АБАЙ МҰРАСЫ – ҰРПАҚ ҚАЗЫНАСЫ

Жуырда М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын талқылау жиыны болып өтті. Дөңгелек үстелге колледж директоры, т.ғ.д. С.Әлібек және оқу орнымыздың ұстаздары қатысты. Басқосуда колледж директоры С.Әлібек ел Президенті мақаласының мазмұнына ерекше тоқталып, ондағы жоспарларды жүзеге асыру жолдары жайлы сөз қозғады. Ұлт әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ойшылдың даналық сөздерінің қазіргі қоғаммен астасып жатқаны жайлы келелі пікірлер айтылып, тың ойлар ортаға салынды.

Сонымен қатар, Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жалғастыру мақсатында іс-шараға қатысқан оқытушылар  Абайдың бірнеше өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыды. Қанша уақыт өтсе де ұлы ойшылдың ой-тұжырымдары еліміз үшін маңызын жоймайтыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”  мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтқандығын мәлімдеген болатын.  Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Демек, Абай мұрасының ел дамуына тигізер пайдасы зор екендігін негізге алып, ұлт руханиятын жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жағын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн. Жиын барысында оқытушылар да мақаланың осындай маңызды тұстарына көп тоқталып, ондағы негізгі бес бағыт жөнінде пікір білдірді.

Абай шығармаларындағы ғылым мен білім тақырыбына талдау жасаған Мемлекет басшысы ақын тұжырымдары қазір де өзектілігін жоймағанын жазған болатын. Әсіресе, білім жүйесіне қатысты Абайды дәріптеудің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екендігін ұстаздар ақын туындыларынан мысал келтіре отырып,  дәйекті сөздермен дәлелдеді. Абай әлемін жас ұрпаққа дәріптеуге арналған колледжішілік іс-шаралардың жоспарлары құрылып, ұжым мүшелері бірнеше оқытушыны аталмыш шараларға жауапты етіп тағайындады. Ұлы ойшылдың  175 жылдығына арналған мәдени жиындарда да колледж оқытушыларының белсенділік танытуы қажет екендігі айтылып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

 Б.Маркабаева, М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжі директорының

оқу-өндірістік  ісі жөніндегі орынбасары.

 

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.