«ЖЕТІСАЙДА АРДАГЕРЛЕР АЙТЫСЫП ЖАТЫР» ДЕГЕН НЕ СӨЗ?

(Қазыналы қариялардың қадірін білмегендерден не қайыр, не үміт?)

Бүкіл елімізге «Оңтүстік – ұлттың ұйытқысы» атанған өңірдің іргелі Мырзашөл аймағындағы бір ауданның ардагерлері айтысып жатыр» деген ақпараттың жерлестерімізді мазалайтыны анық-ақ.

«Итің ұры десе намыстанатын» қазаққа қазыналы қарттардың «қырқысып», асқар таудай ақсақалдардың ауыл ішін алатайдай бүлдіріп жүргеніне сенер-сенбесіңді білмейсің. Осы мәселеге қатысты бір басылымда жарияланған мақалаға 10 күн өткенде газетіміздің редакциясына Жетісайдың ардақты ардагерлерінің аманатын арқалап үш бірдей азамат келіпті.

Аудан ардагерлерінің атынан 20-дан астам ақсақалдар қол қойып, бас редактордың атына «Жетісайда көкесі күшті төраға Ә.Исаев ашқан пленум жалғаспай қалды» деген тақырыпта жазған «Арызын» тапсырды. Олар бізге осы мәселе бойынша алдымен Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов мырзаға Жетісай аудандық ардагерлер ұйымы пленум мүшелері атынан жіберілген «Өтінішін» кейін тексергенде де дұрыс шешім шығарылмағаннан соң облыс әкімі Ө.Шөкеевке жазған Арыздарын, ҚР «Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасы Б.Е.Ізмұхамбетовке жазған Арызды, ҚР Президенті жоғары мәртебелі Қ.Ж.Тоқаевқа жазған Арыздарының көшірмелерін тапсырды.

 

«Ініне кіре алмай жүріп…»

Айдын күні аманында өз аудандарының атына ғана емес, оңтүстік өңірі жұртшылығының «бетіне салық, көжесіне қатық» болған сорақылықты тоқтатуға дәрменсіз болып отырған ардагерлерді тыңдай келе, осыған себепкер болған шенділердің «шекпенін» шешіп, «маскасын» сыпырып тастағанды жөн көрдік.

Мақтаарал ауданы екіге бөлініп, Жетісай жеке аудан болған соң, 10.09.2018 жылы осы ауданның ардагерлер кеңесі төрағасының ұйғарымы бойынша конференция өтеді. Оның бірінші пленумында 9 ардагерден алқа мүшесі сайланады. Ауданның үлкен-кішісінің көзінің алдында, тілінің ұшында жүрген үлкен қоғамдық ұйымның жұмысына Ә.Исаев басшылыққа келгеннен кейін, оның жұмысы жылдап жүрмей қалғанына ренжіген жерлестері Ж.Мәуленқұловқа жолдаған Өтініштерінде: «…Сол уақыттан бері бірде-бір рет әр тоқсанда өтетін алқа мәжілісі және әр 6 айда өтетін пленум болған жоқ. Дәлеліміз – 16 алқа және пленум мүшелері куә. Олар: 1. Жәңгір Абибуллаев. 2. Бейсенбай Абишев. 3. Сейіткерім Жолдыбаев. 4. Тайырхан Досаев. 5. Арыстан Мырзахметов. 6. Көшербай Оразымбетов. 7. Дүйсен Жұманов. 8. Жарылқап Атықаев. 9. Оразбек Шыршықбаев. 10. Айжан Өмірзақова. 11. Гүлжахан Кәрімбаева. 12. Базарбек Жақынбаев. 13. Мырза Құлманов. 14. Әжіқабыл Жұманов. 15. Үсен Пилалов. 16. Қалдыкүл Мұратова», -деп жазды.

Өмір тынысының өзекті мәселесін көтеріп, ауданның абыройына кір келтіруге төзгісіздікпен қараған ауданның ардақты ақсақалдары ащы шындықты ашып айтып: «…Егер Исаевтың өзі төраға болуға 100 пайыз лайықты тұлға болса, осыншама әңгіменің бірі де шықпас еді деп ойлайсың. Аудан ардагерлерінің айтуынша, Әбдіғаппар Исаев ақкөңіл, елпілдек, бірақ не позициясы, не өзіндік пікірі жоқ азамат. Мұндайды қазақта табанының бүрі жоқ дейді. Басты кемшілігі – жоғарыда айтқанымыздай, ащы суға жақындығы. 10 күн ішеді, 10 күн ауруханада жатады. Ибадулла Үмбетаев аудан әкімі кезінде оған сенім артып, Жылысу ауылдық округінің әкімі етіп тағайындаған. Ішкілікке салынып, жұмысты қожыратқан соң Жаңажол ауылдық округіне ауыстырып, әкім етіп жібереді. Алайда Исаев бұл жерде де ескі әдетінен айыға алмай, ақыр соңында И.Үмбетаев оны жиын үстінде қызметінен босатып, залдан шығарып жібергенін жұрт әлі ұмытқан жоқ», -деп көрсетеді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа жұмысы жүргізілмеген. Облыстан келген тексерушілерге осы мәселені анықтауды алқа мүшелері Т.Досаев, Ж.Абибуллаев т.б. растағанымен, бәрібір назарға алынбаған. Аудандағы бастауыш ардагерлер ұйымдарында жоспарлы, жүйелі жұмыстардың болмауы аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Ә.Исаевтың жұмысқа жанды басшылық жасай алмайтындығынан екендігін тексеруде бастауыш ұйым төрағалары А.Махамбетов, К.Оразымбетов, Ә.Жұманов, Ж.Базарбаев т.б. ашып көрсеткенімен, ол да елеусіз қалдырылған.

Жерлестері Ә.Исаевтың келеңсіз тірліктеріне күйіне отырып: «…Өткен жылы сәуір айының 20-сында Жетісай театрында өнерпаз-зейнеткер Әлима Жолдыбаеваның ән кеші өтеді. Ащы суға тойып алған ардагерлердің төрағасы дүйім жұрттың алдында әншінің атына жылы лебіз білдіремін деп абыройынан айырылады. 27 сәуірде ауруханаға түсіп, 1,7,9 мамыр мереке күндері аудан ардагерлері төрағасының орнын сипап қалады.

30.12.2019. ж. күні Жетісай қаласындағы «Табиғат» тойханасының кіші залында аудан әкімі Ж.Бейсенбаевтың қатысуында аудан ардагерлерін жаңа жыл мерекесімен құттықтауға арнайы жайылған дастарханда да ащы суға сылқия тойып алған төраға Әбдіғаппар Исаевтың түріне куә болғанбыз», -деп жазған. Сонда Ә.Исаевтың тірлігі халқымыздың аузында айтылатын «Ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалбыр байлаған» пендешіліктің кері ме?

 

«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасынды» көлеңкелеген

Кеңеске сөз шығын етудің керегі бар ма?

Біз өз газетімізде облыстың ардагерлер кеңесінің жұмысына бірнеше рет сыни тұрғыдан мақала жарияладық. Жауап берілген жоқ. Қайтіп жауап берсін, біз оларға шыжғырып шындықты айттық. Қылдай қиянат болатын бір ауыз сөз айтылған жоқ. Ақталар сөз, айтылар уәж болмаған соң, бәрі жым-жырт қалды.

Осыдан 20 шақты жыл бұрын қазақтың ақсақалдарынан арзитын бір адам таппағандай етіп, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының «креслосына» Н.Ш.Кадировты қонжиттық. Қазақтың дана да, дара туған перзенті Асанбай Асқаровтың жаламен қамалуында белсенділік көрсеткен Н.Ш.Кадировтың халық жанашыры болмағандығын айтудың да қажеті жоқ шығар.

Сол Кадировтан құтылдық па дегенде үлкен Кеңестің тізгінін ұстауға нағыз «партократ» Жеңісбек Мәуленқұловтың келгені талайлардың таңданысын тудырғандай болды. 3 миллиондай халқы бар, яғни бір шағын мемлекеттей елдің «Бас қариясы» болатын азамат туылмағандай ету «шымкентшелеудің» сарқыншағы еді. Оны өмірдің өзі дәлелдеді. «Обкомский работник» болғанда да, аудан әкімі және облыстық деңгейдегі мекемелер тізгінін ұстағанда да өз халқына шын жанашырлық танытудың өнегесін көрсете алмаған, ел ішінде кездесетін кейбір келеңсіздіктерге «Ел ағасы» болып ащы да болса, шындықтың ақ сөзін айтуға жарамаған кеңес төрағасы Ж.Мәуленқұловтың ел сенімін қалай ақтайтындығы өңірдің барша жұртшылығына белгілі десек қателеспейтін шығармыз.

Облыстың Маятас ауылындағы күрд жастарының қазақтың намысына тиерлік сорақылықтарға барып, елдің ынтымағы мен бірлігіне сындарлы сәт келгенде Ж.Мәуленқұловтың «командасы»   қай қалаға «командировкаға» кетіп қалды? Оның есесіне жұртшылық елмен етене араласып жүрген М.Мұқамеджан сынды елжанды жастарды көрді, соларды тыңдады.

Жетісайда тәжік ұлтының бір топ таяз ойлы жігіттері негізсіз байбаламмен ұлтараздық кикілжіңді шығарғанда Ж.Мәуленқұловтың «командасы» тегін «курорттың» қайсысында жатты?

Сарыағашта қазақтың бозымын тәжік жігіттері өлтіріп, ел дүрлігіп, сын сағаты туғанда Ә.Сманов сынды иманды да, қазақтың адал азаматтары таңды-таңға ұрып, ел бірлігі деп ел ортасында жүргенде облыстың ардагерлер кеңесінің «данышпандары» көзге түспегені көңілге қаяу түсірмеді дейсіз бе?

Сайрамдағы өзбек қазақ жігіттері кикілжіңінің ақ-қарасы толық ашылмай, қазақ жігіттері сотталып кетті. Осыдан кейін «Ел ағаларының» елге иелік етуге, ел бірлігін күшейтуге дәрменсіздік көрсеткеніне ренішімізді жасырмай, ел ақсақалдарының орталығы деп есептелетін облыстық ардагерлер кеңесі жұмысына сыни тұрғыда материал жарияладық. Ардагерлер атына орынсыз сөз айтып «білгішсінген» жоқпыз. Бар мәселе Кеңестің  төрағасына қатысты екенін ащы да болса, ашық айтып кеңес төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың «бессрочный лицензиясы» болған күнде де өңірдегі 3 миллион халықты сыйласа, Кеңестің төрағасы жұмысын қоятын уақыты жеткенін айттық. Бұл жерде жеке адамдардың мүддесі, бас араздығы жоқ екенін, тек Оңтүстіктің абыройы бірінші кезекте екенін түсінікті етіп жеткізуді мақсат еттік.

Бірақ, ұлттық намыс, туған жердің абыройы дегеннен гөрі, күйбең тірліктің ағысы өз арнасынан шыға алмады.

 

«Ұрының қатыны өзіне лайық» (мәтел)

Облыстық ардагерлер кеңесіне Жетісай аудандық ардагерлер кеңесі алқасы мен пленум мүшелерінен 16 кісі қол қойған арызы Ж.Мәуленқұловтың қолына жеткізіледі. Аудандағы дау-дамайды анықтауға облыстық ардагерлер кеңесінің тұрақты комиссия төрағасы Ә.Сапарбековті жібереді. Облыстық кеңесте мынау ұлтымызға ұят келтіретін сорақылық екен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Исаевтың аудан әкімі Ж.Бейсенбаевпен құда екендіктеріне қарамай, өткір мәселені сергектікпен қарап, тиянақты тексеру керек демеген соң, не оңады. Аудандағы жүздеген қарияның Ә.Исаевтың әдепсіздігіне намыстанып жүргенін облыстың ардагерлер кеңесі қаперіне де алмағаны ма?

Ә.Сапарбеков қадірменді қариялардың арқасына аяздай батып, намыстарын жер еткен сорақылықтың бетін ашып, ақиқаттың салтанат құруынан гөрі, өз бастығы Ж.Мәуленқұловтың көңілінен шығатын тірлікті істеуге барын салған сияқты. Бала-шаға емес, 16 ардагердің шырылдап тұрғанына пысқырып та қарамай, ауданның ардагерлер кеңесі 1 жылда 4 рет алқа мәжілісі, 2 рет пленум өтті дегенді беті «былқ» етпей жазып береді. Ол анықтамасында арыз жазған 20 адамнан басқа қосымша 20 адамнан сұрағанында арыздағы фактілердің анықталмағандығын шығару үшін, Ә.Исаевтың нұсқауымен соның сөзін сөйлейтін адамдарды ғана шақыртып, «шымкентшелеу» жасатқызады.

Ал, Ә.Исаевтың арақ ішетіндігін дәлелдейтін бейнежазбалар мен бейнесуреттер жоқ болғандықтан, арыздағы факті дәлелденбеді деген сылтаумен төрағаны «сүттен ақ, судан таза» етіп шығарады. Қаншама қадірменді жандардың, намыстан жарылардай болғандардың жан күйзелісіне “түкіргендей” болып отырған Ә.Сапарбековтерге төрелік айтқызған облыстық Кеңестен не қайыр, не үміт?

Жетісайлық ардагерлердің өтінішінде: «Ардагерлердің өтінішін талқылауға келген облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Ж.Мәуленқұлов өзінің алқа мүшелері, өзімен 6 адам, аудан әкімі Ж.Бейсенбаевтың қатысуында тексерушінің анықтамасын қолдай отыра, аудан ардагерлері кеңесінің 25 алқа және пленум мүшелерінің ой-пікірін, ұсынысын тыңдамай, ең сорақысы, пленум мүшесі, бірнеше жыл Жетісай қаласы ардагерлер төрағасы болған, жасы 80-ге келген, ауданның «Құрметті азаматы» Бейсенбай Әбішевке облыс ардагерлер кеңесінде отырғандай (тікелей бағынышты адам сияқты етіп) «шығып кет» деп дөрекілік көрсетті. Төраға Ж.Мәуленқұлов ардагерлер кеңесінің жарғысын өрескел бұрмалап айтты. Ол сөзінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасын аудан әкімі мен облыс ардагерлер кеңесі төрағасы ұсынады деді. Себебі ардагерлер ұйымының қаржылық жағдайын және басқа да көмектерді аудан әкімі шешетінін алға тартты.

Елге қадірлілерге, шығып сөйлейтіндерге сөз де бермеді, пікірін білдіреміз деген алқа және пленум мүшелерін де тыңдамады. Арызданушы 20 ардагерді көзбе-көз айыпты етіп жығып беріп кетті. Бұл қай этикаға, мәдениеттілікке жатады?» -деп жазылған.    

 

Абыз ақсақалдарынан қол үзіп, «қалт-құлт» еткен

әкімдіктің ендігі күні бұлыңғыр емес пе?

Аудан әкімі Ж.Бейсенбаевтың шаруашылыққа мығым, болар іске жанашырлығы басым екендігі жөнін­де ілтипатпен айтумен қатар, елмен жұ­мыс істеуде босаңдығының ба­рын да жасырмай жазып жүрдік. Әкім­нің қызметі барысына шын жанашыр­лығымызды көрсетуге тырыстық.

Амал не, білдей азамат, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы, өз құдасы Ә.Исаевтың есіткен жан намыстанатын сорақылықты көрсетіп, ел-жұртты дүрліктіріп отырғанына “көз жұма” қарап, өз қадірін төмендетуге жеткізген соң. Кезінде облысқа танымал тұлғалы азамат О.Нұржанов та өз бауырына деген жаңашырлығын ашық айтып көрсеткен. Сындарлы пікір ескерілмей онда да қалды.

Жетісайлық ардагерлер өз өтініштерінде: “Осы тексеріс алдында 10.02.2020 ж. күні ел ағалары, алқа және пленум мүшелері, 5 ардагер аудан әкімі Ж.Бейсенбаевқа ардагерлер төрағасы Ә.Исаевтың жұмыста болмауы, арақ ішетіндігі, осы қылықтарына намыстанатындығын, оның қызметін басқа ардагермен ауыстыруын өтінген. Әкім Ж.Бейсенбаев: “Мен түсіндім, білемін, ұсыныстарыңыз орынды” деп орынбасары М.Жолдасбеков пен аппарат басшысы Б.Райымбековты шықырып, ардагерлердің өтініші бойынша Ә.Исаевтан босату туралы арызын алыңдар, жұмысын қойсын деп тапсырма берген.

Екінші рет Ә.Исаевтың жұмы­сын қоймай, істеп жүргенін көрген ардагерлер, алқа және пленум мүше­лері 6 ардагер болып әкімге кіріп: “Неге біздің өтініш, Сіздің берген тапсырмаңыз орындалмайды?” деген ұсыныс және талаптарын айтады. Небір ауыр сөздер әкімнің атына айтылды”, -деп жазады.

Сондай-ақ өтініште: “20.02.2020 ж. күні пленум шақырылды. Пленум ашылды, кворум бар, 29-дан 24 мүше қатысты. Төраға күн тәртібіне үш мәселе қойды. Пленум мүшесі Әжіқабыл Жұманов 4-мәселе етіп ұйымдастыру мәселесіне ұсыныс берді. Оны төраға қабылдамады. У-шу көбейіп, өзінің ойындағысы жүзеге аспайтын болған соң пленумды тарқатамын деді. Оған пленум мүшелері “Сенің тарқатуға құқығың жоқ!”-деп, оны дауыс шешетінін ескертті. Ақыр аяғында денсаулығына байланысты емделетінін, аудан әкіміне істемеймін деп айтқанын айтты. Облыс ардагерлер кеңесі төрағасы Ж.Мәуленқұловқа барып емделетінін, істемейтінін айтатын болды. Сонымен қатар пленум мүшелерінің екі топқа бөлінгенін және олардың бір-бірімен тіл табысуы және ел тыныштығын сақтау үшін қызметтен кететіндігін айтып, ашуға басып, ел ағалары болып жүрген алқа және пленум мүшелерін менсінбей, аяқ асты етіп тастап шығып кетті. Пленум ашық күйінде күн тәртібіндегі мәселелер қаралмай қалды”, -делінеді.

Ал облыстағы бір басылым осы мәселеге қатысты: “Кейбіреулер мұны ардагерлер мен аудан басшылары арасындағы келіспеушілікпен байланыстырып жатыр. Ал екі арада қандай гәп бар? Бұл жағы да жұмбақ”, -деп жазыпты.

Аудан тынысында “жұмбақ” еш нәрсе жоқ. Көптің көзі – көреген. Аудан басшылығында мемлекетке адал қызмет істеуде жауапкершіліктің осалдағанын ел-жұрт өз көзімен көріп отыр. Ауданда 6 рет конкурс өтсе де аудан әкімнің орынбасарлығына адам тағайындалмайды. Ауданда мемлекеттік қызметкер де, мектеп директоры да пара алып ұсталып жатады. Бір мектептің директоры жылдың ортасында 11-сыныпқа 3 оқушы қабылдап, олар бір күн сабаққа бармай орта білім туралы аттестат алып, ЖОО-ға оқуға түсіп жатады. Ол 3 оқушыға сынып журналына баға қорытылмаса да құжат беріледі. Сол мектептің директоры заңбұзушылыққа барып, “Дипломмен ауылғаның” жүздеген мың қаржысын талан-тараж етеді. Факті анықталғанның өзінде сол директор бір мектептен екіншісіне ауыса салады. Осындай “былықтардың” бәрін аудан әкімі Ж.Бейсенбаев білмей ме? Ол білмегенсіп отырғанымен, аудан халқы біліп отыр ғой. Осылайша Жетісайдан береке-бірлік қашып жатқан жоқ па?

P.S. Редакцияның электронды поштасына Жетісай тұрғыны Қ.С. деген азамат: “Облыс әкіміне Ж.Мәуленқұлов өте қымбат, қимастай жан болса, қасына “Бас кеңесші” етіп алып, ардақтарымыздың халықпен жұмыс істеуіне мүмкіндік беріңізші” деп жазыпты.

Ә.МҰРАТБЕКОВ.  

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.