«БӘЗ БАЯҒЫ-БАЯҒЫ, БАЛҚОЖАНЫҢ ТАЯҒЫ…»

Апта басында Шымкент қаласының су жаңа әкімі М.Әйтенов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Біз кездесуден Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың ұстаным еткен жұртшылықпен еркін форматта пікірлесуі, ашықтық, яғни көлгірсіп көпшік қоя сөйлеуге жол берілмей, қала тынысына шынайы жанашырлық салиқалы да, салмақты сөз болады деп күттік. Жиын тізгіні қоғамдық ұйымның жетекшісіне берілгенімен, сопаң етіп өзіміздің «советский сценарий» шыға келді. Мемлекет басшысының жаңашылдықпен көрсеткен азаматтық қоғамның белсенділігін көтеруден гөрі, үйреніп қалған «ағыспен жүзіп» «Егемен», «Казправдадан» бастап, ресми газеттерден кейін басқа БАҚ-қа жол ашып жібергендей етілді. Кейін сөз сұрап сөйлеген қаламгерлер әкімнің алдында білгендерін жеткізіп қалуға тырысты.

Туған жерінің жанашыр қаламгерлері қала тынысындағы келеңсіздіктерді көрсетуде: апатты жағдайдағы үйлердің бар екендігін, тіпті жаңадан салынып пайдалануға берілген үйлердің сапасы төмен екендігін, «Тұран» ықшам ауданына қоғамдық көліктің қатынасы нашарлығын тілге тиек етті. Әлеуметтік желі блогерлерінің сыни материалдарды тиісті сала басшыларының жауапсыз қалдыратындығы жайлы айтылған өкпе-назына тұщымды жауап алынбағандай болса, қаламгерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де түсініксіз күйінде қалды деуге болады.

Алқалы жиынға бас қосқандардың бәрінің «илегені бір терінің пұшпағы» болғанымен, «ашық алаңға» ашық-тықтың жетпегені бай-қалып-ақ тұрды.

«Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» делінетін сенімге ие саланың өкілдері екі мың жылдық тарихы бар еліміздегі ірі қаланың бірі – Шымкенттің бүгіннің ғана емес, оның болашағы туралы сөз қозғалғанда айтылар сыр да өзгеше болар еді-ау.

Шымкент 2010-шы жылдарда-ақ бір миллион тұрғыны бар қалаға айналып қалған болатын. Ол кезде қалаға тіркеуге тұру ішкі істер органының «тас қамалына» кіргенмен бірдей болатын. Өзіңнің туған немереңді үйіңе тіркетудің машақаты аз болмайтын, ал таныстың үйіне тіркелуге «қалтаң» көтеретін болуы керек. Осы кезеңде қала тұрғындарын есепке алу босаңсыған кез болды.

Кезінде Елбасы Н.Назарбаев Шымкент қаласына миллион тұрғыны бар шаһар ретінде ерекше статус беру керектігін айтып еді. Бұл мәселеге жергілікті атқарушы билік жеткілікті мән бермей жүргенін аңғарған Елбасы тағы да қозғағаннан кейін амалсыз әрекет жасауларына тура келді. Қала билігі етек-жеңімізді жинайық деген ниеттегі іс-қимылға бара қоймайды. Қаланың байырғы тұрғындары да, қызмет істеп елімен етене араласып жүрген оң ниеттегі көкірегі ояу, көзі қарақты жұрттың бәрі де Шымкентте 1 миллионнан астам адам тұратынын біледі.

Елбасы тапсырмасын өміршеңдік етуге алаңдаушылық білдірген «жарты патшаның» ойлап тапқаны – қаламен шектесіп жатқан Ордабасы, Төлеби және Сайрам ауданының бірқатар елді мекендерін қала аумағына қосу болды. Қала көлемі пәленбай мың гектарға ұлғайды деп «уралап» жаттық. Сонау Бадам стансасының түбіндегі Көкбұлақ ауылынан бастап, Қазығұрт ауданының Рабат ауылының түбінде жатқан 20 шақырымнан астам шалғайдағы «Опыт» ел мекендерінен, Төлебидің Маятасынан айналдырып Сайрам ауданының ауылдары қаланың территориясы деп белгіленді. Сондағы аудандардың алып қалаға қосылғандағы халық саны 200 мыңға да жетпеді. Шымкентте тұрғанмен тіркеу есебіне алынбағандардың «басына ұрып» санағанда 400 мың адамның болатындығы бес жасар балаға да белгілі. Бірақ, бас ауыртатын адам жоқ. Болмаса, Шымкентті бұрынғы территориясымен қалдырып, қалаға қосып алған ауылдарды өз аудандарына қайтаратын уақыт болды.

Қаншама әуре-сарсаң басталды. Мыңдаған мұғалімдер ауыл мұғалімдеріне төленетін 25 пайыздық үстеме ақыдан айырылып, бала-шағаларының нәпақасы миллиондаған теңгеге қысқарып кетті.

Бірлі-жарым жергілікті басылымдар шырылдап жазып, Шымкентте 1 млн. 200-300 мыңнан кем халық тұратындығын көрсетіп, қоғам белсенділері мен жастарды тартып, өзекті мәселенің дұрыс шешім табуына жұртшылықты жұмылдыруды сұранды. Өңкей «данышпан» тұратын қалада қарапайым жандардың үні естілуші ме еді? Қаланың шеті неге 120 шақырымға ұзармайды, бас ауыртар жан бар ма? Халық қалаулылары ма, олар халықты неғылсын? Ел-жұрттың болашағы дегеннен гөрі, әкімнің айтқанын қуаттап, оның көңілінен шықса болды ғой.

Қалаға жарты жылдай ғана әкім болған Е.Айтаханов қызметке кіріскеніне екі күн өтпей жатып қаланың бұрыш-бұрышындағы ауылдарды аралап, безіп кетті. Шалғайдағы ауылдардың келбетін тура қаладағыдай етіп, жайнатып қоюды армандаған сияқты. Жалпы соңғы жылдары Шымкенттің тізгінін ұстауға арман қуған жігіттердің жиналатындығы үрдіске айналды. Бірі «зың», бірі «дың», бірі «жым» т.с.с. болып келетін «асыл ерлердің» аузынан Лас-Вегас, Лондон, Париж бен Токио түспей, шымкенттіктер қиял әлемінде жүруге дағдылана бастады. Қалаға келген әкімдерді стратегиялық маңызды нысандардың жай-күйі де қызықтырмады.

«Шымкент сасыған су ішіп отыр» деген сөз намысымызға тимеді. Қаланың кейбір жерлерінде жұрт сығырайған «светпен» отыр дегенге әлі күнге дейін немқұрайды қараймыз. Қалада газ баллон тасып жүргендерді көрсек, «табиғи газ кіргізбепті ғой, кіріп қалар» деп тоқмейілсиміз. Шымкент бұлай өмір сүруге тиісті емес еді. Амал не?

Бір кездері облыс тізгінін он бір ай ұстап кеткен, нағыз мемлекетшіл тұлға Өмірзақ Шөкеев Шымкенттің жайын ойлағанда шырылдап тұрып, «қаланың қожайыны жоқ» деп айтқанының растығын өмірдің өзі көрсетуде. Қазақ «Елім деген ер азаматтан» кенде болған емес. Қалаға шын жанашыр бола алатын әкім де келді. Елдің жайын білетін алғыр ойлы, көркем мінезді, тынымыз еңбек иесі, іскер кадр Арман Жетпісбаев өндірістің ортасынан қала басшысы болып келді. Қаланы көркейтуде айтулы жұмыстар атқарылды. Ең бастысы, қаланың көркіне назар аударып, 45-50 жылдай сұрқы кетіп тұрған көпқабатты үйлердің сыртқы келбеті жаңарып шыға келді. Қала әкімдігіне «крышаға» сүйенбейтін іскер жас кадрлар қабылданды. Басшылық қызметінің 4,5 жылында соңынан сөз ілестірмей, қала тұрғындарының ілтипатына ие болған «қала қожайынының» тым білгіштігі облыстағы «жарты патшаға» ұнамады ма, әйтеуір қисынсыз «түрткілеуге» төзгісіздік көрсеткен. А.Жетпісбаев біреулерге «керек болып» тұрған лауазымды облыс басшысының қолына ұстатып кетті.

Сондағы келген әкім бір жылға зорға шыдады. Іскерлігімен таныла білетін А.Жетпісбаев бұл күнде еліміздегі «Самұрық Қазына» басшысының бірінші орынбасары болып абыройлы қызмет атқаруда.

Игілікті іске де қиянат

Қазақтың ұлы ақыны Қадыр айтқандай, бір жақсылығы мен бір жамандығы қатар жүрген қазақпыз ғой. Бұдан Шымкент қалай қалыс қала қойсын. Кешегі жекешелендірудің екпіндеп тұрған заманында оңтүстік өңіріндегі стретегиялық маңызы бар электр қуатымен қамтамасыз ететін сала да жекешелендіріліп кетті. Жаңа құрылымның жұмысын игеріп кетудегі қиындықтардың зардабын қарапайым халық көрді. Басы мен аяғы жоқ істің жөнделер түрі болмаған соң, елжандылығы ерен азаматтар өзекті мәселені түбегейлі шешуге бел буды. Көпті көрген көне көз қариялармен, ардақты ардагерлермен, отаншыл азаматтармен ақылдаса келе жекешеленіп кеткен саланы мемлекеттің бақылауындағы мекемеге топтастыруға келісті. Бұл мәселені шешуге Мемлекет басшысының ғана құзыреті жететін болғандықтан, Тәуелсіз еліміздің негізін қалаған Тұңғыш Президентіміз, Елбасыға оңтүстік өңірі жұртшылығының өтінішін жеткізу керек деп шешілді. Мемлекет басшысына облыстың жұртшылығы атынан мәселе көтеруді жеткізу жеңіл-желпі тірлік емес еді. Осы өзекті мәселені көтеруге бастамашылдық жасаған оңтүстіктің нағыз отаншыл перзенті, есімі өңір жұртшылығының аузында құрметпен айтылатын Әділхан Арғынбеков болды. Облыс жұртшылығы оған үлкен сенім артса, тұлпардың тұяғы, тектінің жұрнағындай болған бауырымыз сенімге лайық азамат еді.

Осы мәселені көтерген кезде ол ат үстінен түспеді. Ел ортасында жүріп, жұртшылықты тыңдады. Өңірдің төрт бұрышын аралап, 4 Кеңес Одағының Батырына, 12 Социалистік Еңбек Еріне, 14 КСРО және Қазақ ССР-і депутаты болған қоғам қайраткеріне сәлем беріп, олардан қолдау тапты.

Содан кейін үлкен ұқыптылықпен Елбасыға ел атынан хат дайындалып, жоғарыда көрсетілген қоғам қайраткерлерінің атынан жолданды. Елдің хаты Елбасының қолына тиді. Ел Президенті мәселені шешіп беруді республиканың Бас прокуроры Хитринге тапсырады. Мәселені шешу айлап уақыт алғанын білген Елбасы маңызы мәселені өз бақылауына алып, оны жедел шешкізді. Сөйтіп, облыс аумағындағы жекешеленіп кеткен бұл сала қайтадан мемлекеттік бақылауға алынып, халықтың көзі шырақтай ашылды. Бірақ, біз Шымкентте тұратынымызды дәлелдеп, игілікті іске де қиянат жасадық.

 (Жалғасы бар).

Ә.Мұратбеков.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.