Этносаралық келісім — ел тұрақтылығының кепілі

Қазақ ұлтының тағдыры тауқыметке толы болғаны тарихтан аян. Алайда, өз тағдыры қыл үстінде тұрғанда, қазақ халқы қаны бөлек, жаны жат басқаның да құрдымға кетуіне жол берген жоқ. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап, біздің көпэтносты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақты, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті  көңіл бөліп келеді.

Таяуда Шымкент қаласындағы № 94 жалпы орта мектебінде «Этносаралық келісім — ел тұрақтылығының кепілі» тақырыбында іс- шара өтті. Іс-шара барысында ұлтаралық келісімді тұрақтандыру, этносаралық татулықты сақтау мақсатында бейнежазбалар көрсетілді. Одан әрі «Татулық пен келісім мекені» тақырыбында мектеп мұғалімі баяндама оқып, көптің көңілінде жүрген сауалдарға жауап берді. Жастар жағы іс-шара барысында «Жастар және теріс ағым» атты сахналық көрініс қойып, өздерінің теріс ағымға деген кері көзқарастарын білдірді. Шарада татулық, бейбітшілік, бірлік туралы өлең-жырлар оқылып, әннен шашу шашылып, мектеп оқушыларының өз  өнерлерін  көрсетуімен  жалғасын тапты. № 94 жалпы орта мектебінің директоры Қ.Арыков кешті қорытындылап, жастардың бұл бастамасына үлкен қолдау көрсетті.

Әлемде  өзге  ұлт  өкілдерінің  мәдениеті, тілі, дәстүрі мен рухани  құндылықтарының  сақталып,  дамуына жағдай  жасап  отырған  елдер  сирек  кездеседі. Солардың бірі-Қазақстан. Елбасымыздың  сарабдал  саясаты  барлық  ұлтқа  теңдей  жағдай  жасауға  бағытталғанын,  ұлттық  этномәдени орталық­тардың  өз қызметтерін  Шымкент қаласында да сәтті  атқарып  отырғаны осының  айғағы екендігін жеткізді. Қорыта келгенде, мемлекетіміздің ұлттық саясаттағы негізгі қағидасы – барлық ұлттар мен діни топтардың бірдей құқығын сақтау, барлық конфес­сиялардың бірдей жағдайда жұмыс істеуіне жағдай жасау.

Осының арқасында осы кезеңде Қазақстанда этникалық немесе діни негізде бірде-бір саяси ереуілге жол берілген жоқ. Қазақстанның заң актілерінде ұлттық немесе діни сеніміне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берілген десек, артық емес. Тұрақтылық сақталған елге қашан да бақ қонады. Біздің тәуелсіздігіміздің қазығы да осы ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқандығы.

Т. Абуова, Шымкент қаласы №94 жалпы орта мектебінің мұғалімі

«Қазақстан жолы» газеті, №16 (691), 28.04.2018 ж.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.