ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІМІЗ АРТЫП КЕЛЕДІ

Туризм – табыс көзі. Шетелдік компаниялардың да инвестиция салуға ықыласты болып отырғаны содан. Мәселен Индонезия, Сингапур, Малайзия және Ресейдің Саха республикасынан келген туристік операторлар өңір туризмін бірлесіп дамытуға мүдделілік танытуда. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен танысқан шетелдіктер де өңірдегі  тарихи-мәдени ескерткіштердің көптігіне таң қалуда. Ал Малайзияның 12 жетекші туристік операторы Түркістан өңіріндегі көрнекті орындарға «Ұлы Жібек жолы» бағыты бойынша экскурсия жасап, шығыстық үлгідегі ғажайып ғимараттарды тамашалап қайтты. Жалпы туристік индустрияны дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, 2025 жылы облысқа 5 миллионға жуық турист келеді деп жоспарлануда.

Олай болса мемлекеттік бағдарламалар арқылы да туризм саласын дамытуға ден қойғанымыз дұрыс. Яғни Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында, одан алдыңғы «100 нақты қадамында» да айтылған туристік кластер құруда әлемнің дамыған озық елдерінің тәжірибесіне сүйенгеніміз де жөн болар.

10 негізгі бағыттан тұратын жобаның бір тармағы – туризмге арналған әлеуетті территорияны анықтауға арналған. Мұндай аумаққа біздің өңірді де жатқызуға болады.

Демек, Түркістанның туристер шаһарына айналуы құрғақ қиял емес. Бір ғана Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне тәу етіп келетіндердің көптігіне қарап-ақ туризмнің рухани шаһар үшін таптырмас табыс көзі бола алатынына көз жеткізесіз.

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп Елбасымыздың өзі айтқандай, рухани жаңғыруға тың серпін беріп келе жатқан туризм саласының болашағы жарқын. Негізінен көне қалаға тарихи жерді көргісі келетіндер, архитектуралық ғимараттарды тамашалауға қызығатындар, зиярат етушілер ағылып келеді. Демек, оларға қолайлы инфрақұрылым да бой көтеруі керек. Өткен жылы Түркістанға 1 миллион 200 мың турист келді.

Яғни қаланы көріктендіру, абанттандыру жұмыстарын да сапалы атқарған жөн. Мұндай жұмыстар жалғасын табуда. Қала аумағындағы көпшілік орындар мен орталық көшелер бойынан қоғамдық гүлзарлар мен аллеяларды көбейту, демалыс алаңшаларын салу қолға алынып, абаттандырылып жатыр. Орталық аймақта орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелерге, жаңадан салынатын гүлзарларға және қолданыстағы саябақтар мен аллеяларға жыл соңына дейін 1 миллион түп гүл, 100 мың түп ағаш отырғызылмақ.

Енді бес жылдан кейін Түркістан бюджетінің қанша пайызын туризмнен табуы мүмкін? Бүгінде кәсіптен, табыстан, салықтан, шетелдік азаматтарға қызмет көрсетуден, басқа да түсетін түсімдердің бәрін қосқанда, Түркістан қаласының бюджеті 5,2 миллиард теңгені құрайды. Демек, келешекте облыс табысын туристер есебінен толтыруға толық мүмкіндік бар. Былтыр 1 миллион 200 мың турист келгенін ескерсек, қала бюджетін өзіміз толтыру үшін туристердің саны 20-30 миллионға жетуі керек. Бұл жүзеге асыруға болатын міндет. Бұл тарапта қалада қауіпсіздік мәселесі де қарастырылып, бүгінге дейін 500 бейнекамера да орнатылып қойды. Яғни «Қауіпсіз қала» бағдарламасы іске қосылып, бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар атқарылу үстінде. Қысқасы, облыстың потенциалын барынша пайдалансақ, ұтарымыз көп.

Е.ТӘЖИЕВ.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.