РЕДАКЦИЯҒА АРЫЗДАНҒАН 5 БАЛАНЫҢ АНАСЫ ПӘТЕР АЛДЫ

Редакцияға газетіміздің оқырманы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылының тұрғыны Н.Қонарбаева арызданып келіпті. Оның арызымен танысып, мән-жайын нақты, шынайы тұрғыдан білуге тырыстық. Спирттік ішімдікке салынғандықтан, әп-әдемі жұмысынан шығып, өз шаңырағының тыныштығын бұзған Т.Б.-дан осы жылы заңды түрде ажырасады. Содан бері 5 баласын жетектеп далада да қонатын күн кешсе, енді ғана біреудің «времянкасын» жалдап тұруға қолы жетіпті. Мектепте оқитын 5 баланың біреуі 3-топтағы мүгедек. 5 баласын адам қатарына қосамын деп жүрген ана азапты өмірін айтып, көз жасын көлдеткенде сай сүйегің сырқырайды.

Ол: «Өзім аудандағы әкімшілікке және «Нұр Отан» партиясына, Қажымұқан ауыл әкіміне сандалып, әбден табалдырығын тоздырдым. Аудандағы білім бөліміне барып, балаларыма киім-кешек және мектепте бір-ақ рет болса да ыстық тамақ беруіне көмек беруін сұрадым, бі­рақ аудандағылар мені 5 баламмен адам қатарына қоспай, ойларына келгенін істеуде. Бірде аудандағы бөлім бастығына барып, маған үйге жәрдем беруін сұрағанымда, ол «үстіңе бензин құйып өртеніп өлсең де үй жоқ» деп, ауыр сөздер айтып шығарып салды», — деп күйіне жазыпты. Сондай-ақ, ауданда осының алдында берілген үйден пәтер беруде жіберілген қателіктердің фактілерін тайға таңба басқандай етіп әкеліпті.

Алаулатып-жалаулатып, «жау шаптыны» қалың көпке ұсынып, ел абыройына тиетін келеңсіздіктің қоламтасын қыздырудан гөрі, болар іске қолдаушы болудың оң нәтижесі болар деген үмітте болдық. Оның үстіне, ынтымақ пен бірліктің үлгі-өнегесін көрсетумен өңірге танылған ауданның «тырнағының астынан кір іздегендей» болмай, ауданның басшылық қызметтегі ойлы азаматтарына сенім арту да керек болды.

Осы мәселеге бірқатар зерделеу жүргізгеннен кейін алғашқы болып «Нұр Отан» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевпен хабарласып, мән-жайды егжей-тегжейлі жеткіздік. Ордабасы ауданы әкімдігін осы мәселеден арнайы хабардар еттік. Халық пен биліктің арасындағы «алтын көпір» – аудандық «Ордабасы оттары» газеті редакциясына, оның басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ғ.Зиябекке өз ұстанымымызды айтып, ел-жұрттың «жанайғайын» жеткізу міндетіміз екенін білдірдік. Осы өткір мәселенің оң шешімін табуында басшылық қызметтерде жүргенінде туралықтың туын ұстап келген, нағыз елжанды басшы Әліпбек Өсербаевтың әділдіктің жағында болатындығына үмітіміз үлкен еді.

Аудан мерейлі мерей-тойларын қуанышпен атап жатқанда, редакцияға хабарласқан бес баланың жалғызілікті анасы Н.Қонарбаева өзіне 2 бөлмелі пәтер бергенін айтып, тірі жетімдерді далада қалдырмаған аудан басшылығына өзінің ризалығын білдірді.

Осы мәселені ой тарзысына сала отырып, бұл ауданда ел Президенті Қ.Тоқаевтың жергілікті биліктің ел тұрғындарымен етене жұмыс істеуге берген бағыт-бағдары баяндылық тапқан деуімізге болады.

О.ТӘЖИЕВ.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.