ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДЫ АРАЛАП, ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Жетісай ауданы Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Ақниет ауылында тұратын көмекке мұқтаж отбасылармен кездесті. Жүк тасушы болып нәпақы табатын отағасы облыс әкімінің орынбасарына кәсіпкерлік негіздерінен білім алып, мемлекеттік грант көмегімен өз кәсібін бастауға ниеті барын айтты.

«Кәсіпкерлік курстарын оқып, өз ісімді ашамын, жағдайымды дұрыстаймын деген әрбір азаматқа біз қолдау білдіруіміз керек. Оқытып, үйретіп, мүмкіндігінше өз ісін бастауда қаржылық мәселелерін шешуге де қолғабыс жасауға болады. Ең бастысы – адамда ниет пен әрекет болуы керек», – деді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.

Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар отбасына «Қамқорлық» бағдарламасы аясында тұрмыста қажетті заттар үйлестірілді.

Сонымен қатар Жетісай ауданы әкімдігінде аудан кәсіпкерлерінің көшпелі үйлестіру кеңесі өтті. Жиынның мақсаты – ауданда кәсіпкерлік саласында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарымен танысу, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында қолбайлау болған мәселелердің шешілу жолдарын қарастыру, ұсыныстарды талқылау. Отырыста Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бағдарламасы аясында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.

Сондай-ақ өңір басшысының орынбасары  Жетісай ауданының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Несие алу, кәсіпкерлік ашу, жұмысқа орналасу, ауыл шаруашылығы, жол, газдандыру, әлеуметтік жәрдемақымен қатар сапалы медициналық қызмет алу мәселелері бойынша өтініштерімен келген тұрғындарды жеке-жеке қабылдаған облыс әкімінің орынбасары әрбір өтінішті мұқият тыңдады. Қабылдау барысында тиісті басқарма мен бөлім басшыларына тапсырма жүктеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.