БЕЛГІЛІ САЗГЕР НЫШАН ТӨЛЕГЕНОВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Шымкент  қаласындағы А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми-əмбебап кітапханасында
Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қызметкері, Бәйдібек  ауданының  Құрметті  азаматы, танымал әнші, сазгер Нышан Төлегеновтің 60 жасқа толуына арналған «Сырлы  саз  саңлағы» атты шығармашылық кездесу кеші өтті.

Кездесудің мақсаты- Оңтүстік Қазақстан  облысының дарынды перзенттерінің бірі,»Арыстанбаб», «Түркістан», «Бəйдібек баба», «Төле баба», «Домалақ ана» , «Алғабасым» сынды көптеген əуезді əндердің авторы  Нышан Төлегеновтің өмірі мен шығармашылық жолын дәріптеу, халқымыздың рухани байлығының өркендеп дамуына ықпал ету, жастарды ән өнерінің құдіретін айқындап, құрметтей білуге баулу болып табылады.

Осы орайда, шараға облысымыздағы зиялы қауым өкілдері мен мəдениет жəне өнер қызметкерлері, кітапхана басшылары, үзеңгілес достары мен отбасы, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері,  БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында сазгердің өмірі мен шабытты шығармашылығы дəріптеліп, өнерде жеткен жетістіктері мен  қоғамдық негізде атқарған жұмыстары туралы зиялы қауым өкілдері мен əріптестері əңгімелеп кеңінен бөліссе, облыстағы өнер майталмандары сазгердің сыршыл қасиетінен туған əндерін орындап елдің ықыласына бөленді.

Қазақстанның Халық ақыны, айтыс өнерінің дүлдүлі Қалыбекова Əселхан  Əлішеріқызы жүрекжарды арнауын оқып, сазгер жанын тебірентсе, Д. А. Қонаев атындағы Республикалық қордың төрағасы Əлсейіт Асанбай Мейірбекұлы қор атынан арнайы төсбелгі мен алғыс хат табыстады.
Сазгердің 60 жасқа толған мерейтойына арналған іс-шараны алғашқы кезекте А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми-əмбебап кітапханасы бастаса,  алдағы уақытта облыс көлемінде де кең көлемде аталатын болады.

ОҚО Мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығының баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.