ҚОРДАЙ ОҚИҒАСЫ ОЙ САЛДЫ МА БІЗДЕРГЕ?

Қаншама жанның қара жамылып, қайғы жұтуына жеткізген Қордай оқиғасының болары болып, бояуы сіңді. Айдың, күннің аманында 11 адам өлім құшып, 200-ге жуық ел тұрғыны түрлі деңгейде дене жарақатын алды. Әлемде жоқ Ассамблеяның арқасында біздің елде 130 ұлт пен ұлыстың өкілдерін біріктіруде «ертегідей» өмір сүріп жатқанының «картасын» ашып тастады.

 Полиция қызметкерлерінің дүнген жігіті мінген автокөлікті тоқтатудан басталған ерегісі ушығып, дүнген жігіттері құқық қорғау қызметкерлерін соққының астына алады. Дәл осындай оспадарсыздық жасалынып, ауру әкесін ауруханаға әкетіп бара жатқан екі жігітті жолға таласып ерегіскен дүнген жігіттер жабылып ұрып соғады. Екі баласымен бірге дүнгендерден таяқ жеп ауруханаға түскен қарияның жағдайы полицияға хабарланады. Осы тәртіпсіздікті анықтауға полиция тобы дүнгендер тұратын ауылға шығады. Полиция келгенде ұялы телефонмен байланысып, жиналған жүз шамалы дүнген өкілдері оларды мұздай қаруланып қарсы алады. Олар “Еліміздің заң органының қызметкерлері жұмыспен келіп тұр, заңбұзушылық жасаған жігіттеріміз болса, «РОВД-ға» барып мән-жайды түсіндірсін” демейді. Келген полициялық топтағы қызметкерлерге шабуыл жасап, бет қаратпай ұрып-соғумен оларды ауылдан айдап шығады. Осыдан барып байырғы тұрғындар дүнгендердің мемлекет заңына “төбеден қарап”, үстемшілдік көрсеткеніне одан әрі шыдамай, төзгісіздік іс-қимылын жасауға барады.

Екі жақтың түсініспеушілік төбелесінен қанша жан мерт болды. Үйлер өртеніп, шағын кәсіпорын ғимараты талқандалды. Полиция офицеріне оқ тиіп, көретін күні бар болғандықтан аман қалыпты.

«Тентекті тентек десең, бөркі қазандай боладыға» дүнгендердің қариялары ойлылықпен қарап, “заң бұзушыларды заң органына өзіміз тауып береміз” дегендерінде бұл қайғылы оқиға орын алмас еді ғой. Бірақ, қазір қария тыңдайтын адам бар ма?

Жергілікті қазақ ұлтын басынуда дүнген жігіттері есіткен адамның аза бойы тік тұратын қылмыстарға барған. Қылмыс жасағандардың жазасыз қалатындығы осы сойқанның шығуына тікелей себеп болған. Дүнгендер тұратын ауылда қазақтың үкідей қызын дүнген жігіттері шаңқай түсте алып кетіп зорлап, артынан өртеп жібереді. Адам түршігерлік ауыр қылмыс ашылмай қалады. Бұл жерде басты кінә – дүнгендердің бай-бақуаттыларының еркетотай, есерсоқ жігіттерінде жатқан жоқ, қоғамымызда дендеп, сіңісті болып кеткен сыбайлас жемқорлықта жатыр дер едік. Қазақтың қызғалдақтай қызының өмірін өзіміздің жемқор заң қызметкерлері 20-30 млн. теңгеге сатып жіберген сыңайлы. Егер, сол сұмдық қылмысты ашамын десе, дәл қазір де аша алады. Қазақтың 70-тен асқан қариясын дүнген жігіттер көкпарда ұрып, басын жарады. Мектеп ауласындағы туалетке бөтен адамды кіргізбеуге кезекшілік еткен екі мұғалімді дүнген жігіттері бостан-босқа ұрып, соққыға жығып кетеді. Мұғалімдер егіс алқаптарына барып сабақ өткізуге мәжбүр болған.

Ең сұмдығы, дүнген жастары ауылдың ортасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын өртесе, сонда кімге қыр көрсеткені, кімді қорлағаны? Сонда Қордай ауданы әкімдігі, оның бөлімдері мен құқық қорғау органдары дүнгендерге «крыша» болып отырумен күн көргені ме? Егер олар инедей іс-қимыл жасаған болса, бұл ауданда 11 адам өлтірілетіндей сұмдыққа жол берілмес еді ғой.

Біздегі биліктің бір тармағы – жергілікті атқарушы орган халықтың тыныс-тіршілігінен тысқары тұрғандықтан осындай сорақылықтардың орын алуына жол беріледі. Ол аз болғандай, өзге ұлт өкілдері жасаған заңбұзушылықтың шындығын ашып, қатаң жаза көруге заң органдары құмбыл емес. Ол да түсінікті, халықтар достығына «іріткі салмауды» сылтауратып, нағыз қылмыскердің “қалтасын қағып” қалу керек.

Сарыағашта қазақ жігітін тәжіктер өлтіріп тастағанда, марқұмға әлі жетпейтін жалғыз тәжік жігіті ғана қылмыскер болып шыға келді. Маятаста күрд жігіт қазақ жасөспірімін зорлағанда, ол да ауыр жазаға тартыла қоймады. Сайрам ауданының Ақсу кентінде қазақ пен өзбек жігіттері футболдан жолдастық кездесу өткізгенде, өзбектің жастары ғана емес, егде кісілеріне дейін қазақтарды балағаттап, төбелестің шығуына себепкер болса, жазықсыз екі қазақ жігіті сотталып кетті.

Тіпті, кешегі Б.Сапарбаевтың ауруханада жатқан дүнгендердің көңілін сұрап барғанда, дүнгендерден бостан-босқа таяқ жеп, ауруханаға түскен қазақтың қариясын көзіне ілмей кеткенін қалай түсінеміз?

Қазақ билігінің «тұлғасындай» санап жүрген Б.Сапарбаевтың дүнгендермен қаншама кездесулер өткізгенінде «Мемлекетіміздің туын өртегендерің елімізді қорлау ғой!» деп оларды ұялтатын бір сөз айтуға жарамаған соң, не қайыр, не үміт?! Өтер іс өтті.

Мемлекетіміздің басшысы Қ.Ж.Тоқаев Қордайдағы жағдайды өз бақылауына алды, игі істердің салтанат құратынына еш шүбәміз жоқ.

Ә.Мұратбеков.  

 

 Нұртөре Жүсіп,  Сенат депутаты:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекет басшысы ретінде жанжалды реттеуге, жағдайды бақылауға алуға өте сергек қарады. Тез реакция жасады. Әуелі Twitter-де пікірін білдірді. Сосын мәлімдеме жасады. Үкімет құрамынан арнайы комиссия құрды.

Ел елеңдеп отыр. Намысын таптатқысы келмейді. Түсінеміз. Кінәлілерді анықтау, қылмыс жасағандарды жазалау, жағдайды тұрақтандыру сол комиссия құзырында болар. Біржақты болудан сақ болсақ екен.

Бір-бірімізге тек «болсын» дейікші! Қап-қоржынымызға береке толсын дейікші! Бір кезде «Қазақ қазаққа болыспаса, сол қайғы» деген мақала жазып едім. Мынадай сабырдың суы сарқылып, абыр-дабырдың ахуалы орнығып тұрған шақта сол сөзімді тағы да қайталағым келеді. Өзімізді елдің қоры деп сезінбейік. Өзімізді елдің зоры деп те сезінбейік. Қазақ болайық!

Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты:

Дұңғандардың балаларының бірде біреуі Қазақстанның Қарулы күштеріне бармайды, әскери борышын өтемейді. Наным-сенімі солай. Осыған орай құқық қорғау органдарына нақты талап қойдық: егер сол жігіттері ерігіп, есіріп, өзгеге қол көтерсе, басынса, құқық пен тәртіпке қарсы әрекет қылса, қатаң жазалау керек. Қолы артына қайырылып, кісен салынып, түрмеге тоғытылсын. Елге қорған болмай, қорлаушы болса, торда отырсын.

Бірақ дұңғандардың жаман жері – Нью-Йорктегі және басқа елдер қалаларындағы «Чайна-таун» сияқты жинақы әрі жеке тұрады, араларына өзге этностарды көп жібере қоймайды. Бірақ біз қазақ елінде біреудің отау ішінен отау тігуіне жол бере алмаймыз.

Олар мемлекеттік тілді білуі, салтын сыйлауы шарт. Салтымызды сыйламаса, халқымызды балағаттаса, қартымызды тепкілеп жатса, оған қалай бей-жай қарап отырамыз?

Дұңғандардың қазақ еліне үдере көшіп келгеніне бір жарым ғасырдай уақыт өтіпті. Алайда іргедегі қазақтармен аралас-құраластығы үзілген. Екі ортада көпір тұр. Пайдаланбайды. Жалғыз дұңған ғана емес, басқа барлық этностар мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге бір ұлт болып ұйысуы керек. Әйтпесе, әрқайсысы әр жаққа тартып, жерімізді ту-талақай ету қаупі бар.

Дұңғандар ертелі-кеш үлкенінен кішісіне дейін жермен жұмыс жасайды, егін салады. Мұғалім балаларын мектепке келтірмек болса, «Сабақ бергің келсе, егіндікке кел!» деп айтады екен. Тіпті науқан кезінде егістікке барып сабақ беріп жүргендері де бар көрінеді. Бұл әрине, өрескел дүние. Мұның дұрыс емес екені жөнінде ескерту жасадық.

Сортөбе ауылдық окру­гіндегі 24 мың халық­тың басым көпшілігі, яғни 23 мыңы – дұңған. Біра­зы­ның үйінде қару-жарақ бар деген мәлімет айтылды. Неге қазақтардан тәркіленген қару олардан тәркіленбейді? Олар қаруды заңды алған ба, әлде заң­сыз жолмен иеленген бе? Міне, осы салада да жұмыстар қолға алынуы керек.

Шакир Хахазов, Мәжіліс депутаты:

Тәртіп бұзушылық көп. Заңсыздық та аз емес. Оны жасырмаймыз. Бүгін комиссия мүшелеріне де осыны айттым. Бұл мәселе осы жолы біздің басымызға түсті. Бұл басқа жақта да болуы мүмкін еді. Ана жол полициялары өздерін қалай ұстайтынын барлығыңыз жақсы білесіздер. Олар ұлтқа бөлмейді. Барлығынан алады. Бірақ, сіздер өздеріңіздің құқықта­рыңызды, сіздердікі дұрыс екенін дәлелдеулеріңіз керек еді ғой.

Мұғалімдерді ұру… Аухатыда бетімізге басып жатыр. Дүнгендер мұғалімдердің бетіне түкіріп, құрметсіздікпен қарайды дейді. Жалақысын алып отырған адам деп оларды мүлде құрметтемейді дейді.

 Расул Жұмалы:

Екінші себеп – тәуел-сіздіктен кейінгі жылдардағы біздегі ұлттық және ұлтара-лық саясаттың формалды түрде жүргізілуі. «Бәрі дұрыс, бәрі тұрақты» деген ұстанымның болуы және шын мәнінде елді біріктіретін ұлттық, рухани құндылықтардың формалды түрде қалуы да негізгі себептердің бірі.

Ұлттық саясат, оның ішінде мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының тиісті мүдделері ескерілмей келеді.  Мемлекет құраушы тетіктері ретінде әділдік, қолжетімділіктің жоқтығы, қоғамдағы әділетсіздік, заңдық шешімдерін таппай жүрген мәселелер, заң органдарына деген халықтың сенімсіздігі мен жемқорлықтың кесірінен халық арасында реніш, ашу-ыза пайда болады. Осының нәтижесін Қордайдағы оқиғадан көріп отырмыз. Қазір де бұл оқиғаны жылы жауып қою әрекеті басым. Билік оқиғаның себептеріне үңілу және оны мойындауға қауқары жетпей, керісінше ескіше әрекет жасап отыр.

Қордайдағы 2-3 күн бұрын жинақталған мәселе қақтығысқа әкеліп соқты. 5 ақпанда 78 жастағы қарияны дүнген жігіттері ұрып соққан, келесі күні тағы бір дүнген жігіті полиция қызметкерімен төбелескен. Әкімшілік қызметкерлері, аудандық, облыстық құқық қорғау органдары осы жанжалдың алдын алуына болар еді. Қордайдағы қазақ ақсақалдарының сөзіне сүйенсек, бұған дейін дүнген жігіті қазақтың бойжеткенін зорлаған. Осы секілді бірнеше оқиға болған. Бірақ құқық қорғау органдары бұл жайттарды елемеген. Әкімшілік те көз жұма қараған. Бұл ауылдағы дүнгендердің “тайраңдауына” себеп болып, тіпті олар қолына қару алып басқаларға қысым жасауға дейін барған. Осыған дейін мұны ешкім көрмеген бе?!

Мемлекет тарапынан мәселелерді шешуге құлық, қауқар болмағандықтан, осындай мәселелер болады. Бұл жерде қоғамды кінәлап, айыптаудың еш қисыны жоқ. Егер уақтылы аталған органдар өз қызметін дұрыс атқарған кезде мұндай жағдай болмас еді.

Өзіміздің байырғы атауымызға келуіміз керек. Алаш автономиясы кезінде Қазақ Республикасы деген атау болды. Тіпті совет одағының құрамында болған кезде де біздің еліміз “Қазақ советтік социалистік республикасы” деп аталды. Қазір де “Қазақ елі” деген атауға келуіміз керек. Сондай-ақ “қазақстандық” деген атау қоғам арасында бұрмаланып, қате қабылдануда. Яғни, кейбір этникалық халық “қазақстандық” деген ұғымды пайдаланып, “біз қазақ емеспіз, толықтай қазақ тілін оқып, үйренбесек те болады” деп ойлайды.

“Қазақ” пен “қазақ-стандық” екі бөлек әлем секілді. Меніңше, қоғамның біртұтастығы тұрғысынан бұл дұрыс жағдай емес. Сол себепті мен осы оқиғадан кейін әлеуметтік желідегі парақшамда осындай ұсыныс жасадым. Тіпті қазір кейбіреулер “қазақстандық ұлт” дегенді алға тартып жүр. Бірақ ұлт болу үшін оның тарихы, тілі, ділі болу керек. Мысалы, “қазақстандық тіл” дегенді қайдан көрдіңіз? “Қазақстандық тарих” дегенді қайдан естідіңіз? Бұл өлкенің байырғы халқы, мемлекет құраушы халқы қазақ болғандықтан, мемлекеттің атауын өзгерткен жөн. Осы мәселеде бүкіл халық бірігу керек. Иә, әрине, әр ұлттың өз тілі, діні, дәстүрі бар. Бұған қатысты біздің мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Тіпті бізде басқа мемлекетте жоқ мүмкіндік жасалған.

Ұлтты мемлекет ішінен біріктіретін ең негізгі алғышарт – мемлекет құраушы ұлттың мүдделерінің ескерілуі.

qamshy.kz

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.