НЫҒМАТУЛИН ҚАЗАҚША БАЯНДАМА ЖАСАҒАН ДЕПУТАТТЫ ШЕНЕУНІКТЕРГЕ ҮЛГІ ЕТТІ

Мәжілісте депутат Наринэ Микаелян «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қосымша баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасап шықты, деп хабарлайды ult.kz порталы. 

Микаелян баяндамасын жасап болған соң мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин:

«Рахмет. Жарайсың, Наринэ Гамлетовна!», — деді. Төрағаның бұл сөзіне депутаттар қол соғып, қолдау көрсетті.

«Меніңше, көптеген азаматтарға жақсы үлгі көрсетті. Әсіресе, сол жақта отырғандарға», — деді Нығматулин.

Ал сол жақта заң жобасы бойынша депутаттардың алдында баяндама жасап, олардың сұрақтарына жауап беретін мемлекеттік органдардың өкілдері отырады. Бүгінгі отырыста архив ісі мәселелері туралы заң жобасы бойынша мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндамасын толық дерлік орыс тілінде жасады. Бұдан бөлек бірқатар министрліктің лауазымды тұлғалары қазақша қойылған сұрақтарға ресми тілде жауап берді.

Наринэ Микаелян қазақша баяндаған заң жобасын депутаттар мақұлдады. Депутаттың айтуынша, аталған заң жобасы Қазақстанның халықаралық шарттары туралы заңына сәйкес әзірленді.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.