ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ЖЕТІСАЙЛЫҚ АРДАҚТЫЛАРДЫҢ ТЫНЫСЫН «БЕЛДЕН БАСЫП, БҮЙРЕГІНЕ БІЗ ТЫҒА» БЕРЕ МЕ?

Түркістан облысы әкімі Ө.Шөкеевтің,

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасы Б.Ізмұхамбетовтың назарына!

 

Сегіз айдан кейін де шешімі табылмайтын шырғалаң

Газетіміздің 21.03.2020 ж №11 санында «Жетісайда ардагерлер айтысып жатыр деген не сөз?» атты материал жарияланған болатын. Ауданның бір топ ардагері Жетісай ауданының өз алдына шаңырақ көтерген аудандық жаңа ардагерлер кеңесіндегі жұмысы талап деңгейінде ұйымдастырылмай отырғанын көрсетіп, ұйым басшысын өзгертуге облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Ж.Мәуленқұлов пен аудан әкімі Ж.Бейсенбаев сергектік танытып, жауапкершілікпен қарамаған.

Осы мәселеге байланысты аудан ардагерлері арасындағы алауыздыққа нүкте қою үшін бір топ ардагерлер аудан әкімі Ж.Бейсенбаевтың қабылдауына барып, мәселені тездетіп шешу керектігін айтады. Әкім орынбасары аппарат жетекшісін шақырып, мәселені шешуді тапсырады. Мәселе сөзбұлаңға салынып созылып кеткесін ардагерлер тағы да әкімге кайта барып, мәселені шешуді талап етеді. Сонымен 20.02.2020 ж. пленум шақыртылады да, күн тәртібіне 3 мәселе қойылып, 4-мәселе ретінде ұйымдастыру мәселесін қоюды өтінген пленум мүшесінің ұсынысын төраға Ә.Исаев қабылдамайды. Осы мәселе ушығып, Ә.Исаев пленум жұмысын тастап шығып кетеді.

Ардагерлер енді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Ж.Мәуленқұловқа мәселені әділетті шешіп беруді өтініп арыз жазады. Аудан әкімінің құдасы Ә.Исаев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып отырғандықтан өзіне болатын тиімділіктен айырылғысы келмеген сияқты.

Болмаса, оңтүстіктің ардагерінің атына келеңсіздік әкелетін жағымсыз ақпараттың таралуына жол бермес еді. Мәселе көтерілгеннен-ақ оны байыпты шешу орнына біржақтылық орын алған. Ж.Мәуленқұлов өзінің қалауынша ақпарат дайындайтын комиссияны Жетісайға жібереді.

Облыстық ардагерлер төрағасы Ж.Мәуленқұловтың ойынан шығатындай етіп тексеру өткізіп келген Ә.Сапарбеков басқарған комиссия Ж.Мәуленқұловтың көңілі үшін Ә.Исаевтың мінсіз жұмыс істеп жатқанына жалған анықтама дайындайды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің жүйелі жұмыс істемегенін ауданның ардақты ақсақалдары Ж.Абибуллаев, Т.Досановтар және бастауыш ұйым төрағалары: А.Махамбетов, К.Оразымбетов, Ә.Жұманов, Ж.Базарбаев т.б. шырылдап шындықты айтып бергенімен, Ә.Сапарбековтың «Комиссиясы» оны қаперіне де алмады. Олар 16 пленум мүшесінің сөздерін ескерусіз қалдырып, ардагерлер кеңесі 1 жылда 4 рет алқа мәжілісін, 2 рет пленум өткізді дегенді беттері «былқ» етпей жазып береді.

Осы мәселені облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Ж.Мәуленқұлов өзінің 6 кісі комиссия мүшесімен және аудан әкімі Ж.Бейсенбаевтың қатысуымен болған талқылауда ауданның 70-тен астам ардагерінің айтқан фактілерін солардың  көз алдында жоққа шығарып, сорақылық жасады. Ең масқаралығы, бірнеше жыл Жетісай қаласының ардагерлер кеңесін басқарған 80 жастан асқан ақсақал Б.Әбішев елді ынтымаққа шақыратын шындық ашылмай, алауыздықтың отына май құйысып жатқанына өз ренішін жасырмады. Жұрт алдында айтылған ащы шындық  Ж.Мәуленқұловты шыныдай шытынатып, әдептілікті сақтамай «Шығып кет!» деп зіркілдеуге дейін жеткізді. Осындайдан кейін жетісайлық ардагерлердің арасында ынтымақ-бірлік қайдан бола қойсын. Сегіз ай күтіп, аудандық ардагерлер кеңесінің «ұзақ ұйқыға» кеткеніне төзгісіздік көрсеткен бір топ ардагерлер ынталы топ құрып, аудандық ардагерлер кеңесінің пленумын өткізуге бастамашыл болады.

Бір топ ардагерлердің алдында “Денсаулығым жоқ, мен аудандық ардагерлер кеңесіндегі жұмысымды қояыншы. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұловқа өзім барып айтамын” деген Ә.Исаевтың уәдесіне сегіз ай болса да, ешқандай қимыл болмайды.

 

Жетісайда пленум қалай өтті?

Жоғарыда айтылғандай, «Жетісай ауданы ардагерлер кеңесінің 2020 жылғы 20 ақпан күні шақырылған пленум жұмысының аяқталмай  қалуына байланысты пленум мүшелерінен ынталы топ 26 қазан 2020 жылы құрылған. Хаттама №1. 26.10.2020 ж. Қатысқан ынталы топ мүшелері: Жуманов Ә, Әбішов Б,

Мырзахметов А, Жұманов Д, Шыршықбаев О, Жолдыбаев С, Оразымбетов К, Абибуллаев Ж,

Атықаев Ж, Өмірзақова А, Кәрімбаева Г, Базарбеков Ж, Құлманов М.

Ынталы топ төрағасы болып Ә.Жұманов, хатшылы-ғына Б.Әбішов сайлан-ған. Осы ынталы топтың ұйғарымымен пленум 2020 жылдың 30 қазан күні сағ: 11:00-де қала әкімдігінің мәжіліс залында белгіленгені жөнінде  барлық пленум мүшелері хабардар болған.

Ал, 30 қазан күні болған пленумға 26 кісі, оның ішінде 18 пленум мүшесі және аудан әкімінің орынбасары С.Пірімбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы О.Есенбеков және аудандық мәслихат депутаты О.Шылмырзаева қатысқан.

Пленумнын күні тәртібіне сай пленум мүшесі С.Жолдасбековтың ұсынысымен А.Мырзахметов санақ комиссияның төрағасы, Б.Әбішев санақ комиссиясы мүшесі, Д.Жұманов комиссия хатшысы болып сайланған.

Сонымен аудан ардагерлері кеңесінің 2020 жылы 30 қараша күні өткен пленумының №2 хаттамасында қалай өткендігі тайға таңба басқандай етіліп бәрі анық жазылған.

Пленум төрағасы мен хатшысы сайланған күн тәртібінде «Аудандық ардагерлер кеңесінің жаңадан төрағасын сайлау бекітілген. Хаттамада бұрынғы шақырылған пленумда бір жылғы жұмысқа есеп беру және ұйымдық мәселе қаралуы тиіс болса, пленумда Ә.Исаев: «Мен пленумды өткіземін, денсаулығым жоқ, емделуім керек, мен төрағалық жұмысты қойдым. Бұл туралы аудан әкіміне айтқанмын. Ертең барып облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасына айтамын» деп, залдан шығып кетіп қалды» дегені анық жазылған.

Мәселені талқылай келіп, пленум мүшелері аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын жалғастыру үшін жаңадан төраға сайлауды қажет деп ұйғарған қаулы қабылдайды. Қаулының 1-пунктінде пленум төрағасы мен хатшысын сайласа, 2-пунктінде 2020 ж. пленумда бұрынғы төраға Ә.Исаевтың өзі айтқандай, жұмысты тоқтатып қоюына байланысты, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығынан босатады. Ал, 3-пунктінде пленум мүшелерінің ұсынысымен кеңес төрағасы етіп Шыршықбаев Оразбекті сайлайды.

Ауданның атына айтылған келеңсіздіктен құтылдық деп қуанған ардагерлердің үміті ақталмай, жаңа дау-дамайдың қоламтасы облыстық ардагерлер кеңесінің қолына өтеді

 

Мырзашөлдік ардақтылар облыстық кеңеске неге жазықты болып қалды?

Жетісайға пленум мүшесі А.Жұмановтың атына облыстың ардагерлер кеңесі төрағасы Ж.Мәуленқұловтың 05.11.2020 ж. №52 қызмет хаты келеді. Онда осы ауданда аудандық ардагерлер кеңесі 30.11.2020 ж. өткізген пленумның №52 хаттамасын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағалық  мәжілісінде қарап, қабылдаған қаулысын жолдағанын хабарлады.

Облыстық кеңестің 04.11.2020ж. №23195-VII қаулысында Ә.Исаевтың ауданда құрылған ынталы топтың сауатсыз іс-әрекетін ашына жазғандар өзінің кесірінен ауданда ардагерлер кеңесі жылдап жұмыс істемей отырғанын қаперіне де алмапты.

Облыстық кеңес Исаевтың сөзін дәлелді етіп шығару үшін «тырнақ астынан кір іздеп» іліп алар ілік табуға тырысыпты.

Облыстық кеңес өз қаулысында ынталы топтың заңбұзушылық жіберген фактілерін заң баптарына сай көрсетіп дәлелдей алмаған. Елімізде кез келген қоғамдық ұйым ынталы топ құра алатын болса, ардагерлер ұйымы үшін тыйым салынғанын дәлелді етіп көрсете алмаған. Ынталы топ өткізіп, пленумда оны өткізуге қойылатын талап толығымен сақталған.

Осы пленумға кімдердің қатысқандығы белгілі болса, Жетісайдың кез келген баласына дейін түнде тұрғызып сұраса, оның айтып беретініне ешкім шүбә келтірмесі анық.

КСРО-ның кезінде қызмет істеген сауатты кісілердің «санақ комиссиясын» құрылды деп жала жабуы ұят-ақ болыпты.

Облыстық кеңес Жетісай ауданы ардагерлерінің 30.11.2020ж. өткізген пленумы қаулысын негізсіз деп табады. Ә.Исаевқа пленум өткізуді уақытша тежей тұруды ұсынады.

Аудан әкімі Ж.Бейсенбаев 09.09.2020ж. ауданның он шақты ақсақалдарымен бірге аудандық кеңес пленумында жаңадан төраға болып сайланған О.Шыршықбаевты алдырып, кездесу өткізеді. Осы кездесуде аудан әкімі облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары К.Төлебаевпен ұялы телефон арқылы сөйлесіп, ол кісінің 10.09.2020ж. сағат 15:00-ге белгіленген жиналысқа келуін өтініп, аудандағы өзекті мәселені шешуге шақырады. К.Төлебаев келді. Жиналысқа келген 24 кісі мәжіліс залында отырғанда, аудан әкімі төралқа мүшелері деп бір топ адамды өзі белгілеген бөлмеге алып келеді. Біраздан соң ол кісілердің әңгімесі өзгеріп кетеді. Ә.Исаев жиналысқа келмей, отырыс кейінге қалдырылсын деп жұртты таратады.

Сонымен жетісайлық ардагерлер арасындағы дау-дамайды реттеуге мүдделілік танытатындар табылмай, ырың-жырың жалғаса беретін болды. Басшылардың тірлігі анау, ақсақалдарымыздың сандалып қалғаны мынау болған соң, Құдайым қарапайым халыққа төзім берсін!

 

Оймақтай ой

Ештеңе шешілмей, басты мәселе аяқсыз қалады. Жиынға қатысып отырған алқа және пленум мүшелері Жәңгір Абибуллаев, Тәжіқабыл Жұманов, Мекембай Атабайұлы, Бейсенбай Әбішев, Сейткерім Жолдыбаев, Дүйсен Жұманов болса «Оу, бұл айлық алатын мемлекеттік мекеменің қызметкері емес қой. Ардагерлер ұйымы – қоғамдық бірлестіктердің бір бөлігі. Бұл ұйымның төрағасын пленум сайлайды, пленум босатады емес пе?» деген уәжді сөздерін айтып бағады. Ал бұл уәжді әкім құлағына қыстырғысы келмей, қыңырлықпен өз кесімін алға тартумен әлек болады. Мұндайда бабамыздың «Ерегісіп өткен ер жаман, Бірлігі кеткен ел жаман» деген нақылы еріксіз есіңе оралады екен. Әкім сөзбұйдаға салумен ардагер ағаларымыздың жүйкелерін жұқартуда. Сергелдеңге салынып, табандарынан тозған ақсақалдардың Жамантай Қанайұлына деген өкпелері қара қазандай. Айтқандай, шындық атаулының құлаққа қашанда ащы естілетіні бесенеден белгілі емес пе?! “Айтпаса сөзіңнің атасы өледі” демекші, ауданда осындай өрескелдік орын алды. Бөлім басшысы мен ауыл әкімін тағайындау әкім үшін түкке тұрмайтын шаруа. Ал ардагерлерді бітімгерлікпен бәтуаға шақыруға келгенде қауқарсыздық танытып жүрген Ж.Бейсенбаевқа көпшілік аң-таң.

 

Ж.Серікбайұлы,

Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.