Гормоналды теңгерімді қайтаратын 6 өнім

Біздің көңіл-күйіміз, сыртқы сұлулығымыз бен денсаулығымыз тікелей біздің гормоналдық жүйеміздің теңгеріміне байланысты. Гормоналды фон жұмысынан жаңылса, ағзамызда қиындықтар пайда бола бастайды: шаршауымыз үдеп, артық салмақ жиналады, иммунитет әлсірейді. Гормоналды фонды қалпына келтіру үшін көп адамдар дәріханалық препараттардың көмегіне жүгінеді. Алайда егер күнделікті ас мәзіріне төмендегі өнімдерді қосса, мұндай қиындықпен күресу әлдеқайда жеңілдер еді.

 Брокколи

Оның құрамында дәрумендер, микроэлементтер және қанықпаған май қышқылдары бар. Оны әсіресе емдәмге қолданған жақсы, оның 100 грамында небәрі 30 килокалория бар. Оның үстіне қырыққабаттың бұл түрі шаш пен тырнақтың жай-күйіне жауап беретін эстрогеннің деңгейін арттырады.

Авокадо

Бұл – өте калориялы жеміс. Оның 100 грамында 208 ккал бар. Алайда диетологтар оны арықтауға қажетті май қышқылдарының көзі ретінде кез-келген емдәмнің құрамына енгізуге кеңес береді. Авокадо терінің жағдайын жақсартатын прогестерон мен эстрогеннің мөлшерін көбейтеді. Гормоналды фонды жақсарту үшін аптасына 2-3 авокадо жеп тұрса жеткілікті.

Арқанбалық

Бұл балықтың етінде сүйек пен тістің құрылымын күшейтетін фосфор, Д, В6, В12 дәрумендері, селен, магний және қоректік ақуыз бар. Арқанбалық етін аптасына екі рет жеп тұрған жақсы.

Киноа

Бұл дәнді дақылдың сәнге енгеніне көп бола қойған жоқ, алайда оны нағыз жастық эликсирі деуге болады. Киноа қандағы қант мөлшерін азайтып, андроген гормондарының деңгейін бір қалыпта ұстайды. Сондай-ақ, ол ағзаны тыныштандырып, улы қалдықтарды сыртқа шығарады және жүрек ауруларының алдын алады. Киноаны ең кемі аптасына 2 рет ас мәзіріне қосқан жөн. Оны әзірлер алдында жақсылап жуып, бірнеше сағат жібітіп алу керек.

Жұмыртқаның сарысы

Оның құрамында ағзада жаңа жасушалардың түзілуіне көмектесетін мелатонин, омега-6 және омега-3 май қышқылдары бар. Жұмыртқаның сарысы жүрек-қантамыр және жүйке жүйелерінің жұмысын реттейді. Ағзаның аллергиямен және түрлі қабынулармен күресуіне көмектеседі.

Бадам

Бұл жаңғақтың пайдасы ежелден белгілі, сондықтан оны көп елдерде медицина мен ас дайындауда жиі қолданады. Оның құрамында ас қорытуды реттейтін жасұнық, көптеген дәрумендер мен минералды заттар бар. Қанды тазартады және өт жолының жұмысын жақсартады. Сонымен қатар, терінің жағдайын жақсартатын адипонектин гормонының деңгейін көтереді. Күн сайын бұл жаңғақтың 10-11 түйірін жеп тұру ұсынылады.

 

Дайындаған К.ДИДАР.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.