Кереғар дiни ағымдардан сақтанайық!

Дәстүрлі емес діни қозғалыстар – қоғамда тарихи-мәдени тұрғыда қалыптасқан құндылықтарды, салт – дәстүрлерді танымайтын, оны жоққа шығаратын негізгі діндерден бөлініп шыққан діни ағым. Олардың шығу себебі үлкен саяси-әлеуметтік және мәдениеттің жаңаруына байланысты, әлеуметтік-саяси өзгерістермен, демографиялық қозғалыстармен және де дәстүрлі діндердің ықпалының әлсіреуімен байланыстырылады.

Дәстүрлі емес діндер белсенді миссионерлік қызметімен еркешеленеді (әсіресе жастар арасында). Жаңа көзқарастың басшылары бұл заманның «күнәһарлығын» көрсетіп, одан шығу жолдарын білетіндігін айта келіп, адамгершілік жолдары мен даналық ақылдың өкілі ретінде өздерін ұсынады.

Қазіргі дәстүрлі емес діни қозғалыстардың сенушілік маңызы бойынша діни әдет-ғұрыптары, рәсімдік іс-әрекеттері арқылы айырмашылығы болады. Олар саны жағынан өте көп.

Радикалды идеология құрығына шындап ілінгендердің – 48%-ы 26-35 жас аралығындағылар болса, 19%-ы 25 жасқа толмағандар екен. Олар еліміздің жастарын өз мақсаттарының орындалуында өте тиімді пайдаланып келеді.

Дәстүрлі емес діни ағымдардың басты мақсаты жайлы мынадай ортақ қорытынды шығаруға болады:

Біріншіден, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу. Кез келген ағымның қазақтың мұңын мұңдап, күйін күйттеу үшін келмегендігі анық. Түрлі ағымдардың жетегіне кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі бек мүмкін.

Екіншіден, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі -түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру.

Үшіншіден, мемлекеттің болашағы білім мен ғылымға,  экономика мен көреген саясатқа байланысты. Ал діни ағымдар білім мен ғылымға қарсы. Тәп-тәуір оқып жүрген студент діни ағымның жетегіне ерген бойда оқуы нашарлап, тіпті тастап кетіп жатады. Себебі, оған мемлекеттің болашағы қажет емес.

Төртіншіден, болашақ жастардың қолында деп білеміз. Олай болса, діни ағымдар біздің болашағымыз деп үміт артып отырған жастарымызды өз қатарларына тартумен келешекке қауіп төндіреді. Олардың жетегіне кеткен жастар еліміздің заңын құрметтемейді, әскерге бармайды, қолына қару алып отанын қорғамайды,  салтымыз бен мәдениетімізге атүсті қарайтын болады.

Бесіншіден, уақыт өте келе дінаралық қақтығыс тудырады. Әлем оқиғаларына көз тіккенімізде дінаралық кикілжіңдер мен қақтығыстарға куә болып жатамыз. Мысалы, соңғы уақыттарда кейбір отбасыларда әкесі бір дінді, баласы бір дінді, анасы бір дінді ұстанатын халге келдік. Алла сақтасын, осындай отбасыларда кикілжің туатын болса, әркім өз жақтастарын мәселеге араластырып, арты бітпес жанжалға ұласып кетуі мүмкін.

Алтыншыдан, қоғамды діннен, руханияттан алшақтату арқылы қоғамды дінге қарсы қояды. Діни ағымдар білгендердін жасай берер болса, болашақта қоғамды діннен, руханияттан азар да безер ететін халге жеткізеді. Қоғам діннен, имандылықтан алшақтаса, рухани азғындық басталады. Рухани азғындау-қоғамның, ұлттың іштей ыдырауына, артынан жойылуына алып баратын негізгі фактордың бірі.

Дәстүрлі емес діни ағымдар өз қатарларын толықтыру үшін жүйелі жұмыс жүргізеді. Осыған орай олар түрлі жолдарды қолданып, өздеріне ұрымтал сәттерді тиімді пайдалануды көздейді.  Ендеше дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетудің негізгі себептерін былай көрсетуге болады:

  1. Сауатсыздық.
  2. Әлеуметтік желілер­дің ықпалы (видеоролик).
  3. Дос-жарандары.
  4. Жүрген ортасы (Жұмыс орны).
  5. Күйзеліске түсу.
  6. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығы.
  7. Ата-анасының қарауынсыз қалу (Тәрбиенің жетіспеушілігі).

Дәстүрлі емес діни ағымдардан қала тұрғындардың сақтандырып, қорғауда Шымкент қаласы әкімдігінің облыстық дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығымен» тығыз байланыста атқарып келе жатқан игі істері жетерлік. Әсіресе мектептің жасөспірімдері мен Шымкент қаласында орналасқан арнаулы және жоғары оқу орындарының студент жастары арасында мазмұны терең, маңызы зор жұмыстардың атқарылып жатқаны белгілі. Шымкент қаласында бұл саладағы жұмысты дұрыс жолға қоюда қол жеткен  жетістіктердің жеткілікті екенін айрықша айта кетуге болады.

Ф.ТАЙТЕЛИЕВ,

ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы маманы

«Қазақстан жолы» газеті, №15 (690), 21.04.2018 ж.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.