АЗҒЫНДЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ ҚАНША ЖҮРЕР ДЕЙСІЗ?

Кешкі шәй үстінде отбасыңызбен отырып теледидар қарай бастасаңыз, абайсызда «Астарлы ақиқаттың» арнасына түсіп кетсеңіз, бетті басып, ұяттан өртене жаздайсыз. Себебі ошақ қасындағы, отбасындағы үлкенді-кішілі кикілжіңдер айқара ашылып, тіпті белден төмен әңгімелер де бүкпесіз айтыла береді. «Иттей болған келін», «Жезқазғандық жезөкше», «Ақша үшін аянбайтын әйел», «15 жасымда тудым», «Қайын атадан қойын атаға», «Сідік күйеу», «Қарғыс атты ма?», «Он жылдық көңілдес». Осылай кете береді. Ия, айтуға ауыз бармайтын бұл тақырыптар КТК арнасында күн сайын кешкі сағат 20:00-де берілетін «Астарлы ақиқат» бағдарламасында талқыға түседі, 19 миллион халқымызға жол тартады. Арнайы сарапшыларын шақырып, әркім өзінше ақиқатын айтқан болады. Былайша айтқанда, анайы сөздер айтылып, жаға жыртысып, үйдегі масқаралықтарды көптің алдына шығарып, «Мені көрдің бе?» дегендей жарияға жар салады. Айтатын бір ғана уәждері: «Бұл – өмір шындығы». Құдай-ау, қазақ қашаннан бері өмір шындығы деп,  ұятты ұмытып, төсектегісінен бастап төрдегісіне дейінгіні жалпақ жұрт алдында шімірікпестен айтуға жеткен?!

КТК арнасының «Астарлы ақиқат» ток-шоуы бұған дейін де сын тезіне алынып, талай рет халықтың наразылығын тудырғаны рас. Алайда танымал журналист Дина Төлепберген жүргізетін осы бағдарлама бұл жолы жұрттың сұмдық наразылығын тудырып, «Астарлы ақиқат жабылсын!» деп өре тұрғызды. Оған да себеп жоқ емес. «Астарлы ақиқат» бағдарламасының жарыққа шыққанына аз уақыт өтпеді. Бастапқыда әлеуметтік өзекті мәселелерді көтеріп, көмек іздеген адамға қол ұшын созатын салмақты бағдарлама ретінде берілгені есте. Алайда уақыт өте келе, бұл бағдарлама ақиқаттың астарын емес, төсектің айналасын ақтаратын ток-шоуға айналды.

Батыстың цивилизациясына емес, канализациясына белшесінен батуға әбден машықтанған, «хайпты» айып деп білмейтін, халықтың руханиятын емес, бағдарламасының рейтингін таразы басына қоятын, «қара пиардың» шеберіне айналған «ток-шоу» жүргізушілері мен режиссерлері һәм журналистері Ресейлік арналардағы түрлі дау-дамайға толы дүниелердің тонын теріс қаратып қойып, қазақ қоғамына ұсынуды жаттанды әдетке айналдырғалы қай заман. Солардың бірі – «Астарлы ақиқат».

Көрерменнің «қытығының қай тұста» екенін мықты біліп алған бұл ток-шоудың авторлары көбінесе «сенсация» тақырыптарды арқау етеді. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» жүргізушісі Дина Төлепберген бір сұхбатында:  «Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені айналып өте алмаймыз. Көрерменге не қызық, біз соны экранға шығаруға талпынамыз, нақты кейіпкермен жұмыс істейміз. Өйткені телевизияның күші арқылы бір адамның болса да тағдырын өзгерте алсақ, сол адам кейін қоғамды өзгертуі мүмкін» дегенді айтқан болатын. Сонда ұятты ұлтының ұйытқысы деп білген текті қазақ халқы осындай белден төмен тақырыптарды қозғауға құмбыл дегенді айтқысы келіп отыр ма? Естіген құлаққа, көрген көзге түрпідей тиетін дүниені қызықтауға қазақ ынталы дегенді айтқысы келе ме? Қазақтың деңгейі осы дегені ме?! Әлде өздерін ақтаудың бұл бір жолы ма?

Мейлі, ал халықтың талғамын қалыптастыратын кім? Әрине, БАҚ өкілдері, теледидар, театр, кино. Теледидарды ақпарат құралы деп қарастыру, әсте қате. Теледидар – насихаттаушы, тәрбиелеуші. Шерхан Мұртазаның: «Теледидар – құдіретті күш. Ол да баяғы ертектегі дәу пері сияқты: кімнің «сиқырлы сақинасы» бар – соның құлақкесті құлы. «Адамдарды жаппай мәңгүрт ет» десе, мәңгүрт ете салады, «жаппай иманды ет» десе, иманды ете алады» дегені сөзсіз рас. Рейтинг, хайптан гөрі аудитория алдындағы жауапкершілікті түсінсе, көп бағдарлама. Эфирде анайы сөзді айту, кей отбасындағы сорақылықты жұртқа жаю – ақиқат емес! Қоғамды масқаралау арқылы емес, жақсы туындылар арқылы тәрбиелеу керек!

Екі күннен бері «Астарлы ақиқат» қоғамның ызасын астауынан асырып төкті десек болады. Бұл жолы да әдеттегідей төсек, жыныстық қатынас сынды тақырыптың тұздығы етіп қайын ата мен келін арасындағы сорақы байланысты эфирге шығарды. Алайда мынадай сұмдық жағдайларды «Астарлы ақиқаттың» көбінесе Түркістан облысы жақта жиі болатындай етіп көрсетуі көптің ренішін тудырды. Бұл «Астарлы ақиқатты» көретіндер қасиетті Түркістанда тек ұяттан безгендер тұра ма деп ойлауы заңдылық. Руханияттың астанасы саналған Түркістан тап бір арсыздардың мекені сияқты «Астарлы ақиқаттың» арқасында.

«Астарлы ақиқаттың» жабылсын деген желі қолданушылары: «Сөздің шыны керек, үйде бала-шағамен отырып теледидар көруден қалдық! «Бояушы, бояушы деген сайын  сақалын бояпты» дегендей, рейтинг көтеремін деп жүріп, ар-ұятты ұмытты бұлар! Ұлының ұлтарағы шығып, қызына қырық үйден тыйым көрсете алмай жүрген қара қазаққа, онымен қоймай «Қалаулымды» әкеліп былш еткізді. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген бабаларымыз ар-намысты бірінші орынға қойды емес пе?! Құрметті Дина Төлепберген! Бұндай белден төмен бағдарламаңды үйіңдегі әке-шешеңе ғана көрсет!» -деп жазды ашына намысты жандар.

Яғни, бұл ток-шоуда адамның ақылына келе бермейтін оқиғалардың дені Оңтүстік өңірінде болатындай етіп көрсетіледі. Кейіпкерлері сол жақтың тумасы немесе тіпті оқиғаның өзі сол аймақта болған етіп көрсетіледі. Мәселен, күні кешегі «Қайын атадан қойын атаға» атты шығарылым кейіпкерлері де Түркістан облысының адамдары-мыс. Бұған дейінгі бағдарламадағы мектеп оқушысын зорлаған адам да, дүниеге таласатын да, қайын атасын қойнына алатын да түрлі кейіпкерлер басқа емес, дәл Түркістан облысының адамдары. Кездейсоқтық па, әлде әдейі солай көрсетуді КТК арнасы басты мақсаты етіп алған ба? Өзге ұлт өкілдерінің арасында болған оқиға іспеттес етіп көрсеткенімен, бұл жағдайдың қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Түркістан облысы өңірінде болғандай етіп көрсету, сонымен қатар қазақ қоғамына осындай дүние ұсыну – халықты дүбәра, тобырға санау ма, әлде «Сендер осындайсыңдар!» деген емеурін бе? Өткенде, 15-те «балалап қалған Назакат» сериялын «Кіммен қанша рет болдың?», «Қалай болдың?» деген анайы сұрақтарымен сағызша созып, бақандай 7 эфирді арнаған еді. Сұмдықтың көкесі Назакаттан да асып, атасы мен келінінің әуейі болып, арада балалар болып, от анасы мен ұлдың бетіне шіркеу болған қайын ата мен бетсіз келінді көрсетіп жатыр. ДНК сараптамасын жасап, “астарын ақтармақшы”, сөздерінше… Осы ма еді, ұлттық идеологияны жетілдіргендері?!

«Бас жарылса, бөрік ішінде» дейтін қазағымның қағидасы қайда қалды? Қасиетті сөз «қайын атаның» қадірін қашырып, «келіннің» көкесін көрсеткен Дина Төлепбергеннің мақсаты қандай? «Қодар мен Қамқа» өлімінің өзі «Абай жолында» ашықтан-ашық айтылмаған еді, ал бұлар міз бақпастан барлығын бір жерге жинап, талқылап отыр.

Егер, басқа заман болғанда тас атып, ит жеккенге айдап, қан қақсатар еді. Арсыз, санасыз  жағдаяттарды көлкітіп көгілдір экранға шығарғанда не таппақ? КТК ток-шоу, әлеуметтік хабарлар редакциясының мақсаты не?! Ақпарат министрлігі ұлтқа, елге опа бермес ондай бассыздықтарға тосқауыл қоймай, қайда қарап отыр!? Тоқтам керек!

Дәл осындай материал Өзбекстанның телеарнасынан беріледі деп айта аламыз ба? Олар мына сияқты азғындықты насихаттаушыларды ел аумағынан бір күнде қуып шығар еді.

Бүкіл түркі әлемі қадірлеп, қастерлейтін киелі Түркістанды масқаралаған Динаның үнінің өшуіне көп уақыт қалған жоқ. Қазақтың намысты ұл-қыздарының Динаның азғындарына ере бермесі хақ.

 Ұ.ӨСКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.