Жат ағымның жетегiнде кетпейiк!

Қазақстан әлем елдеріне көп­теген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас. Деген­мен, діни экстремизм  мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Жалпы діни экстре­мизмнің қай аймақта бол­масын таралуына себеп болатын бір­неше алғышарттарды атап өтуге болады. Ең алдымен, бұл- діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауат­сыз­дықтың басты көрінісі болып отыр.

Діни сауатсыздық, діннің ара жігін ажырата алмау ең алдымен жастар­дың арасында белең алуда. Осы орайда елімізде жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі іс- шаралар өткізіліп жатқандығы мәлім. Әсіресе, мектеп оқушыларының арасында бұл мәселе кеңінен талдануда. Өйткені, жасөспірімдердің діни сауатты болуы – экстремизмсіз қоғам қалыптастырары хақ.

Таяуда Шымкент қаласындағы №1 «Білім – инновация» ер балалар лицей -интернатында «Діни сауатсыздық – діни экстремизмнің бастауы» тақырыбы бойынша дінтанушы М.Ержігітов пен Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Ж.Турбековтың қатысумен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде дінтанушы М.Ержігітов: «Елбасымыздың халыққа Жолдауында айтылған ұлттық қауіпсіздік тәуелсіз мемлекетіміздің өмір сүруінің басты кепілдігі болса, оны қорғау әрбір қазақстандықтардың қасиетті борышы болып табылады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Дініміз –Ислам, түбіміз –түрік, мәз­һабымыз – имам Ағзам» деген сөзін жаңғыртуымыз керек»,- деп сөз бастады.

Одан әрі оқушыларға «экстремизм» мен «ислам» ұғымдарының мәнін терең түсіндіріп, жат ағым мен дініміздегі қайшылықтарды көрсетіп берді.  Экстремизмнің пайда болуы надандыққа, көрсоқырлыққа бейімделген көзқарастардан туындайтындығын ескертіп, оқушыларға дұрыс жол сілтеді. Кездесу барысында видео­ролик көрсетіліп, өзге діннің алдауына түсіп, жылан арбаған торғайдай аянышты хал кешкен қандастарымыздың күрделі тағдыры  көрсетіліп, жат ағымның салдары көпшілікке ой салды. Оқушылар да өз кезегінде өздерін қызықтырған сауалдарға дінтанушыдан тұшымды жауаптар алды.

Діни-саяси экстремизммен қоғам да, мемлекет те күресуі керек. Әрине, бұл күрестің әдістері оларда әр түрлі. Егер мемлекет экстремизмнің туындауына жол ашатын әлеуметтік-экономикалық жағдайларды жойып, экстремистердің заңға қайшы әрекеттеріне тосқауыл қоямыз десе, қоғам экстремистік идеялар мен үндеулерге толеранттылық пен азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық келісімді қолдау арқылы қарсы тұруы қажет. Сөз соңында айтарым, саналы да еркін болыңыздар, өздеріңізді алдауға жол бермеңіздер. Өмірге ашық көзбен қарап, оның жолымен  батыл аяқ басып жүріңіздер! Ал жастарымыздың діни сауаттылығын арттыра түсетін осындай кездесулер алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылып отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

А.Утемисов,

№1 «Білім-инновация» ер балалар лицей-интернаты директорының тәрбиеісі жөніндегі орынбасары.

«Қазақстан жолы» газеті, №15 (690), 21.04.2018 ж.

Фото интернеттен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.