Мьянма басшысы әбден азапталған мұсылмандарды еліне қайтаруға дайын екенін мәлімдеді

Мьянма басшысы Аун Сан Су Чжи Ракхайн штатында болып жатқан қантөгіс үшін «қақтығысқа қатысушы тараптарды» айыптады деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Cонымен қатар ол үкіметтің Бангладешке қашқан рохинджаны Ракхайн штатындағы үйлеріне қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ ол үшін рохинджаның Мьянмада тұру құқығын верификациялау процесі жасалуы керек.

Мьянманың мемлекеттік кеңесшісі, іс жүзінде мемлекет басшысы Аун Сан Су Чжи сейсенбі күні ел парламентінде сөз сөйлеп, Мьянма халқына рохинджа туралы үндеу жариялады. Ол парламенттің интернет-арнасы арқылы тікелей эфирде таратылды.

«Біз Ракхайн штатындағы қақтығысқа қатысушы барлық тараптарды заңсыз зорлық-зомбылықтары үшін айыптаймыз. Құқық бұзушылыққа кінәлілердің барлығы өз әрекеттері үшін заң алдында жауап беретін болады», — деді Аун Сан Су Чжи.

Сонымен қатар ол қақтығыс кезінде зардап шеккендерге көңіл айтты.

Аун Сан Су Чжи көршілес Бангладешке бас сауғалаған 410 мың рохинджа-босқынның «тексеру» процесінен кейін Мьянмада тұру құқықтары расталған жағдайда Ракхайндағы үйлеріне қайтып келе алатынын жеткізді.

«Біз тексеру процесін кез келген уақытта бастауға дайынбыз», — деді ол.

Сондай-ақ, мемлекеттік кеңесші 5 қыркүйектен бастап Ракхайнда қақтығыстар мен штаттың аумағын жасақшылардан тазарту операциялары болмағанын жеткізді.

Және де Аун Сан Су Чжи халықаралық қауымдастық назарын жанжал туындаған кезде Ракхайнда тұратын рохинджаның көпшілігі Мьянма аумағында қалғанына аударды.

Бұдан бұрын Мьянма басшысы, Нобель сыйлығының лауреаты Аун Сан Су Чжи Ракхайн аймағындағы қантөгісті тоқтатуға күш салмағаны, рохинджаның қуғындалуына жол бергені үшін халықаралық қауымдастық тарапынан қатаң айыпталған болатын.

Дереккөз: NUR.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.