ҚЫЛМЫС АУЫР, ЖАЗА ЖЕҢІЛ ЕМЕС ПЕ?

Елімізде күндіз-түні тоқтаусыз жүргізілетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-шараларының даңғазалығынан бас айналып, көз қарауытатын болды.

Мемлекет басшысы қаншама шырылдап, нақты бағыт-бағдар беріп жатқанының өзінде ел тынысында бір серпіліс байқалар емес.

Қоғамның осы бір қауіпті дерті біздің еліміздің кәдуілгі өмір көрінісіндей болғаны тыйылар емес. Қайтып тыйылады, мемлекетіміздің бюджет қаржы­сын тонайтындар мен парақорларды әспеттегендей, айыппұл саламыз да, темір тордың арғы жағында бір күн түгілі, бірер сағат ұстамай, бостандыққа шығарып жібереміз.

Еліміздің қазынасын тонаса, адамдарымыздың қалтасына түсіп, бала-шағалардың несібесін ұрласа, одан артық қандай ауыр қылмыс болуы керек?! Ал, біздің еліміздегі сондай сұмдықтар қолыңдағы кесені түсіріп алып, байқаусызда сындырып алғандай әсер қалдырады.

Қараңыз, Мақтаарал ауданындағы «Бірлік» атындағы №34 жалпы орта мектебінің директоры Б.Шырымбекова 10.03.2019 жылы сағат 16:30 шамасында өзінің лауазымды қызметтік өкілет­тігін пайдалана отырып, ауыл тұрғыны Д.Т. деген азаматшадан оны мектебіне еден жуушы етіп жұмысқа қабылдау үшін 150 000 теңгені пара ретінде алып жатқанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлерінің қолына түседі.

Сотта Б.Шырымбекованың көрсетуінде 06.09.2019 жылы сағат 10.00 шамасында Д.Тулепова мектеп ауласында жүрген мектеп директорына келіп жолығып, өзін мектепке еден жуушы етіп қабылдауды өтінеді. Директор болса, жұмысқа былайша қабылданбайтынын, жұмысқа тек қана «Ситсен» бағдарламасы арқылы кіре алатынын және  150 000 теңге әкелсе, жұмысқа қоятынын айтқан. Д.Т. өзінің сейсенбі күні келетінін айтып кетеді. Д.Т. өзінің айтқан күнінде, 10.09.2019 ж. сағат 16:00 шамасында «финполға» келіп, тиісті процедурадан кейін 150 000 теңгені алып Б.Шырымбековаға кетеді.

Сотта Б.Шырымбекова өзінің заңбұзушылық қылмыстық әрекетке барғанын мойындап, жасаған ісіне шын ниетпен өкінетінін, отбасында мүгедек немересі барын айтып, жазасын жеңілдетуді сұраған.

Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жауапты мекемені басқарумен бала-шағасын асырап отырған адам бір сәт Құдайды есіне алған болса, басқа отбасының кішкентайларының нәпақасына қол сұғып, олардың аузындағысын жырып алуға бармас еді ғой. Жасы елудің ортасынан ауғанша қаншама жандардың түрлі-түрлі тағдырын көріп «тобаға» келетін әйел-ұстаздың өзінің ауыр қылмысын жеңілдетуге мүгедек немесересін «саудаға салып» отырғаны жиіркенішті емес пе?

Осы күні мектептер мен балалар бақшасын басқаруға таяз ойлы, сауаты төмен, имандылықтан жұрдай әйел басшылардың көбейіп кеткенін сыни тұрғыдан жазып жүргендер аз ба? Есті жияйық, елден ұят-ты дегенді сезініп, серпіліс көрсететіндердің қарасы некен-саяқ деуге болады. Солардың арасында өз еңбегімен көтеріліп, басшы болғанын емге таба алмайсыз. Олардың 99 пайызға жуығы бақуатты  отбасыдан шыққандар. Даңғаза атақ үшін «көкелері» мен «көк қағаздарының» арқасында басшылық тақ орындыққа жайғасқан «қуыскеуделер» деуге болады. Олардың 88 пайызы жұмысқа «Джиппен» барып қайтатын «еркетотайлар». Мырзашөл өңірінде соңғы жылдарда бірнеше бөлім мекемелері басшылары сотталды, ал оның дені әйелдер.

Қазақтың «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» нақты көріністері осындай-ақ болатын шығар. Мақтааралдағы бұл сотта Б.Шырымбекованы лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, параның 30 еселенген сомасы мөлшерінде 4500 000 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды. Білім мекемесін басқара отырып, ҚРҚК 366-бабының 2-тармағымен айыпталған, қылмысты жасаған адамды айыппұл төлетіп бостандыққа шығарып жатқанда, біздің елімізде сыбайлас жемқорлықтың түбіріне балта шабылды дегенге бес жасар баланы да сендіре алар ма екенбіз?

Ә.Мұратбеков.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.