Қазығұртта «Тарих тағылымына саяхат» жобасы қолға алынды

Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазығұрт аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөліміне қарасты  «Жаңабазар » ауылдық клубы «Тарих тағылымына саяхат» жобасын қолға алды.
Шараның мақсаты-өскелең ұрпаққа тарихи танымдық көрсетілімдерді кеңінен насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарды рухани жаңғыртуға үлес қосу.
Осы орайда, Жаңабазар елдімекеніндегі кітапхана оқырмандары мен клуб үйірмелерінің өнерпаздары, Елшібек батыр атындағы мектеп-лицейі оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақтың астанасы ретінде кеңінен танымал, Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі — Отырар ауданының тарихы жайындағы «Көне құмыраның сыры» жəне «Отырар дастаны» анимациялық фильмдерін тамашалады.
Қазақ даласындағы ең көне бес қаланың бірі-Отырардың отты тарихымен фильм арқылы танысып, қызығушылық білдірген оқушылар  бір-біріне жарыса əңгімелеп, ұстаздарға сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Сонымен қатар, клуб қызметкерлері  елдімекеннің алғыр, əрі талапты мүмкіндігі шектеулі кішкене бүлдіршіні Сариев Бақдаулеттің үйіне арнайы барып, анимациялық фильмдерді көрсетті.
Аружан мен Əжір атты кішкене қыздармен ертегі əлеміне саяхаттап, көне құмыраның сырына үңіліп, тарихи көрсетілімге қызыға қараған Бақдəулет тарихи фильмдерге қатты  қызығатынын жеткізді.
Алдағы уақытта да «Жаңабазар»  ауылдық клубы тұрақты түрде кино күндерін қолға алды. Өңірімізде түсірілген қызықты сериялы кинолар мен мультфильмдер көрсетілімі  апта сайын ауыл тұрғындары мен балаларға арнап ұйымдастырылып, клуб пен халық арасындағы мəдени байланыс арта түспек.
Сондай-ақ, өңіріміз үшін ақжолтай жаңалық «Оңтүстікфильм» мекемесінде де ауқымды түрде жоспарлануда. Жақын күндері мекемеден құрылған арнайы топ облысымыздың барлық аудан, қалаларын аралап өңіріміз жайында түсірілген «Күш атасы-Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырар дастаны», «Көне Жетігеннің сыры», «Көне құмыраның сыры» сынды көптеген фильмдерді жұртшылық назарына ұсынатын болады.
Айта кетейік, санаулы жылдар ішінде  «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» мекемесі бірлесе отырып  50-ден аса анимациялық фильм, 28 деректі фильм, балаларға арналған «Томпақ», «Қалқанқұлақ» секілді телесериал және «Көне Жетігеннің сыры» атты 10 сериалы кинохикая дүниеге әкелді. Бұл фильмдер өзінің жаңашылдығымен, ерекшелігімен облыс қана емес, еліміздің кино және анимация саласының дамуына жаңа серпін беріп отырғаны белгілі.
Аталған туындылар Оңтүстік өңірінің имиджін, тарихын, туристік ахуалын көтерумен қатар Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтып өткендей жаңарған жаңа ұрпақ тәрбиелеуде зор үлес қосатыны сөзсіз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.