СЫНДАРЛЫ СӘТТЕН ӨТКЕН ӨҢІР ЕНДІ ЕҢСЕСІН КӨТЕРЕ МЕ?

Доңыз жылында облыстың орталығын киелі Түркістанға жедел көшіріп, әбіржіп жатқанда  Арыс қаласында болған әскери қойманың жарылысы үлкен ауыртпалық әкелді.

Ел басына күн туса, жұдырықтай жұмыла қалатын Қазақ елі ұлт ұстанымын берік сақтап, сындарлы сәтте елдікті танытты. Республиканың барлық облыстары және облысымыздың аудандары Арыс қаласының аумағын секторларға бөліп, жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Қаланы қалпына келтірудің тізгінін ұстаған облыс әкімі, елімізге танымал тұлға Шөкеев Өмірзақ Естайұлы ат үстінен түспей жүріп ел сенімін ақтады. Осы игі іспен қат-қабат Түркістан қаласының құрылысымен қатар, рухани астанамызды көркейту мен көгалдандыру да ойдағыдай жүргізіліп жатты.

Өңірдің ішкі тыныс-тіршілігіндегі ағымдық жұмыстар да жылдағыдай жоғары көрсеткішпен аяқталғаны мәлім етілді.

Қағазға қарасаң аузың ашылатын жетістіктер бар да, ал ауылға кірсең, сұрқы жоқ. Адамдарына қарасаң – сүлесоқ, еңсесі түсіп кеткендей жігерсіздік байқалады. Тура бөтен қорада жүргендей.

 

Сонда бізге не жетпей жатыр?

Былай қарасаң, тойдан қолымыз тимейді. Қаладағы тойханаларға айлап кезек күтуге тура келеді. Шалғайдағы ауылдардан 200 километрге келіп, облыс орталығында той өткіземіз.

Қалада бір үйден бірнеше машина жай шығатын болды. Тіпті, бір үйден әкесі, баласы мен қызы түгілі, шешесіне дейін жеке-жеке машинамен жүретіндігі кәдуілгі өмір көрінісіне айналды. Енді жұрт «пробканың» көкесін Шымкентте көретін шығар.

Қаладағы «Тұлпар», «Наурыз», «Тараз», «Ақ Жайық» сынды «байлардың» шағын ауданындағы ғана емес, басқа жерлерде салынған көп қабатты үйлердің өзін көргенде алыс-жақын көршілес елдердің «бай-бақуаттыларын» аяғандай боласың.

Есепсіз байлықты көргенде, бабаларымыздан қалған мұра ғой деп көңіл жұбатқың келеді. Бірақ миллиондаған жұмыссыз бен аз қамтамасыз етілген отбасыларды, кредитке белшесінен батқан қазақты көргенде, бір шалдың баласының ортақ мұрасын ала-құла етіп бөлген бе дейсің. Бірақ солардың қалай байығанының бәрін халық көріп-біліп отырған соң, ел тізгінін ұстаған атқарушы билікке қалай іші жылысын?

Жұрт айналасындағы сыбайлас жемқорлықтың дендеп бара жатқанына, адам құқығы қотыр лақ құрлы болмай қалғанына, ел заңнамаларының бишікештердің «ойыншығына» айналғанына көздері жете бастаған соң, еңсесі түспегенде қайтсін? Әділдіктің бір келетінінен үмітін үзбеген халық күндердің күнінде қазаққа «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» күн туатынына сенімді. Сан ғасырдың мыңжылдықтарында қанға сіңіп, тектіліктен түзілген ұлттық құндылығымыз елімізде саяси тұрақтылық пен бейбіт өмірді көздің қарашығындай сақтап отыр. Және уақытша қиындықтарға төзімділік таныта алады. Сондықтан да өз ортамызда орын алған өрескел келеңсіздіктерге ұлттық болмысықа сай кеңдікпен қарауды үйренгенбіз. Соны бағалаудың орнына, жергілікті биліктің беталдылыққа жеткен шенді-шекпенділері оларды тобырға жатқызатын сыңай байқатады.

Осының бәрі соңғы отыз жылда ұлттық құндылығымызды ұмыт қалдырып, «Ақша» деген сөзден басқаны есітпегендей болып қалыптасудан шыққан сияқты. Даланың «дана» демократиясын ұмытып, батыстың «жалаңпұт» демократиясына жабысты. Әлемді тәнті еткен ұлттық құндылығымызды ұмытып, рухани азғындықтың жолын таңдадық. Қара бастың қамымен жүрген жергілікті билікті ұлттық идеология қызықтырмайды.

Даңғазалық пен арзанқол мақтангершілік дендеп кетті. Туған жер мен елге шынайы жанашырлық ұмыт қалып, көзбояушылық қанат жайды. Соның бәрі халықтың көз алдында өткендіктен, ел-жұрттың билікке сенімі жоғала бастағанын көрмей-білмей отырмыз деп айта аламыз ба?

Бізде көп нәрсенің бар болғанынан не пайда? Қарапайым халық пен биліктің арасында үйлесімділік қалыптаспаған соң.

Елімізде керемет заңнамалар жасалынды. Мемлекетіміздің жарқын болашағын айқындаған статегиялық жоспарлар бар. Әлеуметтік-экономикалық дамуды өміршеңдік ететін мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатады. Халыққа әлеуметтік қорғау көрсетуді былай қойғанда, жеке адамдардың баюын қолдап, мемлекеттің қаншама жүздеген миллиард қаржысын жұмсаймыз. Өте бай мемлекетпіз. Ел ішіне ағылып жатқан мемлекеттің бюджет қаржысы туралы есітсең есіңнен танасың.

Қараңыз, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету қолға алынғалы қанша миллиард теңге жұмсағанын Үкіметтің өзі де нақты айта алмайтын шығар-ау. Оның қашан аяқталатын, енді қанша қаржы кететіндігі де бір Құдайға аян.

Ел – өзіміздікі. Отан – ортақ. Тыныс-тіршілігімізге араласып жатқан жатжұрттық жоқ. Ел дәулетін сонша талан-таражға салатындай не күн туды басымызға? Елдің іші тыныш, қарын тоқ, көйлек көк. Тек, «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласынның» кебін киіп, беталдылыққа жеттік. Ұлттық намысты ұмытып, отаншылдықты «Ақшаға» айырбастап, имандылық пен ұлт құндылығының қадірін кетірген соң, «Басиесіз елдің иті – осырақтың» кебін киіп қала бердік.

 

«Басиесіз елдің иті – осырақ»

Қазіргі айналамыздағы беталдылықтың көрінісі амалсыз ауыр сөзді ауызға алдырады. Қараңыз, Жетісай ауданындағы «Кернеу Лилитет ТОО фирманың» 8 бригадасының 110 жұмысшысы 3 ай жұмыс істеп, 1 тиын айлық алмайды. Отбасындағы 500-ден астам адам 3 ай тиынсыз қалып, аузын желге ашып отырғанда ауданда «былқ» еткен адам табылмайды. Мұндай сорақылық Африкада да жоқ шығар. Бірақ, біздің «Техаста» бар екен. Еңбек адамдарының «Жанайғайынан» кейін редакцияның араласуымен жұмысшылардың бір жарым айлық жалақылары төленіп, мердігер қалған ақшаны төлеуге уәде береді.

Сонда бұл ауданда еңбек туралы, адам құқығы туралы заң орындамайтын болғаны ма? Қазір әр мекеме, әр кәсіпорын өз алдына би болған. Ел заңнамала­рын мүлтіксіз сақтау ұмыт қалған.

Ал, енді Шымкент қаласы, Абай ауданы «Самал» шағынауданында жеке кәсіпкердің екі жекеменшік электротрансформаторымен ауылдастарына электр қуатын жеткізетін қызметін аудан әкімінің орынбасары өзінің туыс қарындасына тартып әпереді. Тұтынушы тұрғындардан бірде-бір рет кәсіпкердің атына наразылық хаты түспеген. Көше тұрғындарының бірде-бір рет жиналысы өткізіліп, хаттама жасалынбаған. Тып-тыныш жатқан жерге келіп соқтыққан «замаким» ең құрығанда тұрғындардың наразылық хатын көрмеген. Не деген сорақылық?! Не деген зымияндық?! Бір рет кәсіпкерді шақырып, қызметін тоқтату талабын қойған. Кім оған көне қояды? Араға апта салмай жатып бір күнде 2 трасформатор ұрланады. Ұры табылмайды. Ұрланған дүние ізделінген жоқ деуге болады. Өйткені «трансформаторлар» қалтаға салып әкететін нәрсе емес қой. «Халық жанашыры» болған шенеунік табан астында 2 трансформатор тауып, орнына қояды. Онысы мемлекеттің бюджет қаржысына сатып алынған мүлік болып шығады. Өзіне тиісті болмаса да, өзінің тұмсығын тығып жүріп, туысқанын екі трансформатордың “қожайыны” етіп шығарды. Бұл бір сорақылық ғана ма? Өңірде мұндай заңбұзушылыққа аттап бассаң сүрінесің.

 

Артық қыламын деп тыртық қылудың зардабы

Осыдан оншақты жыл бұрын облыс тізгінін ұстауға келген өз жерлесіміздің құлағына қай “данышпанның” сыбырлағанын қайдам, облыста басшы болатын кадр жоқ деген лақапты ұрандатып шыға келді.

Облыста Бекеңнен қалған «пиар» жасау саябырсып, тауық туса, «Бекеңнің еңбегі ғой» деп сөйлеу тоқтатылып, жиындарда аймақтың шынайы жағдайын айту енгізіле бастаған еді. Бұл жаңа басшыға ұнамады.

Халқының ортасында жүріп, адал қызметімен аңыз боларлық игі іс атқарған Отырар ауданының сол кездегі әкімі Бейбіт Сыздықов сынды нағыз елжанды азаматтар қызметінен шеттетілді. «Кадр тапшылығын» дәлелді ету үшін бір Сарыағаш ауданының өзінде бір жылда 4 әкім ауыстырылды. Облыста кадр резервін жасаудың жолын ойлап таптық деп республиканы шулатып жібердік. Қайда сол дайындаған резервіміз? Түркістан облысының қазіргі әкімі Ө.Шөкеев дайын тұрған резерві бар болса, 5 орынбасарын республиканың түкпір-түкпірінен жинар ма еді? Әлде бұл «Ауылдағының аузы сасық» дегеннің өмір көрінісіне айналғаны ма?

Бұрын жиындарда «Елбасының тапсырмасына сай» деп айтылатын болса, оңтүстікте енді облыс, тіпті аудан әкімдеріне «Сіздің берген тапсырмаңызға сай» делінетін қолпаштаусыз әңгіме айтылмайтын болды. Әкім­дер­ді, мемқызметкерлерді «Ләп­пай, тақсыр!» етіп шығардық. Шенеу­ніктердің дені алдына қара­па­йым халық келсе, Елбасы айтқандай, «Как бог, как царь» болып шыққанымен, жұмыстар­дың нәтижесіне келген­де, жауап­кершілігін көрсете алмады.

Қараңыз, әр балаға 21 мың теңге жәрдемақы төленгенде ата-ананың қолынан құжаттарды мемлекеттік мекеме қызметкерлері қабылдайды. Қабылданған құжаттар арнайы комиссияда қаралып, рұқсат беріледі, содан кейін барып ақша төленеді. Енді келіп жүздеген адамдардың құжаты дұрыс емес екен, миллиондаған ақшаны қайта өндіру керек деген дүрбелең шықты. Сонда құжатты тексеріп қабылдаған мемқызметкер ай қарады ма? Мемлекеттің қаржысының талан-тараж болуына жол берген сол емес пе? Мемлекеттік маңызы бар іске жауапкершілікпен қарау деген қайда қалды? Бұл қызметкер базарда пісте сатып отырған адам емес қой. Алдында компьютер тұр. Базаға кіріп, кез келген мәліметті тексере алады. Солай болса да, жауапты қызметкер саусағын саусағына тигізбеген ғой. Жұртты әбігер қылған осы «кашаны» пісірген бір «чиновник» жаза алған жоқ. Ал енді осыдан кейін жергілікті биліктің қызметкерлеріне кім сенеді? «Ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалбыр байлаған» сүлесоқ мемқызметкер өзінің «крышасының» арқасында әлі талай былыққа бата беретіні анық болып қалды.

(Жалғасы бар).

Ә.МҰРАТБЕКОВ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.