Облыс прокуроры Н.Әбдіровтың назарына! Заң аясында жауап бермей ме?  

Еліміздің төрт бұрышында «Оңтүстік – ұлтымыздың ұйытқысы» деп бағаланған абыройды өз қолымызбен айрандай ақтарып тастадық. Жасөспірімге ме, әлде бойжеткенге ме, жоқ естияр азаматтарға ма, кімге қатысты болмасын заңбұзушылықтың әшкереленетінін де, тиісті жазасын алатынын да бәріміз білеміз. Соны біле тұрып, 7 жасар бүлдіршінге қатысты делінген құқықбұзушылықты «жер астынан жік шыққандай» етіп республиканы шулатуға дейін бардық. Құқықбұзушылықтың күдіктісі ретінде аталатын 14 жасар жасөспірімдерге қатысты тексеру мен зерделеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

Ал, біздің оңтүстіктің нанына семіріп, берекесінен жұлқылап жеумен желкесі жондана бастаған кейбір «жолбике» БАҚ өкілдері  ел заңнамалары мен өңір жұртшылығының белінен басып тұрып білгендерін істеуге барды. Олардың о бастан ұстанымы – билік өкілдерін дірілдетіп, өздеріне қарай жалтаңдатып қою ғана. Ондай тірліктерге барарда заңдылықты сақтауды қаперіне де алмайды. Өйткені, бұл облыста олардың бетіне қарап сөйлейтін жан баласы жоқ. Кез-келген адам ел заңдарын таптап өтіп, аузына келгенді айтып, қалың көптің қадір-қасиетін төгетін жосықсыздыққа баруы облыста кәдуілгі тірлікке айналғандай.

Біз құқықтық мемлекет құрып отырған елміз. Ел-жұртымызды құқықтануға жеткізуде алдыңғы қатарда жүретін БАҚ-тың кейбір өкілдерінің өздері заңбұзушылыққа барса,  онда олардан не қайыр, не үміт?

Сарыағаштағы жағдайды БАҚ-та алғашқы болып жариялаған А.Батырбековтың «С-Информ» газеті болса, басқаны қойғанда прокуратура қызметкерлеріне заңды білмейсің деп кінәлайтын автор мақаласын жарияларда бала құқығын қорғауға қатысты заңды өзі оқып алса болмай ма? Осы мақаладан кейін оны электронды БАҚ-тың кейбір «иіс алмастары» отқа май құйғандай етті.

ҚР Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 56-тарауындағы «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы істер бойынша іс жүргізудің 532-бабында: «Кәмелетке толмағандардың істері бойынша жариялылықты шектеу. Кәмелетке толмаған күдіктінің, айыпталушының, сотталушының құпиялылыққа құқығы қылмыстық сот ісін жүргізудің барлық кезеңдерінде сақталуға тиіс»,-деп көр­сетілген.

Ал, КТК, 31 арна, Астана телеарналары күдік­ті делінетін жасөспірімнің үйіне барып, оның кереуетте жатқан жерінен түсіріп алып, мем­ле­кеттік маңызы зор ақпарат тап­қандай бүкіл елімізге телеарнадан таратып жібергенін қалай түсінуге болады? Бұларға ел заңы талаптарын аяқ асты етуге кім құқық берді? БАҚ-тан қорықса атқарушы билік пен құқық қорғау органының шенді-шекпенділері «қорқатын» шығар, ал қарапайым халық неге жапа шегеді?

ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабындағы «Жеке өмірге қолсұғушылық және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу» құзыретіне қалай ие болған? Осы 147-бабтың 4 және 5-тармағында: «4.Адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз тарату не өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру – бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

5.Осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді көпшілік алдында сөйлеген сөзде, көпшілікке көрсетілетін шығармада, бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып тарату – жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», — деп жазылған болса, онда ол неге сақталмайды?

Ел заңнамаларының мүлтіксіз сақталуын бақылауға құзіретті бірден-бір орган прокуратура екендігі баршаға аян. Осы мәселе бойынша прокуратура органының «түйе көрдім – жоқ» болып отырғаны түсініксіз-ақ. Мүмкін, облыстық прокуратурадан бір хабар берілер деген үміттеміз.

 

Әділ Мұратбеков

Бұл материал «Қазақстан жолы» газетінің 31.03.2018 жылғы №12 (687) санында жарияланған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.