ТҮРЛЕНЕ БЕР, ТҮРКІСТАН!

Түркістанды түлету – баршамыздың міндетіміз. Бұл игілікті іске, ортақ міндетке барынша атсалысып отырған азаматтар да ел ішінде аз емес. Ең бастысы, қаланы көркейтуде дәстүр мен жаңашылдық үйлесім табуы тиіс. Бүгінде қала бір жылдың ішінде айтарлықтай көркейіп, ажарлана түсті. Қаншама әсем ғимараттар салынып жатыр.

Соның бірі ретінде Түркістан қаласына кіреберісте әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіт бой көтереді. Жуырда Үкімет басшысы Асқар Мамин Түркістан облысына сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Өзбекстан Республикасы өкілдерінің қатысуымен Ислам орталығының іргетасын қалады. Сәулеті ерекше Ислам орталығының ішкі және сыртқы безендірілуі шығыстық нақышта жүргізіліп, мешіт алдағы жылы ашылатын болады.

Бұл құрылысты жүргізуде шет елдердегі озық тәжірибелер де ескеріліп, мешіт іргесінің берік болуы үшін өзіндік технология әзірленді. Жалпы жаңа мешіт құрылысы 5 мың жамағаттың құлшылық ете алуына шақталып, заман талабына сай озық үлгіде жүргізілмек. Ислам орталығының жалпы көлемі – 20 000 шаршы метр.

«Бұл – бауырлас екі ел арасында жүзеге асырылып жатқан игілігі мол, ортақ жоба. Діни ғимарат Ұлы Жібек жолы бойы мен көне шаһарға келетін туристердің қызығушылығын арттыратын тағы бір үлкен нысан болады. Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасының әлеуеті зор. Ынтымақтастығымыз күннен-күнге нығайып, екі ел арасын жақындастыра беретініне сенімдімін. Алланың рақымы үшін жасалған жұмыстың дүйім елге пайдасы да мол болсын. Бірегей жобаға қолдау көрсеткен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке ризашылығымды білдіремін», — деді өңір басшысы. Өзбекстан Республикасының ресми өкілдерінің мәліметінше, ауқымды жобаға құрылыс пен сәулет саласының ең үздік майталмандары атсалысып, мешітте мұсылмандық жораларды жасайтын орындар, конгресс-холл, неке сарайы, 400 орындық медресе, кітапхана, асхана салынады.

Мұнан бөлек Түркістанда әлемде теңдесі жоқ туристік кешеннің қазығы қағылды. Түркістан облысына іс-сапармен келген ҚР Премьер-Министрі А.Мамин облыс орталығында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Sembol construction» түрік компаниясы қолға алған «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешен құрылысын іске қосты. Құны 39 млрд. теңге тұратын әлемде теңдесі жоқ туристік кешеннің қазығын қағуға «Sembol Construction» компаниясының президенті Феттах Таминдже арнайы қатысты. Халықаралық деңгейдегі алып кешенде замануаи қонақ үйлер, шығыс базары, мейрамханалар іске қосылып, жасанды көл пайда болады. Бірегей жобада көне шаһардың көрінісі сақталмақ. Құрылыс жұмыстары алдағы жылы аяқталады. Сондай-ақ, Үкімет басшысы төсек-орындық көпсалалы аурухананың да іргетасын қалады. Жобаны 2022 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «YDA Holding» түрік инвесторы жүзеге асырады. Құны 100 млрд. теңгеге жуықтайтын жаңа ауруханада болашақта 1700-ге жуық медицина қызметкері жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, жиында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайында Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, Атырау облысының әкімі Н.Но-ғаев, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин, Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов, сондай-ақ басқа өңірлер мен қала құрылысына жауапты мердігерлер баяндап берді.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркістан қаласының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Биыл 4-5 қараша күндері Елбасының қатысуымен Түркістанда бірқатар салынған нысандар ашылды. Келесі жылдың күзінде мұнда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті өтеді. Осыған байланысты біз қажетті нысандардың құрылысының толық аяқталуын қамтамасыз етуіміз керек», — деді А.Мамин өз сөзінде.

Премьер-Министр 630 төсек-орынға шақталған көпсалалы облыстық аурухана құрылысы жүргізілетін жерге капсула салды.

Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс жақ бөлігінде орналасқан Цитадель қамалының қабырғасына қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, қамал қорғанның сынған қыштары мен баспалдақтары жаңартылып, сыртқы қабаты қайта қалпына келтірілуде.

Ал «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен  Үкаша ата кесенесі жанынан «Үкаша ата тарихы» музейі де ашылды.  Осынау жаңа музейдің ашылу салтанатына «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Толқын Құдайбергенұлы, Түркістан каласы Ақсақалдар алқасының мүшесі  Бектас Шірікбаев қатысып, жаңа рухани орданың лентасын қиды.

Музейге құран кітаптар мен Үкаша атаға қатысты аңыз-әңгімелер, суреттер, Үкаша атаның шежірелері,  VІІ-ІХ ғасырларға тән құмыралар, VІІ –ХІІІ ғасырларға тән диірмен,  XIX-XX ғасырларға жататын мыс құмған сынды жәдігерлер, өлкенің тарихынан сыр шертетін археологиялық жәдігерлер мен музей жанашырларының сыйға тартқан көне әшекей бұйымдары, тарихи кітаптар т.б. қойылған.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты  Рәбия Сұлтан Бегім кесенесін музейлендіру жұмыстары да аяқталып, келушілерді қабылдай бастады. Түркістанды былай қойғанда, көршілес Кентауда да бүгінде құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Онда да жаңа өзгерістер, жаңа жұмыс орындары, рухани ордалар бой көтеріп жатыр. Мәселен биыл Кентау қаласының 64 жылдығына орай, «Кентау полиметалл» ЖШС-ның ашылу салтанаты өтті. Айтулы шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Мырзалиев, «Кентау полиметалл» ЖШС-ның басшысы Д.Копченко т.б. қатысты. Жиналған жұртшылық та кәсіпорынның маңыздылығына тоқталып, өз ой-пкірілерін ортаға салды. Кентау қаласының әкімі Д.Мақажанов, ардагер кенші Ш.Абилов, кәсіпорын басшысы Д.Копченко зауыттың іске қосу тетігін басып, салтанатты түрде іске қосты.

Бұл жобаның мақсаты – бос тұрған өнеркәсіп орнында түсті металдар кендерін байыту кешенін ұйымдастыру және жаңа жұмыс орындарын ашу болатын. Жобаны жүзеге асыру үшін 3 жыл бұрын Кентау қаласының әкімдігі, облыстық Кәсіпкерлер палатасы және инвестициялық компания арасында 2 170 000 000 теңге сомасына инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы үш жақты меморандумға қол қойылған болатын. Бүгінде жоба толық іске қосылып отыр.

Қорыта айтқанда, бүгінде Түркістанның тынысында тың серпіліс, Кентаудың көркеюінде соны серпін байқалып, жаңашылдықтар мен өзгерістерді жергілікті халық жылы қабылдауда.

«Қазақстан жолы» – ақпарат.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.