ШАРДАРА ӨҢІРІ – «АҚ ЖОЛ» БЕТТЕРІНДЕ

 Туған өлке тарихын тану – өзекті де өткір мәселе. «Ең зор – ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызған» деп Жан Жак Руссо айтқандай, бүгінде өскелең ұрпақтың туған жеріне, құтты мекеніне деген құштарлығын оятып, қызығушылығын арттыру үшін, оларды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу үшін өз өңіріміздің кешегі тарихын білу бәрінен де маңызды.

Біз сөз еткелі отырған Шардара ауданының тарихы тереңде жатыр. Бүгінгі таңда Түркістан өңіріндегі өзге де аудандар секілді Шардара ауданы да өзінің 55 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Жалпы «Шардара» атауының түп-төркініне үңілер болсақ, ғалымдар бұл топонимнің парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» дегенді білдіретінін айтады.

Көне замандардан бері мәдениеті қалыптасқан, өркениет көшінен кейін қалмаған Шардара елді-мекені тарихы IV-XII ғасырларды қамтиды. Бұл өлкеде қасиетті орындар мен киелі жерлер де көптеп саналады. Мәселен, аудан аумағындағы Ұзын ата кесенесі Әмір Темірдің жарлығымен ХІV ғасырда бой көтерсе, Жаушықұм, Ақтөбе, Төребай тұмсық, Жамантоғай қорымдары 1959-1963 жылдарда тереңірек зерттеліп, «Ежелгі Шардара» еңбегі жарық көргені де оқырман қауымға аян. Тіпті зерттеу жұмыстары бұдан ілгеріде де үздіксіз жүріп отырған. Айталық А.Н.Бернштам мен Г.И.Пацевич 1950-1951 жылдарда Шардара елді-мекенін, Байырқұм, Сүткент, Сейіт төбе қалашықтарын індете зерттеп, көне қалашықтар жобасын картаға түсіріп берді. Мұндай құнды тарихи жәдігерлердің дені бүгінде «Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне» енгізілгенін де айта кеткеніміз жөн.

Жалпы Шардара турасындағы деректерді ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып, шын мәнінде ұлттық басылымға айналған «Ақ жол» газетінен де кездестірдік. Шындығында 1920 жылғы 27 шілдеге дейін баспа бетін көріп, бар-жоғы 14 нөмірі шыққан «Жаңа өрістің» негізінде құрылған «Ақ жолдың» 1920 жылдың 7 желтоқсанынан 1926 жылдың басына дейін үздіксіз шығып отырғанын білеміз. Ал С.Қожанов, С.Оспанов, Н.Төреқұлов, С.Асфендияров, М.Дулатов, И.Тоқтыбаев, Қ.Құлетов, М.Қайыпназарұлы басшылық еткен басылымда өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, жаңа қоғамдағы өзгерістер, түрлі түйткілді мәселелер ұдайы көтеріліп, үздіксіз жарияланып отырды. Сондай-ақ аймақтың әлеуетін арттыруға, өңір тынысынан жұртшылықты хабардар етуге басылымда тікелей қызмет атқармаса да, белсене атсалысып отырған қаламгерлер аз болмады. Олардың қатарына Қоңыр Қожа Қожықовты да қосуға болады.

Кеңестік кезеңдегі 1923 жылдарда өңірлерді аудандарға бөлудің жобасы жасалды. Бұл жоба бойынша бұрынғы облыс, уездердің орнына округтер құрылатын болды. Қоңыр Қожа Қожықов осы мәселені назардан тыс қалдырмай «Ақ жол» газетінде «Түркістан Республикасын жаңа аудандарға бөлу» атты көлемді мақаласын басылымның бірнеше санына жариялайды. Оның жазуынша, сол кезеңде Түркістанда уездердің саны 29 болса, оның құрамына 480 болыстық кірген. Ал жоғарыда айтылған жаңа жоба бойынша 29 уездің орнына 13 округ орнап, барша округтердегі болыстардың саны 140-тан аспайтын болды.

Бұл жобаның мақсаты біріншіден, болыстықтарға бөлінетін қаражатты үнемдеу болса, екіншіден, жергілікті халықты кәсібіне, шаруашылығына қарай бірыңғай орналастырудан туындаған болатын.

Жоба бойынша Сырдария облысы Ташкент, Шымкент, Сырдария округтеріне бөлінсе, халқы негізінен қазақ, өзбек және орыс ұлттарынан тұратын Ташкент округіне Ташкент, Мырзашөл уездері мен Шардара болысы біріктірілді. Ал ондағы аудандардың саны 9-ға жетті.

Ал жаңа үкіметтің сол кезеңдегі қаулысында бұл жобаға байланысты былай делінеді: «…Жергілікті ұлттардың құрылысына, олардың мәдениетінің, шаруасының ілгері басуына қарай әрбір ұлтты бір ұлтқа үстемдік қыла алмастай қылып, Түркістан Республикаларын аудандарға бөлу керек. Райондар топырағының, өсімдігінің, ұлысының, жердің ой-қырының ыңғайына қарай құрылып, округ болады».

Әрине, бастама өміршең, ниет түзу. Бірақ бұл бастаманың да ұрандату мен алаулатып-жалаулатудан ада еместігін сезген Қ.Қожықов осынау мақаласында жергілікті билікті мәселеге жете мән беруге, жеті өлшеп, бір кесуге шақырады. Сондай-ақ билік басында көбіне-көп жергілікті ұлттың болмысынан бейхабар өзге ұлт өкілдері отырғанын да ескеріп, жобаның баяндылық табуы үшін жер жағдайын, ел мәнісін білетін азаматтардың ой-пікірлерін, ескертпе-ұсыныстарын да назарда ұстаудың жемісті болатынын жеткізеді.

Мақала авторы да осы мәселе байланысты өз ой-байламдарымен бөлісіп, жобаның кейбір кемшін тұстарын атап көрсетеді. Айталық, ол осынау мақаласында:

«…Шымкент уезі теріскейсіз, қазіргі Түркістан уезімен қосылып, бір округ болады. Бұған Самарқан облысынан Қызылқұмдағы қазақ болыстары Шардара ішіне кіреді.

Бұл болыстардың Төрата тауында меншіктеп отырған өз алдына өзен, сулары жоқ. Сондықтан олардың тағдырын Сырдариямен байланыстыру керек. Сырдарияның Қызылқұм бетінен келешекте жаңа арықтар қазылмақшы. Қазірде оның біреуі (Қандөз) қазылайын деп жатыр. Сол арықтарға Қызылқұмның елі ортақ болады»,- деп орынды пікір айтып, ел ертеңіне алаңдаушылық білдіреді. Шындығында да ол көтерген арықтар қазу мәселесі көп өтпей-ақ қолға алынып, жергілікті ұлтты отырықшылдандыру үдерісі жандана түседі. Мұның нақты дәлелін тағы да сол «Ақ жол» газетінен таптық. Мәселен газеттің 1924 жылғы нөміріндегі Сұлтанбек Қожановтың «Тоқпақ» атты бүркеншік атымен берілген мақалада Самарқаннан шығып, қоныс аударып келген болыс елдің Шардарадан арық қазып, егіншілікке бет бұра бастағаны айтылса, «Жаңа үкімет мүшесі» псевдонимімен берілген мақаладан да: «…Осы күні Шардара, Ақтөбе болыстарында арық қазу ісі басталды. Әзір 22 шақырымы қазылып болды. 1925 жылдың апреліне дейін арық қазылып бітпек және Келес арығына Шыршықтан су құлатып, осы күні суланып жатқан жердің үстіне тағы 20 мың десятина жер сулану керек. Мұның шығыны 450 мың сом болады. Шығымның жартысын халық өтесе, бұл іс кідірмей орындалады» деген жолдарды оқи отырып, бұл бастаманың шұғыл іске асырыла бастағанын байқауға болады.

Бұдан шығатын түйін: Кеңестік кезеңдегі Шардара жұртшылығының дені егіншілікпен айналысқан. Былайша айтқанда, бағзыдан-ақ несібін жерден алған диқан-шаруалар аймақтың әлеуетінің артуына айтарлықтай үлес қосып отырған. Тіпті бүгін де тамыры тереңде жатқан Шардара аймағы шаруаларының облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына өз үлесін қосып, өңір халқын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі.

Яғни «Түренді тот басса, тоқшылық күтпе» деп ақын Мұзафар Әлімбаев айтқандай, бұл өңірдің шаруалары ертеден-ақ еңбекті ырыстың қазығы деп біліп, шыбық қадасаң шынарға айналатын, түгін түртсең майы шығатын жер-анадан ырыс- несібесін тауып отырған деуге толық негіз бар. «Ақ жолда» да бұл жайында аз-кем ақпарат беріледі. Мысалы «Жизақ үйезі» атты мақалада: «Жизақ үйезінде 6 болыс қазақ бар. Отырған жерінің ауданы кең болғанымен, шаруаға өте жайсыз болды. Шардара болысы Сырдарияның жағасында болып, аз да болса диханшылық етеді. Бірақ арық, судың тапшылығынан өзіне жетерлік өнім ала алмайды. Қалған 5 болыстың кәсібі тек қана мал шаруашылығы»,-деп өңір шаруашылығының басты ерекшелігін атап көрсете келе егін екпеген тұста елдің көмір орнына сексеуіл жағып аштыққа ұрынғанын, азық-түлік мекемелерінің аты бар да заты жоқтығын, ел ішінде ашылған бір де бір мектеп болмағандықтан оқу-ағарту жұмыстарының ақсап жатқанын, тіпті шалғайда жатқан жұрттың Кеңес үкіметін естігені болмаса, оның қандай үкімет екендігінен хабарсыз екендігін, т.б мәселелерді қозғап, халықтың тұрмыстық жағдайын, хал-ахуалын ашық та ашына жазады.

Жалпы ауданның құрылу тарихына байланысты осы күнге дейін жарық көрген кітаптар мен мақалаларда да бірқатар кемшіліктер бар. Мәселен, 2005 жылы шыққан «Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясында да, ғаламтордағы ауданға қатысты арнайы бетте де Шардараның 1969 жылы қазан айында Қызылқұм ауданының негізінде құрылғаны жазылады. Сондай-ақ Ж.Мұқанов ауданның 30 жылдығына орай дайындалған «Ширек ғасыр – шежіре», 2009 жылы 40 жылдық қарсаңында шыққан «Шағалалы Шардара» кітаптарында да қателікке жол беріп алған. Бұл еңбектерде де аудан тарихы 1969 жылдан басталатыны келтіріліпті.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1963 жылы 26 қаңтарда Киров, Мақтарал, 1964 жылы 31 желтоқсанда Жетісай аудандары Өзбекстанға беріліп, 1962-1963 жылдары Шардара Кировтың, онан соң Отырар ауданы құрамында болды. Ал мұрағаттан алынған біздің қолымыздағы құнды құжаттарда ауданның ҚазССР Жоғарғы Кеңес Президиумының қаулысымен 1964 жылы 31 желтоқсанда құрылғандығы, орталығы Абай селосы болғандығы анық жазылған.

Ал келесі 1965 жылы ауданның құрамына Абай, Бірлік, ХХІ партсъезд, Келес, Байырқұм кеңшарлары еніп, 20 қаңтарда Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Ливенцовтың бекітуімен аудандық партия конференциясында ауданның бірінші хатшылығына Тілеуберген Құсбасшыұлы Тумашев тағайындалады.

Ал 1969 жылы 13 қыркүйектегі қаулыға сай аудан орталығы Абайдан Шардара қаласына көшірілді.

«Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Біздіңше ауданның 55 жылдығы аясында осынау тарихи шындық түзеті- ліп, ол жайында баспасөзде кеңінен материалдар берген    жөн болады.

Өңір тарихы – ертеңгі ұрпаққа аманат. Елбасымыз да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы, әсіресе, өлке тарихын тереңдете зерттеуге, оны жас ұрпақ санасына мейлінше сіңіруге тырысуымыз керектігін айтқан болатын. Сондықтан қарқынды даму үстіндегі Шардараның кешегі тарихы мен бүгінгі келбеті де қаламгерлер назарынан түспегені жөн.

Сейдехан Әлібек,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.