ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ИТАЛИЯ ЕЛШІСІМЕН ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Италияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Паскуале Д’Авино бастаған делегацияны қабылдады. Кездесу барысында екі тарап облыс аумағында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Өңір басшысы облыста инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын және Түркістан өңірінің инвестиция тарту бойынша елімізде көш бастап тұрғанын жеткізді. Бүгінгі таңда өңірде баламалы энергия өндірумен айналысатын италиялық «Arm Wind» (ENI) компаниясы тарапынан Отырар ауданының Шәуілдір ауылында қуаты 50 МВт күн электр стансасының құрылысы жүргізілуде.

«Түркістанға облыс орталығы мәртебесін беру қаланың ғана емес, бүкіл өңірге инвестиция тартуға айтарлықтай серпін берді. Бұл ретте инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін инвестиция тартуды жүйелеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдама сәтті жүзеге асырылып келеді», — деді Өмірзақ Шөкеев.

Өз кезегінде Паскуале Д’Авино түркі әлемінің рухани орталығына сапары барысында алған әсерімен бөлісті. Италия елшісі алып құрылыс алаңына айналған Түркістанның жаңа келбеті мен қаланың мәдени-тарихи орталығының көркі таң қалдырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Италия елінің кәсіпкерлері Түркістан өңірімен тығыз ынтымақтастыққа, соның ішінде туризм, жасыл энергетика және ауыл шаруашылығын дамытуға мүдделі.

Кездесу соңында облыс әкімі ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа және халықаралық компаниялардың өңірдегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.