БАЯНДЫ БАҒДАРЛАМА ӨМІРШЕҢДІК ТАБУДА

Жуырда Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен жас мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа тарту мақсатында іске асырылатын «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының облыстық форумы өтті.

Жалпы бұл форумның басты мақсаты – мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жастарды еңбекке ынталандыру және оларды тұрақты жұмыспен қамту болып табылады.

Бұл бағдарламаның жас буынға берері аз емес. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы Елбасымыздың бастамасымен ауылдық жерлерде жүзеге асырылып келе жатқанына да он жыл болыпты.

Ал форумға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты З.Чалданов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан инженерлі-педагогикалық «Халықтар достығы» университетінің ректоры Р.Қуатбекова, Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының орынбасары Т.Төлегенов қатысты.

Жастар мәселесі қашанда назардан түскен емес. Жалпы өңіріміздегі жастардың саны 507 970 болса, олардың 108 336-сы қала жастары да, 399 634-і ауылда тұрады. Облыста 2 жоғары оқу орны және 51 кәсіптік колледж бар. Аталған оқу ордаларында 42 551 студент білім алуда. Ал, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылға келген мамандар саны бүгінде 1431-ге жетіп отыр. Аталған жас мамандар бүгінде білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік жұмыс, ауыл шаруашылығы секілді салаларда қызмет атқаруда.

Форум барысында «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының әлеуметтік қолдау шараларының қағидалары мен ережелері жастарға кеңінен түсіндіріліп, облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысы орынбасарының м.а. Д.Сариев еліміздің ертеңі жастардың қолында екенін, сол үшін барлық істің басын ауылдан бастау керектігін баса айтты.

«Бүгінгі форум ерекше өтуде. Біздің нағыз ұлтжанды, патриот жастарымыз өздерінің Отанына деген сүйіспеншілігі мен елімізді дамыту жолындағы жетістіктерін ортаға салды. Алдағы атқарар қыруар тірліктері туралы ұсыныстарын білдірді. Міне, олар Қазақстанның одан әрі өркендеп дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдіруде», деді ол.

Жастарға берері мол шарада жас мамандар мен президиум мүшелері өзара пікір алмасып, бірқатар түйткілді сұрақтарға жауап берілді. Форум соңында белсенді жастар Алғыс хаттармен марапатталды.

 Е.Тәжиев.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.