ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ – ҰЛТ МЕРЕЙІ

Бүгінгі күні ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттің маңызды мәселесіне айналып отыр. Сол себепті ең алдымен ұлтымыздың қадір-қасиетін арттырып, халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін, жастарымыздың біліктілігін жетілдіруге басты назар аударуымыз қажет. Елімізді озық, дамыған мемлекеттердің қатарына қосуда ұстаз қауымының қосар үлесі зор.

Қазіргі жаңа қоғамның педагогтары кәсіби шеберліктерін арттырып, білім беру мекемелерінде, ұжымдарда логикалық ойлау, дағдыларын және шығармашылық тәсілдерін қолдануды игеруі керек. Оқытудың мазмұны мен қағидаларын қолдана отырып, оқыту қолжетімділігін және білім беру үдерісін ұйымдастыру әрбір педагогтың міндеті болып саналады.

Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында үлкен ой жатыр. Ұлы ойшыл Абайдың бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа қоғамға бейім болуға шақырғаны бізге мәлім. Ұлы ойшылдар мен тұлғалардың көзқарасы ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы мен оның береке бірлігі үшін аса зор құндылық болып табылады. Қазіргі күн педагогтарға жаңа талаптар мен міндеттер жүктейді. Жаңартылған білім беру бағдарламасын жүзеге асыра отырып, жаңа форматтағы тұлғалардың қоғамдағы орындарын айқындау керек.

Жаңа қоғамдағы жеке тұлғаны қалыптастыру ең басты мәселе. 2019 жылы 31 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қол қойды. Педагог мәртебесін айқындайтын заң жалпы 21 бапты, негізгі 4 бағытты қамтиды. Бұл бағыттардың барлығы педегог мәртебесін айқындауға үлесін қосады. Сол себепті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Тарих және педагогика» факультетінде 5В011600 – география, 5В11400 – тарих мамандықтары бойынша педагогикалық бағытта мамандар даярланады. Педагогикалық практика барысында жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша бекітілген практика базаларында өздерінің теориялық білімдерін практика жүзінде қолданады. Сонымен қатар қазіргі білім бағдарламасы бойынша оқыту нәтижелерін бітіруші түлектеріміз болашақ қызметінде қолдана отырып,  бағдарлама құзіреттілігін іске асырады. Педагогикалық мамандықтар бойынша жасалынған білім беру бағдарламалары қазіргі мұғалімдерді дайындаудағы міндеттерді шешу үшін маңызды құжат болып табылады.

Әрине, бұл қабылданған заң орта және жоғары білім беру ұйымдарының ұстаздарына үлкен серпіліс беретіні анық. Сонымен қатар кәсіби шеберлігі жоғары, өз мамандығына сенімді педагогтар ұлтық болмысы ерекше, білімді, тәрбиелі саналы азаматтар тәрбиелеп шығатынына күмәніміз жоқ.

Педагог мәртебесі өзінің тәрбиелеген шәкіртінің болмысына сай жоғарылайтыны сөзсіз. Сондықтан баланың болмысы биік болу үшін мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек.

Қ.Орынбаев, С.Нұртілеуова,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Жалпы тарих және

мұражай ісі» кафедрасының аға оқытушылары.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.