ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЕТІ МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМҒА «ҚАМҚОРЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША КӨМЕК КӨРСЕТІЛМЕК

Түркістан облысында 500-ге жуық отбасы «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы бойынша жан-жақты көмек алды. Жалпы, өмірлік қиын жағдайдағы жандарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетудегі жаңа жоба аясында 1534 отбасына, яғни, 6643 адамға көмек көрсетілмек.  Бұл мақсатта жергілікті бюджет арқылы 1,6 млрд. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсету қарастырылуда. Осы және өзге де маңызды мәселелер облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте қаралды.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырыла бастаған жаңа бағдарлама аясында тұрмыс тауқыметін тартқан жандарды қажетті азық-түлікпен қамту, медициналық жәрдем беру, тұрақты жұмысқа орналастырып, мамандығы жоқ азаматтарды қайта оқу курстарына жолдама беру, баспанамен қамту мәселесін демеушілерді тарта отырып шешу көзделген.
Аталған шараға жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары мен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы бастаған бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері және жеке кәсіпкерлер қатысуда. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, олар әр үйді жеке аралап, жағдаймен танысуды жалғастырады.
«Елдігімізді көрсетуіміз керек. Бұл шараны жүйелі түрде, тұрақты түрде жүзеге асып отыру қажет. Әр әкім өзі жүріп, нағыз көмекке зәру отбасын анықтап, олармен тығыз байланыста болсын. Қазіргі тізіммен тоқтап қалмайық. Осы отбасыларға «аяғынан тұрып кететіндей» жағдай жасап, көмекті нағыз қажет ететін жандардың әрқайсысына жеткізу керек», – деді Өмірзақ Естайұлы мәжіліс отырысында.
Аппарат мәжілісінде Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын, Алтын Орданың 750 жылдық мерекесін Түркістан облысында атап өту бойынша жоспарлар талқыланды. Бұл мақсатта өңірде 350-ден астам шара өткізу көзделген. Мерейтойлар аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдардың басын қосқан конференциялар ұйымдастыру, бірқатар халықаралық экспедициялар мен қазба жұмыстарын өткізіп сенсациялық жаңалықтар ашу күтілуде.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.