ҚАЗЫҒҰРТТА РУХАНИЯТТЫ ҚОЛДАУ КҮШЕЮДЕ

Өңіріміздегі тамыр-тарихы тереңде жатқан аймақтың бірі – қасиетті Қазығұрт өлкесі. Ауданда өзге салалармен бірге рухани саланы өрістетуге де баса назар аударылып, жыл басынан бері көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Мәселен Шарапхана ауыл округінің мәдениет үйінде өткен жастар арасындағы “Жайдарман-2019” сайысына ауыл округіне қарасты мектептердің оқушылары қатысып, үздік командалар Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бекіткен іс-шаралар жоспарына сай Жылыбұлақ ауылдық кітапханасында “Тұғыры биік Тәуелсіздік” атты тақырыптық кеш ұйымдастырылып, оқушыларға Тәуелсіздік, Түркістан туралы мәліметтер берілді.

Сондай-ақ Жастар жылы аясында Жігерген ауыл әкімшілігіндегі Ж.Есіркепов атындағы жалпы орта мектебінде Ардагерлер кеңесінің жанынан құралған әжелер алқасының ұйымдастыруымен «Жыл үздігі – 2019» байқауы өтіп, іс-шараны Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Жунисов ашып берді. Ол Ардагерлер кеңесі жанынан құралған әжелер алқасының жыл бойы өткізген ғибратты іс-шараларына тоқталумен бірге, бойында отанына деген патриоттық ұшқыны бар әрбір жастың өңіріміздің дамуы үшін жұмыс жасауы керектігін де баса айтып, жастарды ел үшін аянбай еңбек етуге шақырды. Ж. Есіркепов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Ә.Зұлпыхаров кешке келген қонақтарға алғыс білдіріп, байқау жеңімпаздарын құттықтады. Сонымен қатар еңбек ардагері Жақай ақсақал, ел ағасы Ш.Жамашев, және Б.Рымбекқызы т.б. ізгі тілектерін білдірді. Байқау нәтижесі бойынша «Үздік жас мұғалім» номинациясымен «Диқан» жалпы орта білім беретін мектебінің ұстазы А.Молдасапаров, «Үздік жас тәлімгер» номинациясымен Ж. Есіркепов атындағы мектептен Әбдуәлі Талғат, «Үздік жас мейірбике» номинациясымен Абай дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі А.Жолдасова, «Үздік жас балабақша тәрбиешісі» номинациясымен «Жігерген» балабақшасының тәрбиешісі Марат Айзада, «Үздік жас кәсіпкер» номинациясымен С.Тұрымбетов, «Үздік мемлекеттік қызметкер» номинациясымен Жігерген ауыл әкімшілігінің қызметкері Әбдуақап Бақберген, «Үздік оқушы» номинациясымен Ж.Есіркепов атындағы жалпы орта мектептің 11-сынып оқушысы М.Бейсеқұл марапатталды.

Байқауға қатысқан барлық ауыл жастарына ауыл әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар тарту етілді. Ел жастарына қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған ауылдың Ардагерлер кеңесі, Әжелер алқасына және М.Сарыбаев, Е.Жылкелдиев, С.Тұрымбетов сынды азаматтарға да алғыс айтушылар аз болмады.

Одан бөлек “Егемен елдің еңсесі биік” тақырыбы аясында санатори типтес №11 мектеп-интернаты оқушылары арасында патриоттық ән байқауы өтіп, байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар аудандық, «Жастар ресурстық орталығы» басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. Байқау соңында ауданның өнерпаздары санатори типтес №11 мектеп-интернаты оқушыларына концерттік бағдарлама ұсынды.

Ал «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының ғимаратында аудан әкімі Т.Телғараев жеке қоғамдық қабылдау өткізіп, оған облыстық мәслихат депутаты Н.Аширов, аудан әкімінің орынбасарлары Т.Қалымбетов, С.Тұрсынқұлов, аудандық мәслихат депутаты С.Сеңгірбаев, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Құралбаев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы С.Алсеитов, ауыл округінің әкімдері А.Ақжолов, Қ.Садықов, А.Нүсеновтар қатысты.

Қоғамдық қабылдауда аудан тұрғындары тарапынан, оқушыларды тасымалдау, жер, қоғамдық көлік жүргізу, жол белгілерін қойдыру, ауылдағы көшелерді жарықтандыру, ағын су мәселесі, материалдық көмек, азаматтық алу, коммуналдық тұрғын үй мәселелері бойынша шағымдар мен өтініштер айтылды. Қабылданған 11 азаматтың арыз-өтініштері оңтайлы шешілуіне дейін бақылауға алынатын болды.

Сонымен қатар Алтынтөбе ауылдық клубында «Ауыл мәдениетін көтеру, салт-дәстүрлерді насихаттау жолында іс- шаралар ұйымдастыру» атты ауылдық клуб және кітапхана қызметкерлеріне арналған семинар-кеңес ұйымдастырылып, оған бөлім басшысы А.Жаншуақов, бөлімнің бас маманы С.Ерімбетов, аудандық мәдениет сарайы директорының орынбасары А.Байжұманов, ОКЖ директорының орынбасары Р.Айтубай қатысты.

Семинар-кеңесті өткізудегі мақсат Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру, сондай-ақ клуб қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылатып, тәжірибе алмасу болатын. Семинар барысында салт-дәстүрлерімізді насихаттау, жаңғыру жолындағы өзге де өзекті мәселелер қозғалып, оларды шешу жолдары талқыға салынды.

Сондай-ақ ауданда «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы шеңберінде рухани құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында ауданның ардагер ақсақалдары Бәйдібек ауданына барып қайтты. Олар «Домалақ ананың» кесенесіне зиярат етіп, ата-бабалар рухына арнап Құран бағыштады, ауданның тарихи орындарымен де кеңінен танысып шықты.

Осындай игі іс-шараны өткізуге аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ә.Өмірбайұлы, мәслихат хатшысы Ө.Бұхарұлы және мәслихат депутаты, фракция мүшесі С.Сеңгірбаевтар өзіндік үлестерін қосты. Ақсақалдар ата-баба рухына тағзым ету салт-дәстүріміздің ең асыл құндылықтарының бірі екендігін тілге тиек ете отырып, партиялық жоба аясында жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға көңілдері толатындарын жеткізді.

Ал «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі жиын Қазығұрт ауданында болғанында да аудан тұрғындарының мәдени және рухани толысуына сеп болатын бірқатар жүздесулер өтті.

Керуен құрамында Түркістан облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы «Халық шығармашылығы орталығының» бөлім басшысы А.Қыдырбаева және Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы М.Мұстафаев, бөлім маманы Б.Ботақараев және жауапты қызметкерлер болды.

Жиынды Қазығұрт ауданы әкімі орынбасары С.Тұрсынқұлов ашып беріп, А.Қыдырбаеваның, М.Мұстафаевтың, Қазығұрт ауданы «Әжелер алқасы» төрайымы Л.Жанысбекованың, ауданның бас имамы М.Әлімбековтің, «Кемел ел» қоғамдық бірлестігі төрағасы Д.Уразбаевтың баяндамалары тыңдалып, жиынға қатысушылар тарапынан руханият турасында қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді.

Осы салада аудан өнерпаздарының жеткен жетістіктері де көңіл қуантарлықтай. Мәселен жуырда мәдениет пен өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, ұлттық өнер арқылы отанды сүюге тәрбиелеу, би әлеміндегі балалар арасындағы жаңа талант иелерін анықтау, олардың шығармашылығына жол ашып, кеңінен насихаттау мақсатында Түркістан қаласында өткен «Сәлем саған, Түркістан!» өнер фестивалінің баларға арналған облыстық би байқауында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жолдамасымен қатысқан «Балауса» би тобы жүлделі ІІІ орынды иемденді. Өнерлі өрендердің алар асулары бұдан да биік болатынына сенім мол.

Руханияттан бөлек ауданның ауыл шаруашылығы саласы да биылғы жылды табыспен аяқтауға жақын. Аудан «Агроөнеркәсіп кешені» даму бағдарламасы бойынша облыста үшінші орынды иеленсе, астық өндіруден бірінші орында.

Жергілікті шаруалардың биылғы жылы да кірісі молайып, астықтан мол өнім алып, жеміс-жидек, бау-бақша, көкөніс дақылдарын өсіруде еселі еңбек атқарды. Айталық кәсіпкер С.Ормановтың жылыжайында отызға жуық адам жұмыс істейді. Өнімге сұраныс та бар. Олар негізінен өнімді Алматы, Астанаға жөнелтеді. Шынында да биыл агросалада атқарылған жұмыстар ауқымды. Мәселен, бүгінгі таңда бұл саладағы табыс 34 млрд. теңгені құрап, 84 мың 500 гектар егістік алқабы игерілді. Мақсарыдан 8600 тонна, бақша өнімдерінен 3 мың, көкөністен 12600 тонна өнім алынды.

Осылайша Қазығұрт ауданы жыл қорытындысы бойынша облыста ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатардан көрініп отыр. Мұндай жетістіктің адал еңбек, маңдай термен келгені де анық.

Қысқасы, Қазығұртта кәсіпкерлік қарқынды. Ал өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуда қоғам болып бірлесе күш біріктірер болсақ, алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Өйткені өңір болашағы өз қолымызда.

Б.КЕМЕЛ.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.