ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНІҢ ЖОҒАРЫ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Шағын құрамдағы кездесуден кейін екі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары Мемлекетаралық кеңесінің бесінші отырысын өткізді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай форматтағы отырыстың 2014 жылы Қазақстан астанасында өткеніне тоқталып:

– Кеңес жұмысының біраз уақыт кідіріп қалғанына қарамастан, аталған жиын екіжақты қатынастардың барлық бағыттары бойынша маңызды саяси шешімдер қабылдауға септігін тигізетін ынтымақтастықтың жоғары органы болып қала береді, -деді.

– Бізді мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан достықтың берік арқауы біріктіреді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бейбітшілік пен келісімде өмір сүрді, қилы кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетті. Осындай достық байланыстардың негізінде біз қазіргі кезеңде де өзара қарым-қатынастарымызды табысты жолға қоя білдік, -деген Қазақстан Президенті маңызды жетістік ретінде осыған дейін жасалған 180-ге жуық шарт мен келісімнің шарттық-құқықтық базасына назар аударды.

– Біздің сауда айналымдарымыздың көрсеткіші үшінші жыл қатарынан өскені байқалады. 2015-2018 жылдар аралығында өзара сауда-саттық көлемі 30 пайызға артып, 900 миллион долларға жетті. Қазақстан қырғыз экономикасына 1 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі болды, -деді Қазақстан Президенті.

Сооронбай Жээнбеков алдағы уақытта қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы екі ел халықтарының игілігі жолында одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қырғызстанға жасаған сапарының ерекше маңыздылығын атап өтіп, елдерімізді ежелден жалғасып келе жатқан тығыз достық байланыстарымыз, терең тамырымыз, тіліміз бен мәдениетіміз біріктіретінін айтты.

Келіссөздер барысында екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық саланы одан әрі дамытудың перспективаларын жеке мәселе ретінде қарастырды. Атап айтқанда, алдағы уақытта елдеріміздің өзара Мәдени күндерін ұйымдастыру ұсынылды. Соңғы рет мұндай шара алты жыл бұрын өткізілген болатын.

Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған екіжақты құжаттарға баса мән беріп, жалпы сипаты бойынша серіктестігімізді нығайтуға тың серпін беретін Ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасына ерекше тоқталды.

“Ақорда”.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.