АНА – АЛЛАНЫҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ

Ана – тіршіліктің алтын арқауы. Асыл ана туралы қасиетті де құдіретті сөздер, аңыз-әңгімелер жеткілікті. “Ана” деген сөз кімнің болмасын құлағына ыстық естіледі. Осы сөздердің астарында теңіздей терең мағына жатқаны да көпке аян.

Ана – адамды өмірге әкелетін қасиетті жан. Баласы үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін қашанда құрбан етуге дайын абзал жан. Өмірге келгеннен бастап жанымыздан табылатын мейірімді адам да – ана.Баласы үшін тас емшегін жібітіп, тар жатырын кеңіткен ананың орнын адамзат баласы қашанда жоғары бағалаған.Бала дүниеге келгеннен кейін де оны үнемі қасында ұстап, ақ сүтімен азықтандырып, түн ұйқысын төрт бөліп, сәбиді тыныштандырып, балам аш болмасын деп еңбектеніп, тыным таппайтын, перзенті ер жетсе, алаңдамай қоймайтын анадан қымбат кім бар? Өзінің жағдайына қарамаса да, баласына бәйек болады. Өз аузынан жырып бар тәтті-дәмдісін, жылы-жұмсағын баласының алдына қояды. Сәл нәрсеге қабағың түссе, ең әуелі көріп қоятын, не болды деп үрейі ұшып, тыным таппай жаныңнан табылатын да сол ғазиз жан.Бірақ бұл қиындықтың бәрін жаңа босанған перзентін қолына алысымен-ақ ұмытуға дайын. Ендеше, адамзат үшін асыл қазына, Алланың берген ұлы сыйы – Ана. Ол баланы тәрбиелеуден, ауырса емдеуден, қамқорлық етуден еш шаршамайды да, жалықпайды да.

Қазақ халқы «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа», «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың», Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды» деген сынды тәрбиелік мәнге толы мақал-мәтелдер айтып, ананың ерекше орнын анық көрсете білген.

Ана деген осы, оның алдында қашан да қарыздармыз, оның алдында өз борышымызды өтей алмаспыз.

Аналардың әр күнін мереке қылса да перзент үшін артықтық қылмас, алайда жылына бір күнді анаға арнаймын деген адамға шектеу жасау да жөн болмас. Алла Тағала аналарымызға аналық бақытты сезінуді, қашан да перзенттерінің ықыласына бөленіп жүруді нәсіп етсін.

А.Отуншиева,

А.Тоқтабек,

М.Әуезов атындағы ОҚУ, «Стандарттау және сертификаттау»

кафедрасының магистр,  аға оқытушылары.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.