ҰЛТТЫ САҚТАУ МҮМКІН ЕМЕС, РУШЫЛДЫҚТЫ ЖЕҢБЕСЕК…

«Мен тұтас қазақпын.

Мені бөлшектеу мүмкін емес.

Мен бір қазақ емеспін,

бар қазапын».

Б.Момышұлы

 

Трайбализмнің қаупі қандай?

Рушылдық қоғамдық дертке айналып бара жатқаны рас. Қазіргі қоғамда кейде ашық, кейде жасырын бет алып бара жатқан бұл мәселе тұрмыс-тіршілігімізге еніп кеткендей.

Бүгінгі таңда елімізде бір идеологияға, бір мүддеге, бір тілге, бір дінге бірігу қиынға соғып тұр. Бұл мәселелердің түбіне тереңдей түскенде, тағы да алдымыздан рушылдық мәселесі шыға келеді.

Әрине, әрбір қазақ өзінің ата-тегін білуі шарт. Оған талас жоқ. Бірақ сол өзінің ата-тегіне, руына деген құштарлығы ортақ елдік, ұлттық мүддесін басынып кетпеуі керек. Ру ғасырлар бойы қазақтың тегін тануда, тарихын білуде, туыстық қарым-қатынасты сақтауда маңызға ие. Бірақ бүгінде рудың миссиясы өзгеріп, көмегінен кесапаты артқан. Дарвин ілімінен «мұздай қаруланған» кейбір азаматтарымыз руын (атасын) білуді, оны айтуды – мақтану және руға бөліну деп, оның пайдасынан зияны көп деп есептейтіндерін бәріміз де кездестіріп жүрген болармыз.

 

«Рулас көкелердің» құдіреті

Ақиқатын айтқанда, біздің қазақ жаппай билік пен байлықтың соңына түсті. Оның салдарынан ұлт тұтастығы бұзылды. «Руластар» мен «жерлестердің» күні айынан туып тұр. Жұмысқа орналасу алдында шенді-шекпенділердің әңгімесін «Руың кім?» дегеннен бастайтыны шындық. Ал бағың жанып, бастығыңмен бір руда болсаң, аяғыңды алшаң басуға да мүмкіндік туады. Тіпті болмағанда бір руласың биіктен көрінсе, етегін ұстап, билік басына шығуға талпынатынымыз тағы бар. Күні кеше көптің бірі боп жүрген әлдебір «бозөкпе» аяқ астынан белгілі бір қызметке, мансапқа ие болып, дүрдиіп шыға келеді. Ондай біліксіз, білімсіз басшыдан оңар сала болсын ба? Сонысына қарамай, бір қызметтен бір қызметке ауысып, ай санап өсіп, жыл санап көтеріліп кете береді. Соңынан естиміз. Мұны кім құлағынан сүйреп жүр десеңіз, әлдебір жоғары қызметте «көкелері» бар болып шығады. Тірегі бардың тілін кім алмасын?!

Қарын тойған, сөзі де өзіне тән ортада өтімді болғасын, «іргесін кеңейтіп», үстемдігін арттыруға бар күшін салуға кіріседі. Оның ең басты ойыны – өзге рудың өзі секілді болашақтан үмітті, білімді-білікті азаматтарын аттан құлатып, биік белеске шығармау үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Осылайша жұмыс жасаудан гөрі, бүгінгі «сетевой маркетингтің» шарты секілді, артынан екі аяқ, төрт аяқты отырғызып, жоғарыдан бәрін бақылауға көшеді. Жолынан шыққан білікті кадрды көзге ілмей, ит те болса өзімнің руласым артық деген саясатты ұстанады. Ал мұндай жүйе қандай ел үшін ұлы игіліктер әкеледі?

 

Қазақтың есейетін кезі жетті

Дәл қазір бізге «қоңыратпыз», «дулатпыз», «найманбыз» дегеннен гөрі «Қазақпыз!» дегенді айтып үйренуіміз керек.

«Менің руым ең жақсысы, ең білгірі. Менің руым жақсы болған соң, мен жақсымын» дегеннің өзі «мен» деген менмендіктің, тәкәппарлықтың көрінісі. Руының кім екенін жарияға жар салып жүру сәнге айналды. Көлігінің нөміріне, ұялы телефонының сыртына, бетіне, киімдеріне «мені көрдің бе?» дегендей етіп, соқырдың өзі көретіндей бадырайтып жазып қояды. Желілерде «руластардың» чаты ашылып, сайттары да бой көрсетеді. Оны көргенде, «Рудың мағынасын дұрыс түсініп жүрміз бе?» деген сауал санаңда қала береді.

Рушылдықтың тағы бір көрінісін зират басынан өтерде көресің. О дүниеге кеткен адамдардың өзін періштерлер шатастырып алмасын дегендей, сыртына жазып қояды. Ауылда әр рудың сайлауы бар, президенттері де бар. Әрине, ол жерде игі істер атқарылып жатса, құба-құп. Ал егер ас беруді, ұлан-асыр жиын өткізуді жоспарласа, аяғы жақсы емес. Руластар бірігіп кітап та шығарады. Сосын ол кітапты өткізу үшін мектептер мен кітапханаларды аралап, тағы да мұғалімдердің қалтасын қағып, қинап алдырады. Осылайша өз істеріне өздері маңғазданып жүреді. Тіпті ақшаның бетіне қарамай, ысырапшылдыққа салынып жатады. Руластар аста-төк жиын жасап, бірінің бірі болашақтағы орнын сөз ете бермей, мұқтаж жандарға көмек қолын созса игі болар еді дерсің. Руластардың пайдасы сол кезде тиер ме еді, кім білсін?

Өсетін жұрт болашаққа қарап, заман талабына сай әрекет жасайды, өшетін ел өткенді көксеп, өнбейтін қиялды серік етеді… Текті атасын білу – баршамызға міндет. Алайда Қазақ ұлтының ортақ мүддесін ұмытпағанымыз жөн. Трайбализмнің тамырына балта шабылғанда ғана ел игілігі топқа емес, көпке қызмет етеді.

 Ұ.МҰРАТҚЫЗЫ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.