ОҚО әкімі Ж.Түймебаевтың назарына! Сарыағаштағы сорақылықтан шынымен хабарсыз ба әкім мырза?!

Қазір еш нәрсеге таңданатын заман емес екендігі көпке аян. Ал, Сарыағаштағы бес ауылда тұратын бауырларымыздың көрген сұмдығын естігенде таңданып емес, талып түспесеңіз болар еді-ау. Оқырманның «Жанайғайына» көңіл  сенбеген соң, барып көзбен көрдік. Мәселенің мән-жайын ауыл тұрғындарынан сұрауға бетің шыдамайды. Бауырларым, Отандастарым деп айтуға тура бір құқың жоқ адамдай сезінесің өзіңді.
Айтпағымыз, Сарыағаш ауданы, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты  220-дан астам отбасы бар Ынтымақ ауылы мен оның айналасындағы Ақболат, Найман, Орталық, Рамадан елді мекендерінің тұрғындарының Өзбекстанның Ташкент каналынан келетін ашық арықтағы лайқа, ботана суды тұндырып, күнделікті ауыз суға пайдаланатынын көргенімізде көзіміз атыздай болып, сенер-сенбесімізді білмедік.
Өздерінің ішіп отырған ауыз суы туралы ауыл биі Ә.Аманов былай дейді:
— Арықпен келетін ауыз суымыз таза емес. Кейде малдың өлекселері ағып келеді. Жол бойында небір тауықханалар бар, кейде су қап-қара болып келеді. Оны тұндырып ішеміз. Ауылдың бәрі соны ішеді. Жаздың күні адамдар іш ауру болады. Біз соны шағым етіп жаздық. Кейін өзімізге бәле болды, неге жазасыңдар деп… Екі жүзге жуық  адам бірден іш аурудан қатты қиналды. Оны  осы ауылдағы Алматыда жұмыс істеп келген дәрігер келіншек есігінің алдында емдеді. Адамдар далада жатып «система» салдырып, укол қабылдады. Ол өз үйін жаңадан салып жатыр екен, онысы бітпеген, далада емдемегенде қайтеді енді? Оған рахмет, адамдарды аман алып қалды.
Сарыағаштағы сұмдықтан кісі шошиды   
Біз, ауыл ақсақалдары, осы мәселені айтқанымыз үшін жаманатты болдық. Ауыл әкімнің орынбасары келіп: «Сізді кім би сайлаған, неге журналистерді шақырасыз?»- деп өзіме тиісті. Мен: «Мені халық би етіп сайлады, демек мен олардың мәселесіне араласып, елдің жайын ойлауым керек. 200 адам ауырып жатса, сендердің берген көмектерің қане? Таза ауыз су әкеп  берсеңдер болады ғой»,- дедім. Сонда бір-ақ күн су әкелді. Ертеңіне тағы хабарлассам, «өздерің бөшке табыңдар» дейді.
Шындығында, бір  ауылдан 200 адам ішін ұстап етпеттеп қалғанда селт етпеген ол әкімнен не қайыр, не үміт? Ел-жұртының аудан әкімінен үміттерін үзіп отырғанын көргенде, оларға жұбаныш  болар сөз тауып айта алмадық десек болады. Ауыл тұрғындары өздері суын ішіп отырған каналмен бір сиырдың өлексесі ағып келгенін айтады. Оны ауыл адамдары жабылып жүріп, қолдан шұқыр қазып көмген болады. Бірақ тереңірек етіп көмбеген соң, оны  шиебөрілер қазып шығарып тастайды. Өлексе иістеніп, бірнеше күн айналаны сасық иіс басып кеткен. Иісі құрысын, айтқан жерден аулақ, бір жұқпалы індеттің ошағына айналмасына кім кепілдік береді?
Өзге жат елдің шекарасынан өтіп келетін канал суымен өлген сиыр да, ит пен мысықтың өлексесі де, өлген тауықтар мен т.б. ағып келгеніне қарамай, сол суды ішсе де, туған жерлерін қиып кетпей отырғандарға еріксіз тәнті боласың. Мұны ауданды билейтіндердің жергілікті халықты өлісүйек етіп тастаған озбырлығының көрінісі деп есептейміз бе?
 «Иттің иесі болса, қасқырдың Тәңірісі бар» деген, 300 мың адамның өмір тынысына қатысты жауапкершілікті мойнына алған Қ.Әбдуәлиевтің енжарлығын елеусіз қалдыратын «крышаның» қалыңдығы қандай екендігі бізді қызықтырмайды, ал күнделікті тіршіліктің азабынан «тозақтың суын» ішкендей болып жүрген қарапайым қазақтарға Құдірет иесінің шарапаты тиетініне шүбәңіз болмасын, ағайын. Жақ­сылықтың нұр сәулесі түскендей болып, өзіміздің Өгем өзенінің кәусар суын бұрып, осы аймаққа таза ауыз суды өткізудің мүмкіндігі халықаралық деңгейде салмақты сөз болып, оның оң нәтижесінің қазығы да қағылды.
Кейбiр әкiмқараға халық емес, «кресло» ғана керек пе?
Ынтымақтың жыры – КСРО-дан қалған мұра. Ел Тәуелсіздігін алған кезде «көзіміз ашылып, өміріміз түзелетін болды» деп жүрегі жарыла қуанған қазақтың алғашқысы осылар болғанына дау айта алмайсың. Үміттене қарағанымен, әкімдіктен қолдау болмайтынына көзі жете бастаған ауыл азаматтары 2011 жылдан бері тұрақты арыз жазуға шығып, күні бүгінге дейін жалғастырып жатқан көрінеді.
Ел тұрғындары аудан тізгінін ұстаған Ә.Мақұлбаевтың кезінен бастап, барлық әкімге шағымданып шыққан. Қ.Әбдуалиев сияқты әкімдер қарапайым халықтың мұң-зарын не қылсын? Бір әкім, не бір Парламент пен мәслихаттың депутаты осы бір кісі шошырлық өзекті мәселені облыстың алдына ашық қойып көріп пе? Халық бір жақта, өздері «моя хата с края» деп  жүргендер елдің шырылдағанын көре қоюшы ма еді?
Ал облыс әкімі жақтың есігі жабық. Облыстың  бірінші басшысына өткір мәселені де, сорпасы сорғалаған сорақылықты да хабардар етіп отырудың орнына, өңірдің бірінші басшысының жүйкесін шаршатпай, мына жақтан «жалтарма» жауаптарды «шымкентшелеп» жолдап жіберудің соңы билік пен халықтың аражігін аша түсетінін білсек те, «былқ» етер емеспіз.
Ауыл тұрғыны Т.Тұрсынбековтың облыс әкімі Ж.Түймебаевтың атына жазылған тіркеу № ЖТ-Т-2012 санды арызына бір басқарма басшысының орынбасарының №13555 санды жауап хатындағы: «… жобалау-сметалық құжаттамамен әзірленетін болады, … бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс берілетін болады, т.с.с.» жалғасатын құрғақ уәдеден халыққа не пайда?
Халықтың үні де, өзі де облыс әкіміне жете алмайды. Ауыл тұрғыны Т.Тұрсынбеков облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қабылдауына жазылса, облыс әкімі аппаратының 10.05.2017 ж. №ЖТ-Т-2412 жауап хатында оның тізімге енгізілгені айтылғанымен, еш хабар жоқ. Ол өзінің әлі үміт күтіп жүргенін айтады.
«…жаяудың шаны шықпас заман ба?»
Ынтымақ ауылы мен қасындағы 4 елді мекенде тұратын жерлестеріміздің тұрмыстық тіршілігін көргенде, оларды аяудан да бұрын намыстан жарылардай болатының хақ.
Көреген саясаткер Елбасымыздың Тәуелсіз еліміздің еңсесін тіктеуде жасаған өлшеусіз еңбегін де, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған керемет саясатын да қарапайым халық кез-келген шенді-шекпендіден тереңірек біледі. Олардың өздерінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген шексіз құрметінің арқасында жергілікті атқарушы билік органдарының ғайыптан майып болып «портфель» ұстап, пендешілікпен күн өткізіп жүрген «чиновниктердің» тірліктеріне төзімділік көрсетіп, Елбасы айтқан «ортақ мақсатты» бірінші орынға шығарған ұстанымдары бар. Ауыл тұрғыны өзінің Қазақстан Республикасы Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың атына жазған 28.10.2015 ж. шағым арызында: «Мен көп жылдан бері аудан, облыс көлеміндегі билік басын­дағылар мен құқық қорғау және құзырлы мекеме басшыларына Ынтымақ елді-мекенінің аянышты хал-жағдайын баян­даумен бірге тиісті шара қолдануды сұраумен келемін:
-ауыз судың тапшылығы;
-газ құбырының тартылмауы;
-медпункт ғимаратының жарамсыздануы;
-бала-бақша жоқтығы;
-ауылдың №91 М.Горький орта мектебі ғимараттарының жарамсыздығы;
-ауыз су біздің елді мекенге 50 шақырым қашықтықтағы Өзбекстанның каналынан Ақболат, Найман, Орталық, Рамадан елді мекендері арқылы арықпен келетін бір құлақ су. Оның өзі де санитарлық талаптың ешбіріне келмейтін мақталы алқаптың сарқынды суымен аралас. Ол да кейде ауылға келмей қалады. Өзбекстандықтар күз айынан көктемге дейін канал суын басқа арнамен ағызып, каналға тазалау жұмысын жүргізеді. Бұл кезде қай жерде шалшық су бар, соны тұндырып алып қорек етеміз», — деп жазылған. Болса да арыз жергілікті жерге жіберіледі. Ал жергілікті жердің бәрін «қатырып» жатқанын айтып жауап беретіні анық.
Егер Қ.Әбдуалиев халық қамын ойлайтын, басшылық қызметке лайықты жан болса, облыс әкімі Ж.Түймебаевқа Ынтымақ ауылындағы ауыр жағдайды ашық айтып, ондағы жұрттың күнделікті ауыз суына қажетті 20-25 тонна суды тасмалдап беру мәселесін шешуге көмектесуін сұраса болмай ма?
Халықтың өлексе тасталатын арық суын ішіп отырғанын білсе, облыс әкімі Жасейіт Қансейітұлының осындай сұмдыққа төзгісіздікпен қарайтыны анық-ақ. Сарыағаштағы бір ауылдың адамдарының иістен уланып ауыратындығы, 40-қа жуық әйелдің ауыр науқасқа шалдықты делінген сұмдық фактінің бүкіл республикаға тарап, оңтүстікті жерге қаратқаны анау. Сонда Қ.Әбдуалиев Сарыағашқа демалуға келген адам ба? Өзінің шешуге шамасы жетпейтінін білген соң, Ынтымақтағы жағдайды айтып облыстық мәслихаттың сессиясына шықса болмай ма? Жерлестерінің ит сарып кеткен суды ішкеніне намыстанатын депутат табылатын еді ғой. Аудан тынысы беталдылыққа кеткені сонша, осы ауылдағы мектепті жөндеуден өткізуде сыбайлас жемқорлыққа жол берілді деп дабыл қағып, тиісті органдарға бірнеше рет арызданған ауыл тұрғыны Т.Тұрсынбековті аудандық сот бір іспен  бірнеше рет соттайды. Аудандық №2 соты судьясы И.Тоғызбаевтың іс №6513 26.09.2013жылғы қаулысында: «Қаулы етеді: Қазақстан Республикасы ҚК-нің 123-бабының 3-бөлігімен сотталған сотталушы Турсунбеков Тургунның…» деген көрсетуі арнайы журналистік зерттеуді қажет етеді, ол алдағы уақыттың үлесінде.  Демек Сарыағашта сыбайлас жемқорлықпен күресушілер сотталып тынатын болғаны да.
«Бiтер iстiң қасына, жақсы келер басына»
Көршілес Өзбекстанға өз жерімізден ағып баратын Өгем өзенінің кәусар суын Қазығұрт ауданы тұсынан бұрып, оңтүстікте қоныстанған миллионға жуық жерлестерімізге таза ауыз су жеткізіп беру 2017 жылға дейін салмақты сөз болған емес. Жоғары лауазымды қызметте жүргенінде көргені де, түйгені де көп облыс әкімі Ж.Түймебаев осы жарқын іске жаңашыл бастамашы бола білді. Мемлекет басшысының қолдауымен халықаралық талапқа сай келіссөздер жүргізіліп, Өгем өзенінен таза су бұрып алу өз шешімін тапты. Демек, 2-3 жылда сарыағаштықтардың таза ауыз су ішуге мүмкіндігі болатын сыңайлы.
Елбасы халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге айрықша мән беріп, қаншама жылдардан бері қаншама миллиардтаған қаржыны бөлумен келеді. Ал жергілікті жерде Сарыағаштың әкімі Қ.Әбдуалиев сияқтылардың істеп отырғаны анау. Ең бастысы, Өгем өзені суының халыққа берілуін оңтүстіктің төл перзенті, тұлғалы азамат Жансейіт Түймебаевтың дер кезінде шешкені болып тұр. Ал облыс әкімі Ж.Түймебаев Сарыағаштың Ынтымақ ауылындағы сұмдықтан хабарсыз деп есептейміз. Бүкіл елді тіксіндіретін ол сорақылықты тоқтатуды облыс әкімі Ж.Түймебаевтың таяу күндерде шешетіндігін де нық сеніммен айта аламыз. Облыс әкімі Қ.Әбдуалиевтің қызметтік жауапкершілігін таразылай алады деген ойдамыз.
 (Жалғасы бар)
О.ТӘЖИЕВ, «Қазақстан жолы» газетінің бас редакторы. 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.