Робин ШАРМА: «Өмірдің 200 сабағы»

  1. Күн сайын жүзуді әдетке айналдырыңыз. Бұл денсаулығыңызды күшейтіп, әдемі сымбатыңызды сақтайды. Жүзу ағзаға күш түсірмейді және аз уақыт алады. Есіңізде болсын, тәні саудың жаны сау.
  2. Бүгін өзін жақсы сезінетін адамдар ертең бақытты бола алады.
  3. Өз уақытыңызды нәтижелі басқарудың кілті – жоспарлаған ісіңізді жоспарланған уақытында орындау. Тек солай ғана сіз өз мақсаттарыңызға жетіп, ең маңызды істерге уақыт таба аласыз. Икемді болыңыз, әйтпесе қатты тартылған садақ тез сынады. Бірақ, есіңізде болсын: жоспарлы кестеге сай әрекет ету үшін қарапайым тәртіп қажет.
  4. Егер сізді бірдеңе алаңдатып тұрса, оны қағазға жазыңыз. Сосын ол қағазды жағып, сізді алаңдатқан мәселенің отпен өртеніп жоғалғанына куә болыңыз. Бірден жеңілдеп қаласыз.
  5. Өз қиындықтарыңызды ой елегінен өткізуге уақыт табыңыз және тиімді іс-әрекет жоспарын жасаңыз. Сосын бұл мәселеге қайта-қайта орала бермеңіз. Адамның санасы – қызық жаратылыс: біздің ұмытқымыз келген нәрсеміз қайта-қайта ойға орала береді, ал есімізде сақтағымыз келген нәрсе тез ұмытылады. Бірақ, сана бұлшықет сияқты: қаншалықты ширықтырса, соншалықты күшейе түседі. Санаңызды өз қызметшіңізге айналдырыңыз. Оған ең жақсы азық пен жағымды ақпарат беріңіз. Егер оған сенетін болсаңыз, ол сіз үшін небір ғажайыптарды жасайды.
  6. Көп адамдардың денесі демалғанымен, ақыл-ойы демала алмайды.
  7. Ақыл-ой белсенділігінің шыңына жету үшін сіздің денеңіз демалуы керек. Денеңіз ширықпай, бос тұрған кезде ақыл-ой да тынышталып, бір нәрсемен тыңғылықты айналыса алады. Күніне 15 минут тартылып-керілу – күнделікті сабылыстан ширығудан арылудың керемет әдісі. Массаж немесе джакузиді де байқап көріңіз. Денеңізді босаңсытыңыз – сонда ақыл-ойыңыз да еркін самғайтын болады.
  8. Бірнеше жылға егжей-тегжейлі қаржылық жоспар жасап алыңыз да, соған сай әрекет етіңіз. Егер қажет болса, қаржы жөніндегі маманмен кеңесіңіз. Ең дұрыс қаржылық стратегия өте қарапайым: барлық табыстарыңыздың 10%-ын жинап отырыңыз (бұл соманы жалақыңызды жаратпай тұрып алып қойыңыз). Сенімді қаржылық жағдай жеке еркіндікке алып келеді.
  9. Көп оқитын жандар әрдайым көшбасшы бола алады. Билл Клинтон өзінің Оксфорд университетінде болған азғана уақыты ішінде 300-ден астам кітап оқыған. Білім мен ақпарат іздеңіз. Қаншалықты көп білсеңіз, соншалықты қорқынышыңыз да азаяды.
  10. Күн сайын кешкісін ұйықтар алдында және таңертең оянған соң, міндетті түрде жағымды және жақсы істерге ынталандыратын бірдеңелерді оқуды әдетке айналдырыңыз. Мұның пайдасын көп өтпей-ақ көресіз, себебі жағымды ойлар сізге күні бойы жақсы азық беріп тұратын болады.  (Жалғасы бар).

          Аударған К.ТІЛЕПОВА.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.