Заманауи әлемдегі дінаралық сұхбат және Иасауи ілімі

Зайырлы қазақ қоғамының рухани түрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Елімізде Ислам, христиандық және иудей діндерінің жалпы адамзаттық  және гуманистік құндылықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы атқаратын рөлі ерекше. Дәстүрлі діндердің жасампаз әлеуеті қоғамымызда достық пен өзара құрмет пен түсінушілікті нығайтуға  қызмет етеді. Қазақ халқының  мәдениеті мен руханияты Ислам өркениеті мен дүниесінің  ажырамас бөлшегі.Ұлттық руханият халқымыздың өмір тұрмысынан, мәдениетінен, өнері мен философиясынан, тілі мен ділінен, діни сенімінен қалыптасады. Ұлттық руханияттың киелі қадір-қасиеттері қазақ қоғамынан және қазақ ұлтының өмірінен көрінеді. Ұлттық руханият және діни сана өзара байланысты. Ислам діні мен ұлттық руханият арақатынасы – бұл әдептілік пен әдепсіздік, имандылық пен имансыздық, сабырлылық пен шыдамсыздық, үнемділік пен ысырапқорлық, аманат пен қиянат, қарапайымдылық пен тәкаппарлық сынды ахлақтық ұғымдар дін мен ділдің арақатынасын айқындайды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында ар-ождан бостандығы мен діни бостандықтың принциптері, әртүрлі конфессияларға жататын азаматтардың өздерінің діни бірлестіктерін құруға теңқұқылығы, мемлекет пен діннің бөлінгендігі туралы принциптер бекітілген. Қазақстан зайырлы мемлекет. Дін саласындағы мемлекеттік саясат қоғамдағы келісім мен түсіністікті сақтауға діндарларды жұмылдыруға бағытталады.Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім Қазақстан үшін  ізгі құндылық. Бүгін Қазақстан әлемге тек мұнай өндіруші ел ретінде ғана емес, сондай-ақ Бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы есебінде де таныс. Онда әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды заманауи  дінаралық сұхбаттастық және кейбір түйткілді мәселелерді шешу үшін жиналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлері діндердің ІІ съезінде сөйлеген сөзінде: «Қазақстан халқының басым көпшілігі өздерін мұсылман санайды. Сонымен бірге Исламның Қазақстанда басымдыққа ие болуы басқа діндерді ұстанушылардың өздерінің әдет-ғұрыптарын толыққанды атқаруына тіпті де кедергі келтірмейтінін қадап айтамын.»-деп, Қазақстандағы конфессияаралық үнқатысу мен ұлтаралық және дінаралық келісімнің үлгісін атап көрсетті.

Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының осындай кездесулерінің соңғы бірінде еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше аталып өтілді. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының  съездерінде конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі принциптері айқындалды. Олар: толеранттылық, өзара құрметтеу мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік. Бұл қағидалар Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың да негізін құрайды. Дін  даусыз біріктірудің, интеграциялық процестердің күшті факторы. Ол үшін діндерден қайшылықтарды емес, керісінше ортақ белгілер мен принциптерді, ортақ негіздер мен ортақ құндылықтарды, біріктіруші бастауды іздеуге міндеттіміз.

Конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің нығаюы үшін, діннің біріктіруші, рухани тұрғыдан құрушы фактор  есебінде рөлінің күшеюі үшін діни мәдениет пен діни сананы қалыптастыру қажет. Қазақстандағы сүнниттік ислам және христиандықтың православие бағыты Қазақстандықтардың басым көпшілігінің діни бірегейлігінің негізі болып табылады. Елдегі діни келісім мен ұлтаралық татулық екі діни бағыттың түсіністігі мен сыйластығы арқылы, тұрмыстық және адамгершілік негізінде іске асады. Қазіргі аумалы-төкпелі уақытта елімізде дінаралық татулықты қамтамасыз ету өте маңызды.

Еліміздің  осындай игі бастамалары жер бетіндегі бейбітшіліктің баянды болу үшін дінаралық сұхбаттастықтың және халықтар арасындағы достықтың маңызды екендігіне үміт артқызады. Адамзат баласы жаһандану заманында және мәдени бірегейлену үдерісі кезінде рухани ұстанымдарына мән бере бастады. Әлем халықтары арасындағы діни, мәдени және ділдік ұқсастықтар мен ерекшеліктер халықтарды бөлуге емес, бірлікке алып келуі керек екендігіне назар аударған еуразияның  кіндік ортасында орналасқан еліміздің әлемдік қауымдастықтағы мерейін үстем етті.

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.