ОБЛЫС СПОРТШЫЛАРЫ БИІК БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРУДА

Бұқаралық спортты дамыту – ұлт денсаулығының кепілі. Осы тұрғыдан келгенде өңір спортын өркендетудің де маңызы бөлек. Жалпы қазыналы Оңтүстік өңірі әлемдік дүбірлі додаларда дара шыққан сақа спортшыларға кенде емес. Олардың арасында Олимп шыңына шыққан, әлем біріншіліктерінде Әнұранымызды әуелеткен, ел чемпионатында олжа салған, Азиялық сайыстарда саңлақ атанғандар да аз емес. Өйткені өңіріміздің спортшылары қашанда үмітімізді еселеп ақтап, мерейімізді үстем етумен келеді. Карантиндік шектеулерге қарамастан биылғы жылдың өзінде олар бірқатар толағай табыстарға, жұрт сүйсінген жеңістерге қол жеткізіп үлгерді.

Айталық Түркістан қаласында бокстан жасөспірімдер арасындағы XVI  республикалық турнир өз мәресіне жетті.

Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері, Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бұл сайыс “Балуан Шолақ” спорт кешенінде ұйымдастырылып, республиканың түкпір-түкпірінен келген 180 жас боксшы бақ сынасқан бәсеке аса тартысты өтті.

30 бен 60 келі салмақта күш сынасқан қатысушылардың көшін Түркістан облысы бастап тұр. 12 спортшымыз бірінші орын алып, алтын жүлдемен оралса, екінші орындағы Ақтөбе облысынан 4 спортшы жоғарғы орыннан көрінді.

Ал жарыс көрсеткіші бойынша 16 спортшы бірінші және екінші орынды, үшінші орынды 32 спортшы иеленіп, жүзден жүйріктерге арнайы Алғыс хат, медаль және кубок пен ақшалай сыйлықтар тарту етілді.

Ал Алматы облысының Бірінші мамыр тоғанында байдарка мен каноэ есуден Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, бұл жарыста 2003-2004 жылы туылған жастар мен 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер бақтарын сынады. Еліміздің 12 аймағынан 148 спортшы қатысқан жарыста бәсекенің жоғары болғанын да айта кетейік.

Тартысты өткен ескекшілер сайысында Түркістан облысының спортшылары  жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 21 алтын, 10 күміс, 14 қола медальді иеленіп, жалпы командалық есепте жеңіс тұғырының ең биік сатысын бағындырды. Ал, 9 алтын медаль еншілеген Шығыс Қазақстан облысы екінші орынды иеленсе, Жезқазғанның спортшылары 8 алтын алқаны алып, үшінші орынға табан тіреді.

Осылайша Түркістан облысының байдарка мен каноэ есу құрама командасы биылғы жылдың жарыс маусымын ірі жеңіспен аяқтады. Осы тұста жеңіс тұғырынан көрінгендердің дені Түркістан облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары екенін де қаперге салайық. Олар маусым барысында 45 жүлдеге ие болды.

Ал футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының қорытынды турында Түркістандағы «Түркістан-Арена» стадионында Түркістанның «Томирис-Тұран» командасы мен Шымкенттің «БИІК-Шымкент» клубы өзара мықтыны анықтады. Біріншілік  аяқталмай тұрып ел чемпионы атанып үлгерген шымкенттік клубқа қарсы түркістандық арулар лайықты қарсылық танытып, аяқдоп шеберлерін кәдімгідей састырды.

Түркістандағы жаңа стадионда өткен бұл бәсеке аса тартысты әрі қызықты өтті. Жасыл алаңда жан аямай алма кезек шабуылдаған еліміздің қос командасының шеберлігіне жанкүйерлер де риза болып тарқасты. Тартысты  өткен кездесу 2:3 есебімен аяқталды. Қонақтар жеңіске жетті десек те, бұл нәтижеге қарамастан қос клуб та бірінші және екінші орындарды иеленіп қойғаны жанкүйер қауымға күні бұрын мәлім болған. Биыл жаңадан құрылған Түркістан облысының «Томирис-Тұран» әйелдер командасы ел чемпионатына қатыса сала жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, чемпионаттың күміс жүлдесін ұтып алды.

Осы тұста айта кетерлігі, Түркістанның футболшы қызы Әйгерім Айтымова осы футбол маусымындағы үздік голдың авторы атанды. Ел біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей жүрген бұл екі ұжым 2022 жылы футболдан әйелдер арасында УЕФА Чемпиондар лигасында ел намысын қорғауға тастүйін дайын тұр. «Томирис-Тұранның» бұл табысының өзі өңір аяқдопшыларының аяқ алысының нашар еместігін айғақтайды. Қазақ футболында жаңа команда пайда болғаны, үздіктер қатарынан табылғаны ел спортына оң серпін бергені емес пе? Түркістан футболының төске өрлеп келе жатқаны, әрине, жанкүйер қауымын да қуанышқа бөлейді.

Ал Ақтөбе қаласында жүзуден өткен ел чемпионатында Түркістан облысының жүзушілер құрамасы медальдар саны бойынша рекорд жаңартып, 6 алтын, 9 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Жарысқа еліміздің 15 өңірінен келген 20 команда, 250 спортшы қатысып, үздіктерін анықтады. Түркістанның атынан су жолақтарында облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервін дайындау мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиенушілері шеберлігін көрсетті.

Жарыс нәтижесі бойынша Түркістан облысының спортшылары 25 жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан чемпионатында алғашқы рет Марасанова Дарья, Злобина Диана, Васильченко Дарья және Болдырева Милана 200 метрге еркін әдіспен жүзуден жеңіске жетті.

Бұдан бөлек ірі халықаралық турнилерде де Түркістан түлектері ұдайы топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Алда талай тартысты бәсекелер де күтіп тұрғаны анық.

Келесі жылдың наурыз-сәуір айларында облыс жүзушілері Қазақстанның квалификациялық чемпионатына қатысады. Бұл жарыс жазғы Азия ойындарына іріктеу болып саналады. Жауапты жарысқа дайындық басталып кетті.

Одан бөлек Ресейдің УФА қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанған жерлесіміз бен қола жүлде иегері елге оралды.

16-22 тамыз аралығында өткен бәсекеде жерлестеріміз жастар арасында еркін күрес, грек-рим және әйелдер күресінен бақ сынасқан болатын.

Сайыста 57 келі салмақта ел намысын қорғаған Нилуфар Раймова ширек финалда беларусьтық Мария Билиданы тізе бүктіріп, ақтық сында италиялық Аурора Руссодан 8:6 есебімен басым түсті.

Сонымен бірге, 59 келіге дейінгі салмақта күрескен балуан Мадина Аман қола жүлдегер атанып, абыройымызды аспандатты.

Екі спортшыны рухани астанада күтіп алған өңір басшылары әлемдік турнирде жеңімпаз болған ұлт қаһармандарына ақшалай сыйлық табыстап, игі тілектерін жеткізді.

Өз кезегінде чемпиондар алғысын білдіріп, алдағы уақыттағы бәсекелерде де жеңімпаз атануға үмітті екендігін, ел үмітін ақтай беретіндіктерін айтты.

Ресейдің УФА қаласында өткен еркін күрес, грек-рим және әйелдер күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғаған жерлесіміз Нилуфар Раимова қазір ХҚТУ-дың “Мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығының 3- сыныбында оқиды. ҚР спорт шеберінің иегері.

Ал Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында 59 келіде бақ сынаған қола жүлдегер Мадина Аман 2003 жылы туылған. Ол  ХҚТУ-дың Дене шынықтыру мамандығының 2-сынып студенті.

Сондай-ақ дүние жүзінің спорт сүйер қауымының назарын аудартқан, Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында қыркүйек айының 14 мен 21 аралығында өткен карате-до спорт түрінен өткен «Gold World Cup» Әлем кубогінде Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғап, еліміздің көк байрағын желбіреткен, Әнұранымызды шырқатқан Түркістан облыстық №2 ОРМБЖ спорт мектебінің спортшылары да бұл бәсекеде қарсыластарын қапы қалдырып, ең жоғарғы нәтижеге қол жеткізді. Түркістандықтар əлем бойынша өткен татамидегі жарыста осылайша күш-жігерлерін көрсетіп, бес құрлықтың бетке ұстарларынан басым екендіктерін өз жеңістерімен дәлелдеді.

Нəтижесінде жеңіс шыңын бағындырып, алтын медаль иеленгендер қатарында жерлестеріміз Абен Меруерт екі алтын алса, келешегінен зор үміт күттірген Матай Диас та жеңімпаз атанды. Бұдан басқа талантты спортшылар Құлажан Олжас пен Қуандық Ердос екі алтын медальды қалжыларына байлады. Сонымен қатар татами шеберлері арасында Даниял Қайратұлы жеңімпаз атанса, тағы бір түркістандық спортшы қыз Мариям Алиджани бір алтын, бір күмісті ұтып алды.

Күміс жүлдені талай жеңістерге жетіп келе жатқан Жасұлан Бекмұрат та иеленсе, болашағы жарқын Балауса Кеңес екі алтынды қатар алды. Ел қоржынына 11 алтын, 2 күміс медаль салған жеңімпаз спортшы ұл-қыздарымыз елге олжалы оралып, мерейімізді тасытты.

Ал Түркістандық спортшы Айкөз Ералхан Иранның Тегеран қаласында өткен XVI Әлем чемпионатында үш медаль жеңіп алды. Ат үстінде жүріп садақ ату сайысына әлемнің 12 елінен 22 спортшы қатысқан болатын.

Өзінің шеберлігінің арқасында жерлесіміз өңшең үздіктердің ішінен топ жарып 1 алтын, 2 күміс медаль иеленді. Алтын алқаны жарыстың алғашқы күні корей стилі бойынша өткен сайыста алса, кассай (венгр) стиліндегі жарыста күміс жүлдегер болды. Нәтижесінде, А.Ералхан әлемнің вице-чемпионы атағын иеленді.

Ел намысын қорғаған отанда-сымыз бұл жеңісін Қазақстан Тəуелсіздігінің 30 жылдығына арнайтынын да марапаттау рәсімінен соң төрткүл дүниеге паш етті. Сондай-ақ, алдағы уақытта шеберлігін шыңдай түсіп, талай белестерді бағындыру жоспары бар екенін де жасырып қалмады. Ал, Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғани Ахметбаев бұл спортшымыздың болашағынан мол үміт күтуге болатынын айтып, жас спортшының алар асуы әлі алда екенін жанкүйер қауымға жеткізді.

Сонымен бірге Түркістан облысы Төлеби ауданының тумасы Назым Сатыбалды Венгрия елінің Будапешт қаласында спорттың кикбоксинг түрінен өткен əлем кубогінің қола жүлдесін ұтты. Жастар арасындағы спорттық сайыста 60 келі салмақта өнер көрсеткен спортшы қыз бұған дейін де бірқатар бәсекелерде озық шыққан. Атап айтсақ, Түркістан облысының үш дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасының үш дүркін жеңімпазы, Венгрияда өткен əлем кубогінің қола жүлдегері, спорт шеберіне үміткер.

Назым Саятқызы 2004 жылы Төлеби ауданы Момынай ауылында дүниеге келген. Оның кикбокспен айналысқанына 6 жылдан асыпты. Бүгінде спортшы қыз Момынай жалпы орта мектебінде 11-сыныпта оқиды. Жаттықтырушысы Алмаз Дүйсебаев Момынай жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пəні мұғалімі екен. Яғни шалғайдағы ауыл перзентінің келешегінен зор үміт күтіп отырған бапкерлер Назымның нартәуекелге барып, талай жарыстан шашасына шаң жұқтырмай келетініне сенімді.

Тарқатыңқырап айтқанда, өңір спортының биылғы жетістігінің бір парасы осындай. Болашақта облыс өрендерінің өз биіктерінен табылып, әлемді тамсандыратын талант екендіктерін дәлелдейтіндеріне де күмәнсіз сенеміз.

Себебі қарыштап даму үстіндегі қазақ спортына сүбелі үлес қосып келе жатқан Түркістан облысы спортшыларының әлі талай асудан асып, Қазақ елінің құрметіне бөленіп, саңлақ спортшы қатарына қосылатыны айдан анық.

Е.Тәжиев.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.