«АНТИҰЯТ» КЕЗЕҢІНЕ КЕЛДІК ПЕ?

Күлмейтін нәрсеге күлеміз, ұялатын нәрсеге ұялмаймыз. Ұялудың өзі ұят болды. Ұятты адамдарды «ұятмен» деп атап, мазақ қылу пайда болды. Қоғамда «ұят» деген ұлы сөз жағымсыз мағынада қолданыла бастады. Бүгінгі буын ұялудан сақтанып, ұятсыздықпен мақтанатын жағдайға жақындап келеді. Адамшылықты қорғап тұрған үлкен қорғанымыздан айырылып қалу қаупінде тұрмыз.

Жуырда қоғамда сәнге айналған «тренингтің» бірінде: «Қазақты құртқан – «ұят боладыны» айту. Біздің жасқаншақтығымыз бен жұрт алдында еркін сөйлей алмауымыздың себебі де осы. «Ұят боладыны» жиі айтуды тоқтатуымыз керек» деген пікірді естіп ашынып кеткеніміз рас.

«Ұят кімде болса, иман сонда» деген Хакім Абайдың сөзі қайда қалды сонда? Біз ештеңеге таңғалмайтын дәрежеге жеттік. Бұрын өрескел қате, масқара, ұят делінген жағдайларға көз үйренгені сонша, етіміз өліп кеткен. Міз бақпаймыз. Азаннан кешке дейін жұмыстың соңында жүретін ата-ананың балаларымен тілдесетін уақыты жоқ. Адамдардың бір-бірімен виртуалды әлемде ғана

араласатын жалған достығы, өтірік көлгірсу – бәрі-бәрі айналамызда болып жатыр. Шын көңілден хал сұрасу, көзбе-көз барып жағдайын білу, бір дастарханда отырып әңгіме-дүкен құрып, сырласу деген нәрсенің азайғанын несіне жасырайық? Осының бәрі бүгінгідей сорақылыққа жеткізіп отыр.

Күні кешегі Байзақованың іс-әрекетін қоғам боп талқыласақ та, әлі түбіне жетпедік. Бір адамның анайы әрекеті жаппай жұрттың «жаға­сын ұстатты». Бізді қынжылтатыны – соларды қолдайтын жастардың бар екені. Неліктен адам жаман жолды таңдауға бейім деген заңды сауал туындайды. Өйткені қай кезде де жабайы болу оңай. Сол Байзақова сынды қыздардың қоғамда көбеюі – сонау титей кезінен тыйымды, ұлттық кодымыз болған «ұят боладыны» естімеуі еді.

Ұят боладыдан ұтылған жанды көргем жоқ. “Ұят игіліктен басқа еш нәрсе алып келмейді” деген хадис бар. Ұят – таразы. Ұят – ешкімнің зорлығынсыз адам баласын дұрыс жүріп, дұрыс тұруға қамшылайтын күш. Ұят – бүкіл дүниенің пердесі, бүкіл дүниенің қалқаны, адамшылықтың, иманның қалқаны да ұят. Сондықтан Абайдың осы ұятқа келгенде ерекше бір толғануы бекер емес. «Ұрпағымның ұяты болсын» деген атам қазақ бала тәрбиесін басқадан биік қойғаны белгілі. “Ұятсыз” немесе “жүгенсіз” деген сөзге қалмас үшін де қызды қырық үйден тыю керектігін ұрпаққа ұлағат еткен.

Қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген, жақсыдан үйрентіп, жаманнан жирентіп отырған. Ұят болады, обал болады, жаман болады. “Ұят болады” дегені – өлімнен ұят күшті, ұятты істі істеме дегені: “Жаным – арымның садағасы” дегені еді. Жаман болады дегені – “Жақсы сөз – жарым ырыс”, жамандықтан аулақ жүр дегені, жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді дегені еді. Обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған бір нәрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін дегені, ешкімге көлеңкең түспесін дегені еді.

Жаман боладыға жақын­дамай, ұят боладыға ұрын­бай, обал болады дегенге ойлана қарайтын текті ұлт болған едік, бүгінгі күнгі осы үш сөзге тоқтаймыз ба? «Үлкендер институты» мұны жиі еске салса екен.

Ұ.Өскен.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.