Дін және халықаралық адам құқықтары

 Адам құқықтары жөніндегі пактілер — адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, адамды кемсітушіліктің барлық түріне тыйым салатын халықаралық құжаттар. 1966 жылы 19 желтоқсанда халықаралық құқықта олардың екеуі қабылданған. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пакті мен «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пакті» басшылыққа алынады. «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясынан» (1948) айырмашылығы бұл халықаралық актілер заңды тұрғыдан міндетті құжаттар болып табылады.

Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіде адамның еңбек ету құқы, кәсіпті еркін таңдау құқы, әділ еңбек ақы алу құқы, кәсіподаққа кіру және кәсіпшілдер одағын құру құқы, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулығын сақтау, білім алу құқықтары көзделген. Осы пактіге қосылып, оны мақұлдаушы мемлекет өз халқының бақуатты өмір жайларын қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме қабылдайды. Экономикалық және әлеуметтік Кеңес тағайындаған сарапшылар өз еліндегі адам құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асырылуы туралы мемлекеттердің баяндамаларын жүйелі мерзіммен тыңдап отырады. «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіде» адамның өмір сүру, өзінің бостандығын қамтамасыз ету құқы, негізсіз тұтқындалудан қорғану құқы, әділ сот төрелігіне жүгіну құқы, ойын еркін айтуға, ар –ождан бостандығы, еркін жүріп-тұру құқы, соның ішінде еркін эмиграцияға және өз Отанына қайтып оралу құқы, бейбіт жиындар өткізу, т.б. құқықтары көзделген.

Осы құжат бойынша «Адам құқықтары жөніндегі комитет» құрылды. Бұл комитетке осы пактіні бекітіп, ресми түрде оған қосылған мемлекеттердің баяндамаларын қарап, талқылау міндеті жүктелген. Комитет осы пактіні бекіткен, бірақ оның нормаларын бұзған мемлекеттерге қатысты басқа мемлекеттердің де шағымын тыңдау құқына ие.

Адам құқықтары жөніндегі комиссия — Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия — консультативті кеңесші орган. ҚР Президентінің 1997 ж. 22 сәуірдегі Жарлығымен құрылған. Комиссия Президенттің адам және азамат құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру жөніндегі конституциялық міндеттемелерін жүзеге асыруына, сондай-ақ осы мақсаттағы тетіктерді жетілдіруге жәрдемдесуі тиіс. Комиссия адам құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету, қорғау жөнінде ҚР Президентінің атына және тікелей өзіне жолданған хат- хабарларды қарап, осыған орай жыл сайын арнаулы баяндамалар дайындайды, адам құқығын қорғаудың тетіктерін жетілдіруге қатысты ұсыныстар жасайды. Қазақстан мүддесіне қатысты адам құқықтар жөнінде сараптамалық материалдар, арнайы халықаралық-құқықтық құжаттар, сараптамалық қорытындылар әзірлейді. Осы сала бойынша маманданған халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысады. Адам құқықтары жөніндегі комиссия туралы ереженің 7-пунктінде «Комиссия Мемлекеттік хатшының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін төрағадан, комиссияның хатшысы мен мүшелерінен тұрады» делінген.

Ар-ождан және діни наным бостандығына құқық  адамның іргелі құқықтарының бірі болып табылады, себебі ол өзіне оның басқа да құқықтар: ой бостандығы; сенім еркіндігі,  сөз еркіндігі, жиналыс, ассоциациялар бостандықтары  жиынтығын қамтиды.

Осы құқықты пайдалану дәрежесі мелекеттің демократиялық деңгейінім көрсеткішінің бір түрі болып табылады.

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.