ҰРПАҚТАР ЖІБІН ТАРҚАТҚАН, ӘКЕМЕ АЙТАМ МЫҢ АЛҒЫС!

«Адамгершілігімен, азаматтық іс-әрекетімен айналасына қадірлі болған, кісілік пен кішілік нұры тұла бойынан төгіліп тұрған ардақты әкеміз Оспанғазы Жанқожаевті әрдайым мақтаныш етеміз! Өмір жолында адаспау үшін білімді болуға, еңбексүйгіштікке үйреткен, жамандықтан сақтандырып, пана болған өзіңіз! «Балам, «көргенсіздің баласы» деген жаман атаққа қалма. Адал жүріп, тұр! Қолыңнан келсе жақсы іс жасап, алғыс ал» деген өсиетті құлағыма құйып тәрбиелеген де өзіңіз! Сіздің осындай тәрбиеңіздің шарапатын көп жерде көрдім, өмірден өз орнымды адаспай табуыма көп көмегі тиді. Сол үшін сізге мәңгі қарыздармын» дейді Шымкент қаласы Полиция департаменті Көші-қон полиция асқармасының инспекторы полиция капитаны Абылайхан Балақожа Оспанғазыұлы.
Полиция династиясын жалғаған Абылайхан 2010-2014 жылдары Қарағанды Заң академиясын аяқтайды. Алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция басқармасында тергеуші болып бастайды. Өз ісіне деген сүйіспеншілік пен ізденістің арқасында аға тергеуші болады. 2020 жылдың шілдесінен бастап Шымкент қаласы Полиция департаменті Көші-қон басқармасының инспекторы лауазымына ауысады. Қазіргі таңда өз ісінің маманы, ұжымына сыйлы Абылайхан полиция мамандығын таңдағанын мақтан етеді. Әрине, «әке көрген оқ жонар» демекші, бұл салаға келуіне әкесі Оспанғазы Жанқожаевтің де өз үлесі бар екенін жасырмайды. Абылайханның әкесі көп жылдар Ішкі істер саласында қызмет етіп келген полиция полковнигі Оспанғазы Жанқожаев. Оспанғазы Жанқожаев — өз заманының аңыз адамына айналған қаһарман екенін бірі білсе, бірі білмес. Оспанғазы ағамыз кезінде қызмет бабында жүріп өз кеудесін оққа тосқан қаһарман. Білігі мен тәжірибесі мол ардагер зейнетке шыққанымен, жастардан қалмай, күнде жұмысқа келеді. Бүгінде Түркістан облысы Ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.
Алғыс айту мерекесінде өз әкесіне деген ризашылығын білдіргісі келген полиция капитаны Абылайханның әрекеті көпке үлгі болары сөзсіз. Ал Сіз кімге алғыс айтасыз?!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.