ОҚО ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ӨМІРІ ӨНЕГЕГЕ АЙНАЛҒАН ҚУАНЫШ АЙТАХАНОВПЕН ЖҮЗДЕСТІ

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру:» мақаласы аясында  Мемлекет және қоғам қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қуаныш Айтахановтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Айдынды Азамат» атты шығармашылық кеші  өтті.
«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен өткен айтулы шараға Оңтүстік Қазақстан облысы əкімінің орынбасары Сəдібеков Ұласбек Сəдібекұлы, «Нұр Отан» Партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жолдасов Нұрмахан Миятұлы,  «Нұр Отан» Партиясы, Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалима Жантөреева, облыстың ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, мəдениет саласының қызметкерлері мен студент жастар қатысса, кешті  ақын, журналист, аудармашы, К.Симонов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Нармахан Бегалыұлы жүргізді.
Оңтүстік Қазақстан облысын дамытуда еңбегі ерен, ел мен жердің қадірін арттырып, ұлттың ұлағатты ізін қалыптастыруда өзіндік белесі мен айрықша орны бар Қуаныш Айтаханұлы   адал тірлігінің арқасында ел мақтана айтар өрнекті өмір мектебін қалыптастырса, қоғамдағы толымды тұлға ретіндегі ғұмыр тəрбиесі жастар мен оқырман үшін өшпес өнеге.
Қалың елдің қалауын депутаттық сауалдар арқылы жолдап, көптеген мəселенің оңды шешілуі жолында тер төккен киелі Отырардың оғланы «Елге қызмет — басты міндет», «Қызмет еттім халқыма», «Өмір белестері», «Ел мерейі жолында», «Депутаттық сауалдар, мақалалар мен сұхбаттар», «Государственное регулирование развития сельского хозяйства», «Отырар жәдігерлері», «Сөз сұраймын» атты кітаптары арқылы да оқырманға орамды ой қалдырған қасиетімен де мəлім.
Шығармашылық кешке жиналған күнгей елдің жұртшылығы толғанысты құттықтауы, тəтті лебізі, келешекте ескірмес естеліктерімен бөлісіп 70-тің белесіне жеткен айдынды азаматтың айрықша абыройын асқақтатса, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздары да отты рухты дара тұлғалар туған Отырар жайындағы əсем əндерді шырқады.
Сонымен қатар, шара барысында «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының мәжіліс залының алдында  Қуаныш Айтахановтың 70 жылдық мерейтойына арналған кітап көрмесі орналастырылып,  «Өмір белестері», «Қызмет еттім халқыма» атты кітаптарының тұсауы кесілген болатын.

Суретті түсірген: Береке Сейітжаппаров.

ОҚО Мəдениет басқармасының баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.