ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ІРІ ҚАРА МАЛ ЕТІН ЭКСПОРТТАУДАН РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСЫНДА

Агроөнеркәсіптік кешен — халықты аса маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін, сондай-ақ елеулі экспорттық әлеуеті бар Түркістан облысының негізгі саласы. Облыс бірқатар ауыл шаруашылығы көрсеткіштері бойынша республикада жетекші орынға ие. Жыл қорытындысымен жалпы саладағы өнім көлемі 729,7 млрд теңгені құраған. Нәтижесінде республикадағы үлесі 12%-ға жетіп, облыс елімізде 3-орынды иемденді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов брифингте мәлімдеді.
«Облыста ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 58,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестициялардың ауқымды бөлігі Кентау қаласы (21 %), Ордабасы ауданы (10,2 %), Сайрам (9,9%) және Бәйдібек аудандарына (9,9 %) тиесілі. Республика бойынша ірі қара мал санының — 14,4%-ы, ұсақ малдың — 23%-ы, жылқының — 12,1%-ы, түйенің — 15,1%-ы және өндірілген еттің — 12%-ы, сүттің — 12,5%-ы өңірдің үлесінде. Республикада ірі қара мал етін экспорттау бойынша облыс 1 орында», — деді басқарма басшысы.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі былтыр 847,9 мың гектар аумаққа орналастырылған. Ал жылыжайлар 131,6 га салынып, жалпы көлемі — 1 246 гектарды құрады.
Жылыжайлардың негізгі бөлігі Сарыағаш (739 га), Келес (89 га), Ордабасы (87,4 га), Қазығұрт (63,4 га) аудандарының үлесінде. Республикада жылыжайлардың 67%-ы облыстың еншісінде. Тамшылатып суғару технологиясы — 21,9 мың га, жаңбырлатып суғару технологиясы — 2,2 мың га құрады. Агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру мақсатында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағытында 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып, 262,5 мың тонна өнім өндірілді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.