ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ БАСПАНАҒА МҰҚТАЖ КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫҢ ШАҢЫРАҒЫНДА БОЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Бәйдібек ауданы, Шаян ауылындағы көмекке мұқтаж көпбалалы ананың шаңырағына барып, отбасының бүгінгі тұрмыс-тіршілігімен танысты. 6 баласымен жалдамалы лашықты паналап келетін жалғызбасты ананың бар арманы – баспаналы болу. Көпбалалы ана ауыл ауруханасында кіші медициналық қызметкер болып жұмыс істейді. Отбасының тұрмыс жағдайын көзбен көрген аймақ басшысы аудан әкіміне баспана мәселесін уақыт күттермей шешуді жүктеді. «Қамқорлық» бағдарламасы аясында ауыл тұрғынына жаңадан салынып жатқан екіқабатты тұрғын үйден пәтер берілетін болды.

Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Боралдай ауылдық округінде орналасқан «Шаян» индустриалды аймағында орналасатын жобалармен танысты. Өмірзақ Естайұлы аймақтың өзекті мәселелерін көзбен көріп, аудандағы елді мекендерді газбен қамтамасыз етуді міндеттеді.

Бұдан кейін аймақ басшысы Алғабас ауылдық округі Қазата елді мекеніндегі су тазарту қондырғысының жағдайымен танысты. Су жүйелерін қайта құрылымдап, жақын маңдағы төрт елді мекендерге таза ауызсу тарту мәселесі бойынша жауапты мамандармен кездесті. Сонымен қатар  Қапшағай су қоймасының жөндеуден өткізу жобасы талқыланды.

Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы Орталық саябаққа жүргізілген абаттандыру жұмыстарымен танысты. Өмірзақ Естайұлы ауылдағы ішкі жолдардың қазіргі жағдайын сынға алды. Жөндеуден өткен жылдың сапасына көңілі толмаған облыс басшысы, оларды ретке келтіруді тапсырды.

Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Созақ ауданындағы «Ұланбел – Созақ – Шаян – Екпінді»  автомобиль жолынан Жаңатас қаласы бұрылысынан Созақ ауданына тартылатын магистральды газ құбыры мен АГТС құрылысы жұмыстарымен танысты. Жергілікті ақсақалдармен жүздесіп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.