Нәзік жанды жедел уәкіл

 Құқық пен қоғамдық тәртіпті мызғымай күзету ісін меңгеру – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер үшін оңай шаруа емес. Сөйте тұра, олар әйелге тән нәзіктілігі мен биязылығын жоғалтпай, ерлермен иық тірестіріп, тәуліктің қай мезгілімен де санаспай, өздерінің жоғары еңбек қабілеттерін көрсетуде.  

Бүгінгі кейіпкеріміз – Шымкент қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Динара Турекулова полиция саласында ер жігіттермен қатар қызмет етіп келеді.

Турекулова Динара Танирбергенқызы Ішкі істер органдарында 2005 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Алғашқы еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті Жол патрульдік полицияның аға инспекторы болып бастаған. Қазіргі таңда Шымкент қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі қызметін атқарып келеді.  

Қала тыныштығын қамтамасыз етіп, ер азаматтарға тән қайраттылық қызметті абыройлы атқарып жүрген Динара Турекулова ішкі істер саласында 16 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді. Ерекше жауапкершілік пен міндет жүктейтін маман иесі болуды ол бала кезден армандаған екен. Шыныққан сайын шыңдала, тәжірибесі толыға түсетінін білетін Динара өз жұмысын жақсы көреді. Балалық арманы әрі Қазақстан халқына адал қызмет етсем деген жүрек түбіндегі мақсаты оны осы салаға алып келеді. Күні-түні осы қызметте қаладағы ұрлық-қарлықты, тәртіп бұзушылықты ашуда алдына жан салмай келеді.

Айта кету керек, Динара бүгінге дейін ҚР Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ облыстық ішкі істер департаментінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Аталған марапаттардың бәрі қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, заңдылықтың бұзылуына жол бермей, құқық бұзушылықтармен күресуде кәсібилігін танытып, басшылық тарапынан жүктелген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындай білетіндігінің дәлелі.

«Жыл сайын біздің департаментте қыз-келіншектердің мерекесіне орай  мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Сый-сияпат жасап, бізді ерекше құттықтайды. Біз үшін ол — үлкен құрмет. Әйел адам үшін өз ортаңда сыйлы, қадірлі, аяулы болғанға не жетсін! Сондықтан бүгінгідей керемет мерекеде барша әріптес қыз-келіншектерді, аналарымызды, әже-апаларымызды мейрамдарымен құттықтаймын! Шаңырақтарына бақ-береке, амандық, бірлік пен молшылық тілеймін» – дейді жедел уәкіл Динара Турекулова.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.