Дiни ағымсыз-Қазақстан!

Діни экстремизм діни алауыздық, жеккөрушілік, дінді саясаттандыру және тағы басқа қисынсыз көзқарастар мен әрекеттер арқылы пайда болатын қоғамға қауіпті құбылыс болып табылады.

Ең алдымен терроризм, сепаратизм, экстремизм, радикализм, фундаментализм деп қолданылатын қоғамға аса қауіпті құбылыстардың анықтамаларын, өздеріне тән құқықтық табиғаттарының мәнін, пайда болу себептері мен жағдайларын талдау қажет.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен террористер арасында мынадай бір түрлі қатынас бар: террорис­тер өздерінің қан төгу немесе басқа да алаңдататын жағдайларын ақпарат базарына толтырып жатса, бұл оларға тегін жарнаманың көзі, әрі террордың тірегіне қызмет еттіреді.

Экстремизм – бұл белгілі немесе қайсыбір мәселелерді шешуге бағытталған ең шеткі көзқарастарды жақтаушылық және радикалды шаралар.

Экстремизм қоғамға, жеке бастың өміріне, кез келген мемлекетке аса үлкен қауіп төндіретін құбылыстардың қатарына енді. Қазіргі таңда оның әрекеттерінің мынандай жүйелі сипаттамасы көрінуде: террорлық актілер арқылы өкіметті күштеп басып алуға шақыру, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлерге, саяси көшбасшылар мен белсенділерге қауіп төндіру, кепілдікке алу, әкімшілік пен мекемелердің ғимараттарын басып алу, шетел өкілдіктеріне қарсы пикет және жарылыс, жаппай тәртіпсіздік және басқалай күштеу актілерін ұйымдастыру т.б.

Діни экстремизм бір немесе бірнеше конфессия арасында жеккөрушілік, шыдамсыздық, араздық сияқты әрекеттерден туындайды. Көбінше саяси мақсаттарға пайдаланады. Бір жағынан зайырлы мемлекетке қарсы немесе билік ететін орындарға өз конфессия өкілдерін бекіту үшін әрекет етеді.

Діни экстремизм жөніндегі ғылыми пікірталас әлі де тоқтаған жоқ. Әлемде әр түрлі дәстүрлі діндер, сонымен бірге дәстүрлі емес діни ұйымдар мен секталар бар екендігі баршаға белгілі. Әрине бұларды ұстанушылар мен жақтаушылардың болатындығы табиғи заңдылық. Сол себептен де діни экстремизм туралы пікірталас бір арнаға келе алмауда. Демек жалпы ғылымға тән шынайы тұжырымдама жасалуы қажет.

ҚМДБ-ның бұрынғы төрағасы, Әбсаттар қажы Дербісәлі дін туралы анықтаманы мына мазмұнда тұжырымдайды: «Дін – саналы адамдарды, өз еркі және қалауымен қайырлы, игілікті істерге жетелейтін құдіреті күшті Жаратушының заңы».

Елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарлама да қабылданған.Осы бағдарлама аясында жастарды жат ағымдар ықпалынан қорғауға  бағыт­талған игі шаралар өзіміздің Шымкент қаласында, оның ішінде біздің университетте  де  көптеп өткізілуде.Мәселен, бір ғана біздің университетте  оқу жылы барысында  14 факультеттегі  жоспарлы шараларды айтпағанның өзінде, университет деңгейінде 40-қа жуық шара өтті.Соның бірі таяуда ғана  облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің ұйым­дастыруымен  М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бас ғимаратының алдында өткен «Діни ағымсыз-Қазақстан» атты эстафеталық флешмобы.

Флешмобқа оқу орнымыздың  Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры С.Бейсенбаев, өзім басқаратын Тәрбие ісі және жастар саясаты департаментінің мамандары,  Жастар орталығының директоры М.Исахов, факультет декандары және аға тәлімгерлері, университетіміздің белсенді студенттері қатысты. Ал бұл шараның мақсаты жастарымыздың бойында отансүйгіштік сезімді нығайту және кереғар ағымдарға қарсы тұратын бірыңғай иммунитет қалыптастыру болып табылады.

Аталмыш шарада өңіріміздегі «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-ның   «Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу» бөлімінің маманы  дінтанушы Б. Заманхан­ов сөз алып : «Бүгінде өкінішке  қарай, террорлық ұйымдар, террористік әрекетке баратын топтар «жиhад» ұғымын желеу етіп, осы сөзді жиі айту арқылы халық арасында Исламның террорға қатысы бар екен деген қате түсінік қалыптастыру үшін бар күштерін салуда. Исламға қатысы жоқ террористер: «Мен дін үшін соғысамын»,-деп өздерін алдап қана қоймай Исламды дұрыс білмейтін өзгелерді де шатастырып жатыр. Әдетте террористік ұйым­дар мен топтар ұйымдастырған жарылыстарда «жиhад» ұранын қолдану кеңінен орын алуда. Біз тек салауат­ты өмір салтын сақтай отырып, қазақ елінің баянды болуына атсалысумен жихад жасаймыз»,- деп өз ойын түйіндеді.

Біз, М.Әуезов атындағы ОҚМУ жастары, діни экстремизмге қарсылығымызды білдіре отырып, бүгінгі айтулы эстафетаны ОҚМА-ға жолдаймыз!»-деп өз ойын ортаға салды.

Форум соңында  студенттеріміз эстафетаны  Оңтүстік Қазақстан  медицина академиясының студенттеріне тапсырды. Біз Шымкент қаласында жастарды діни экстемизм мен деструктивті ағымдардың қатерінен сақтауға арналған осы іспетті шараларға белсенді студент жастарды мейлінше көптеп тартуды, өскелең ұрпақтың діни танымын көтеру жұмыстарын алдағы уақытта да  басты назарда ұстайтын боламыз.

Ербол Байқонысов,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Тәрбие ісі және жастар саясаты

 департаментінің директоры, саяси ғылымдар магистрі.

Толығырақ «Қазақстан жолы» газетінің 21.04.2018 жылғы №15 (690) санынан оқуға болады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.