орта мектепте оқыды. 1957 жылы Шымкент педагогика институтына түсіп, 1962 жылы оқуын сәтті аяқтаған соң облыстық білім беру басқармасының жолдамасымен Мақтаарал ауданына жіберілді.

Еңбек жолын «Алғабас» ұжымшарындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің физика- математика пәнінің мұғалімі болып  бастап, соңынан директордың өндірістік саласы бойынша орынбасары болып жалғастырды. Мектепте саяси оқудың насихатшысы қызметтерін үлкен қызығушылықпен жүргізді. 1966 жылы қыркүйектің бірінші жұлдызында Мақтаарал аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы қызметіне шақырды. Әр- бір ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Жамалбек атамыз кейін сол бөлімнің партия комитетін басқарды. Сол аралықта Ташкент жоғары партия мектебіне оқуға жіберілді. Оны сәтті бітірген соң 1973 жылы қараша айына дейін аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарып, кейін Мақтаарал кеңшар-техникумы партия комитетіне хатшы болып сайланды.

1979 жылдың аяғында Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаровтың тікелей қолдауымен сол ауданның «Новый путь» кеңшарына директор болып тағайындалды. Ұжымның өсіп-өркендеуіне жеті жыл сүбелі еңбегін сіңірді. Ал 1986 жылы денсаулығына байланысты өз өтінішімен кеңшар директорлығынан босап, аудандық партия комитеті ұсынған мемлекеттік қауіпсіздендіру мекемесіне басшы, ауыл шаруашылық техникумына қоғамдық пәндер мұғалімі, «Мақтаарал», «Жаңа жол» кеңшарлары кәсіподақ комитеттерінің басшылық қызметтерін атқарған.

Кеңшарлар тараған соң Г.С.Титов атындағы орта мектепте мұғалімдік қызметте болып, 1999 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шықты. Зейнетке шыққан соң да Шымкент қаласының қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласып, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі қызметін атқарған. Осы елеулі еңбектері ескеріліп, «Құрмет ордені», «Еңбек ардагері», «Тың игерудің 50 жылдығы» т.б. медальдармен, облыс және қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жамалбек атамыз құдай қосқан қосағы Шарипа анамыздан сегіз перзент көрді.

Біз де бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған ақсақалды шын жү­рек­тен құттықтаймыз. Халқымыз қа­шан да қариясын қадір тұтып, оларға деген сыйластық пен ілтипатын үзген жоқ. Бүгінгі 80 жасқа толып отырған мерейтой биігіңізде де осынау жарқын да өнегелі істеріңіз үлгі тұтар кейінгі буынға бар болмысымен тағы да бір жарқырай көрінгендей. 80 жастың асқақ биігіне қариялы да қазыналы қалпыңызбен жетіп отырған сізге дәл бүгінгі күні қандай құрметті лебіздерді арнасақ та артық емес. Өзіңіздің жалғасыңыз болып отырған ұрпақтарыңыз бен жақындарыңыздың арасында өнегелі ақсақал, тәлімді ақылшы болып аман-есен жүре беріңіз. Сіздің өмірлік бай тәжірибеңіз бүгінгі жас буын үшін де әрдайым қажет, әрі қастерлі құндылық бола бермек!

Н.Жарқынбай,

«Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» КММ  архивисі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.