БАҒДАРЛАМА ӨМІРШЕҢДІК ТАБУДА

Бүгінде Түркістан облысында 500-ге жуық отбасы «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы бойынша жан-жақты көмек алуда. Яғни тұрмысы төмен жандарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетудегі жаңа жоба аясында 1534 отбасына көмек қарастырылмақ. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 1,6 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Осы және басқа да өзекті мәселелер облыс әкімі Ө.Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте сөз болды.

Өңір басшысының тапсырмасына сай жүзеге асырыла бастаған жаңа бағдарлама аясында тұрмыс тауқыметін тартқан жандарды қажетті азық-түлікпен қамту, медициналық жәрдем беру, тұрақты жұмысқа орналастырып, мамандығы жоқ азаматтарға қайта оқу курстарына жолдама беру, баспанамен қамту мәселесін демеушілерді тарта отырып шешу көзделген.

Аталған шараға жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары мен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы бастаған бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері және жеке кәсіпкерлер қатысуда. Олар өз кезегінде әр үйді жеке-жеке аралап, тұрғындардың жағдаймен танысуды жалғастырады.

«Елдігімізді көрсетуіміз керек. Бұл шара жүйелі түрде, тұрақты түрде жүзеге асып отыруы қажет. Әр әкім өзі жүріп, нағыз көмекке зәру отбасын анықтап, олармен тығыз байланыста болсын. Қазіргі тізіммен тоқтап қалмайық. Осы отбасыларға аяғынан тұрып кететіндей жағдай жасап, көмекті нағыз қажет ететін жандардың әрқайсысына жеткізу керек», — деген өңір басшысы бұл мәселені ұдайы бақылауға алатынын да атап өтті.

Сондай-ақ Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын, Алтын Орданың 750 жылдық мерекесін Түркістан облысында атап өту бойынша жоспарлар талқыланды. Осы мақсатта өңірде 350-ден астам іс-шара ұйымдастырылатын болады.

«Қазақстан жолы» – ақпарат.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.