ТҮРКІСТАН: АЯҚ ДОП ШЕБЕРЛЕРІ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Түркістандағы «Tүркістан — Арена»  стадионында облыс намысын Премьер-лига командалары арасында қорғайтын «Тұран» командасы мен «Ақжайық» футболшылары арасында кезекті тур ойындары өтті.

Бұл матч барысында Түркістан облысының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған облыстық футбол мектебінің 2010 жылғы туылған шəкірттері футболдан жасөспірімдер арасында өткен «Түркістан Кубогінде» күміс жүлдегер атанған жас ойыншыларымыз марапатталды. Жауапты ойынға арнайы келген Түркістан облысы əкімінің орынбасары Сəкен Қалқаманов пен облыстық футбол федерациясының президенті, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев еліміздің болашақ талантты жас футболшыларды жетістіктерімен құттықтап, арнайы дипломдармен марапаттады.

Айта кетейік, Түркістан облыстық футбол федерациясының президенті Хаким Қошқалиев өңірімізде балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуда игілікті істерді атқаруда.

Жас кəсіби футболшыларға жігер беретін бұл басқосуда облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев түркістандық жасөспірім ойыншылардың бұл жетістігін жоғары бағалады.

Жиында облыс əкімінің орынбасары Сəкен Қалқаманов пен Түркістан облыстық футбол федерациясының президенті Х.Қошқалиев күміс жүлдегер атанған шəкірттерді осынау ғаламат жеңістерімен құттықтады. Футбол саласының білікті бапкері, жас ойыншыларды спортқа баулып келе жатқан Марат Мұстафаев та назардан тыс қалмады .

Еске сала кетсек, түркістандық жасөспірім футболшылар бұл жарыста Елордалық «Жейран» командасымен ақтық сында кездесіп, 1:1 есеппен тең тарқасты. Пенальтиден аз ғана ұпай санымен жеңіліп, күміс жүлдені иеленген болатын.

Түркістан облысының болашақ дарынды футболшылары арасында келешегі кемелді, талай жарыстарда «Үздік сұрмерген» атанып келе жатқан Мырза Мейіржан бар.

Білікті басшы Дəулетияр Əлиев басқаратын облыстық футбол мектебінен əлі талай талантты жастар шығатындығына сеніміміз мол.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.